«Сәуірде сайлау өтеді» дегелі «ел басқарсам», «Президент болсам» деген үміт жетегіндегілердің жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Араларында қазіргі Мемлекет басшысын қоспағанда, биліктің биік дәлізінде жүрмегенмен, саясат сахнасында анда-санда қылаң беретін жүздері таныстар да, бұған дейінгі сайлауларда да бақ сынап, танымал болып қалғандары да, тіпті, саясат ауылынан алыстары да, «отбасыммен ақылдасып,осы президенттікке түсіп көрсем қайтеді» деп зор жігермен жүргендер де бар.
Дәл бүгінге дейін Орталық сайлау комиссиясына президенттіктен дәмелі 26 адам өтініш білдірген. «Өтініш бердім» екен деп, олардың бәрі бірдей сайлауға түсе алмайды. Заңға сәйкес шарттар бар.
Ал, барлық жағынан Конституцияға сай келетін азаматтарға қол қою парақшалары беріледі. Әр біреуі кем дегенде - тоқсан үш мың он екі қол жинауы тиіс. Мырзатай Жолдасбековтің қатаң іріктеуінен өткендер - қол жинауға кірісіп те кетті.
Ал, осы аптада Орталық сайлау комиссиясы Н.Назарбаевты Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде тіркеу және кандидаттың куәлігін беру туралы Қаулы қабылдады. Назарбаевтың кандидатурасын қолдап, 560 мыңнан астам қол жиналған.
Орталық сайлау комиссиясы. Емтихан. Үміткерлер. Бұл – мектептерде оқушылардың, жоғары оқу орындарында талапкерлердің тапсыратын жеңіл-желпі сынағы емес.
Бұл – болашақ Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына қатыса алатын үміткерлерді іріктейтін жауапты емтихан. Сол үшін талап та жоғары. Үш сынақтан сүрінбей өтсе, кезектен тыс президент сайлауына қатыса алады.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Бұл емтихан жылдан-жылға күрделеніп келеді. Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы азаматтың еліміздің Конституциялық кеңесінің түсіндірмесі бар.
Онда үміткер сауатты жазу, оқи алу мүмкіндіктерін көрсете алуы керек. Сондықтан, комиссия алдымен жазбаша шығарма, қазақ классиктерінің шығармаларын оқу және еркін тақырыпта сөз сөйлеу талаптарын қойып, шешім қабылдап отыр.
Мұндай сынақ үміткердің мемлекеттік тілді меңгерген, меңгермегенін анықтап береді. Ел тізгінін ұстайтын ер ең алдымен қазақ тілін білуі шарт. Өйткені, қай қоғамда болсын, ана тіл – халықтың ары.
Бізде Президент сайлауы бес жыл сайын өткізіліп тұрады. Ел өміріндегі елеулі оқиға Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысымен, халықтың қолдауымен биыл болады.
Саяси бәсекеге кез келген азамат қатыса алады. Ешкімнің құқығы шектелмейді. Жұмысы бары, жоғы да, күзетші, есепші, дәрігер мен мұғалімге де есік қашық, қабақ жазық. Кәсіпкерге де келме демейді. Тек мынадай талаптары бар.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Ата Заңымыздың талаптарына сай, жасы 40-қа толған, тумысынан Қазақстанның азаматы, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген азамат президенттікке үміткер болып ұсыныла алады.
Президент болуға әркімнің-ақ бар таласы. Өткен аптаны айтпағанда, бұл жұмада бір емес, бірнеше кандидат өтініш білдірді. Барлығының құжаты бірдей талап, бір Заңға бағынып қабылданды.
Аптаның алғашқы күні. Әдетте, дүйсенбіні дүйім жұрт қиын күнге балайды. Бірақ, Есенбек Үктешбаев және Уәлихан Қайсаров бұл күнді сәтті күнге санайды. Сайлау комиссиясының алдында олар үш түрлі сынақ тапсырды.
Екі беттік шығарма жазу, қазақ әдебиеті қаймақтарының туындыларынан 3 баспа бет мәтінді мәнерлеп оқу, бекітілген тақырып төңірегінде 15 минут еркін сөйлеуі шарт еді. Қорытындысы бойынша, екеуі де емтиханнан өте алмады.
Күн сейсенбі. Ол күні Орталық сайлау комиссиясына Қазақстанның Коммунистік халық партиясының атынан үміткер Тұрғын Сыздықов келді, өзін-өзі ұсынған Ержан Серғазин де жетті.
Қос азаматқа талап бір. Үш сынақ. Көкшетаудың тұрғыны Тұрғын Сыздықов сынақтан өтті, ал Серғазин мүлт кетті. Сөйтіп, үмітпен келген бұл үміткер кері қайтты.
Гүлтас Құрманбай, ҚР ОСК жанындағы лингвистикалық комиссия мүшесі:
Линвистикалық комиссия ҚР президенттігіне әлі де мемлекеттік тілді білу дәрежесі жетпейді деген шешім қабылдады.
Ақпанның 12-сі күні лингвистикалық комиссия алдында кезекті кандидат Қанат Тұрагелдиев сынақ тапсыруға барды. Президенттікке өзін-өзі ұсынған 53 жастағы үміткер - уақытша жұмыссыз.
Президенттіктен дәмесі бар ол өзін дәлелдеді. Осы күні Бахтияр Өтемісов те бағын сынап көрді. Оған үміткер ретінде тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданды. Кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдей алмаған.
Ал, кеше Қазақстан кәсіподақтарының жетекшісі Әбілғазы Құсайынов комиссия алдында емтихан тапсырды. Ол әр жылдары Экономика және сауда вице-министрі, Көлік және коммуникация министрі, Қарағанды облысының әкімі қызметтерін атқарды. «Техник-шахта салушы», «инженер-механик» және «саясаттанушы» мамандықтарын меңгерген. Әбілғазы Құсайынов сынақтан өтті.
Ал, бүгін Орталық сайлау комиссиясына барған Серік Мұқаш емтиханнан өте алмады. Уақытша жұмыссыз Айгүл Өтепова сынақ тапсыруға келмеді. Сонымен, 26 ақпанда басталған тіркеу науқаны бүгін аяқталды. Нәтиже мынадай.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
Осы сәтке дейін 26 азамат президенттікке кандидат ретінде ұсынылды. Олардың 2-ін саяси партиялар ұсынды, 24-і өзін-өзі ұсынған азаматтар. Осы 26 адамның ішіндегі 10 адамға президенттікке бас тартылды.
Осы онның 2-і жасы 40-қа толмағанына байланысты, ал 8 адам лингвистикалық комиссия сынынан өте алмауына орай тіркелмеді. 3 үміткер лингвистикалық комиссияның емтиханына келмеді және бір адам өзінің өтінішін қайтып алды.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
5 үміткер лингвистикалық комиссиядан өтіп, қол қою парақтары берілді.
Сайлау науқанында 10 мыңға тарта сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Орталық, аумақтық, учаскелігі бар. Кезектен тыс президент сайлауы сәуірдің 26-да өтеді.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ