Құлаққа жатталған қоңыр үндер, олар көмейіне бұлбұл ұялаған әншілер емес. Алайда, сыңғырлаған дауыстарын біздің елдің тұрғындары Астанаға әр келген сайын естиді. Сүйсіне тыңдайды. Бірі сапарлап, теміржол вокзалына барса, енді бірі аспан көгіне самғау үшін әуежайға жолы түссе, міндетті түрде бұл жандардың үндері естіледі.
Тағы бір дауыс – қалалар мен шалғайда жатқан ауыл-аймақ тұрғындары үшін де өте жақсы таныс. Өйткені, олардың қуанышты хабарын, құттықтау хаттарын бұл дауыс иесі- радиодан әуезді үнімен эфирден оқып отырады.
Яғни, олар - дикторлар. Көрінбейтін дикторлар. Қысқасы, олардың жүздері таныс болмағанмен, дараланған дауыстары - елдің құлағына жатталып та үлгерді.
Олар – үй шаруасы мен жұмысты қатар алып жүрген әдемі арулар. Бүгінгі мерекеде олардың кескін-келбеттерін көріп, жақынырақ танысуға зор мүмкіндік туды.
Үшеуі де диктор. Үшеуінің де үні «құлақтан кіріп, бойды алады». Үшеуі де қыз. Үшеуінің де бүгін мейрамы. Бірінің дауысы радиода, енді бірінікі теміржолда, басқасыныкі әуежайда әуелейді. Алманың ала алмайтын қамалы жоқ. Кішкентайынан диктор болғысы келді. Дегеніне жетті. Кездейсоқ емес. Қазір теміржолдың белді қызметкері.
Алмагүл Жұмағалиева, хабарлаушы:
Теміржол саласына келуіме анам себепкер болды. Менің аяулы анам, осы теміржол саласында 35 жыл диктор болып істеді. Анамның дауысын естігенде мен де осылай хабарласам деп армандайтынмын. Бірақ диктор боламын деп ешқашан ойламаппын.
Асыл анасының талай жыл отырған орындығына қызы келіп жайғасты. Теміржолда тапжылмай 17 жыл еңбек етіп келеді. Жұмыс, жұмыс деп те кеткен жоқ, отбасына да үлгерді. 8 наурызда 2 қыз, бір ұл сыйлаған жарына, жолдасы гүл сыйлады. Өмір берген анасына балалары ән тарту етті.
«Бұйыртса болашақта қыздарым менің орнымды басады»,- дейді Алмагүл. Теміржол ол үшін теңдессіз жол. Осы жолда өмірлік жарын да жолықтырды.
Сайлау Жұмағалиев, вокзал механигі:
Жұмыс істеп жүріп, ары-бері жүргенде дауысын естіп келіншегімнің. Дауысы да әдемі, көрейін деп отырған жұмыс орнына барып, танысқым келді. Келбеті де ұнады, содан отбасы болып кеттік.
Әсем Изатқызы, тілші:
Назар аударыңыздар, құрметті жолаушылар! В секторында Алматы қаласына дейінгі «Air Astana» әуекомпаниясының 954-ші рейсіне билеттерді тіркеу, жүктерді және қол жүктерін тіркеу басталды.
Мынадай хабарландыруды диктор қыздар күніне кем дегенде 300 рет қайталайды. 4 бұрымды мұнда кезек жұмыс істейді. Түрлері беймәлім, ал үндері халықтың құлағында жаттаулы.
Әуежайдың қыздары теміржолдан өзгерек. Өзгерек дейтініміз талабында. Мұнда қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшынды жетік меңгерген арулар жұмыс істейді. Бұл – Гауһар.
Ішкі, халықаралық рейстерді тіркейді, ұшаққа отырғызады, жоғалған заттарды хабарлап табуға тырысады. Жұмысы тым қауырт. Сұхбаттасқанда байқадық. Алдында микрофон, бірнеше телефон тұр.
Гауһар Оразбаева, хабарлаушы:
Қыз болған соң, біз тек қана бет-әлпетімізге ғана қарамай, диктор болған соң, дауысымызға да мән береміз. Дауыс ол біздің нанымыз деп айтуға болады. Яғни, менің күндегі әдетім, жұмысқа келер алдында балмен шай ішемін. Ол менің әдетім болып кеткен.
Гауһар атына сай әр ортада асыл тастай жарқырап жүреді. Білімі мен білігінің, талпынысы мен талабының арқасында әрдайым оқ бойы озық. Мектепті Алтын белгімен, университетті қызыл дипломмен тәмамдады.
Сол жылы көз өтті ме, сыз өтті, әйтеуір төрт жылға төсек тартып жатып қалды. Аяғы ауырды. Операция да жасалды. Бірақ, өжет қыз мойыған емес, қайта Гауһар қиындықта шынықты. Денсаулықтың қадірін қиналғанда шын ұқты.
Гауһар Оразбаева, хабарлаушы:
Алланың күшімен, дәрігерлер күшімен жақсы адамдар кездесті. Туғандарымның арқасында ел қатарына қосылып, ең бастысы, қайтадан екі аяғыммен жүріп кетеріме мен нық сендім. Ең бастысы сенім болды. Міндетті тұрде тұрамын, бұрынғыдай жүгіремін деген.
Мына апайдың шашы ұзын шығар. Ал мына аға мұртты болар. Бала кезінде Дария радиодан естіген дауыстарының бейнесін қиялында құрастыратын. Қияға ұшырған да сол арманы.
Қазір ол ең танымал бағдарламаларды жүргізеді. Үні миллиондаған тыңдарманға көңіл-күй сыйлап, көптің құлағында жатталып қалған. Сәбидің де, әжейдің де дауысын бұлжытпай салады. Сарқырама секілді сыңғырлаған сөздері сезім пернелерін дөп басады.
Дария Сағындыққызы, жүргізуші:
Менің ғана емес, көптеген әріптестерімнің күлкілері бар қорымызда. Радиода. радиоға үн керек. Үндердің бәрі тыңдарман үшін рөл ойнайды. Сол үшін барынша сол дауыстарды салуға тарысамыз.
Алмагүл, Гауһар, Дария. Сүйкімді, сұлу, нәзік. Үш кейіпкердің де келбетін көпшілік біле бермейді. Көзбен көрмеген, құлақпен естіген. Бейтаныс жүздер, бірақ белгілі үндер.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ