Қазақстан 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде индустриялық-инновациялық бағдарлама түзген. Бұл біздің экономикамыздың қиын сәтте ентігіп қалмай, жедел күш алуына мүмкіндік берді.
Осы бағдарлама жүзеге асқалы елдегі ІЖӨ 30 пайызға өсіп, өндірістік секторда жұмыс істейтін адамдардың саны 2008 жылмен салыстырғанда, 120 мыңға артқан. Қайта өңдеу саласына 15,9 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылған.
Былтырдың өзінде 150 жаңа жоба жүзеге асып, 12 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал, осы жүзеге асқан жобалар күні кешеге дейін 3,9 триллион теңгенің өнімін шығарған. Сонымен қатар, индустрияландыру бойынша өткен 4 жылда 133 миллиард теңгенің өнімі экспортталған. Біз не өндіріп жатырмыз, бәсекеге қабілеті қалай?
Президенттің бастамасымен қолға алынған индустриялық-инновациялық бағдарламаның алғашқы бесжылдығы аяқталды. Нәтиже қалай? Сандар сөйлесін. Өткен 5 жылда бұған дейін елімізде өндірілмеген жаңа 400 өнім түрі шыға бастады.
Тәуелсіздік алғаннан бері экономикаға тартылған барлық шетелдік инвестицияның 70 пайызы осы бірінші бесжылдықта келген. Барлығы 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылды. 75 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, бүгінде өнеркәсіптік секторда жұмыс істейтін қазақстандықтардың саны 1 миллионнан асты.
Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артып, әрбір жұмысшы жыл сайын орташа есеппен 20 мың доллардың өнімін шығарған. Қазақстанның титаны қазірдің өзінде еуропалық Airbus авиақұрастырушы концерніне қажетті өнімнің 15 пайызын беріп келеді.
Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында машина жасау саласы 10 есеге, отандық автокөлік шығару 12 есеге, тракторлар шығару 6 есеге артса, мұнай қондырғыларын шығару 3 есе өскен. Ал, қазір біз құрылыс материалдарының 80 пайызын өзіміз шығарамыз.
Еліміздің индустрияландыру картасына енген ең ірі жобалардың бірі - Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында орналасқан - Ақтоғай кен орны. Кеңес заманында жүргізілген барлау жұмыстары барысында мұнда шамамен 5 миллион тонна мыс кені бар екені анықталған.
Кен орны жобасының жалпы құны 2,3 миллиард доллар. Қаржының 58 пайызы игерілген. Бұл жерде жұмысшылар кенті салынып, түрлі инфрақұрылымдар тартылды. Қазіргі таңда мұнда мыс өндіруге қажетті зауыттар мен фабрикалардың құрылысы қызу жүріп жатыр.
Серік Дәулетов, «Кaz Minerals» компаниясының құрылыс бойынша кураторы:
Ең үлкен мердігердің бірі Қытай NFC деген компаниясы. Ол сульфит зауытының бетон жұмыстарын, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізеді. Соның өзінде ол компанияда қазақстандық жұмысшылардың саны қазіргі таңда 60 пайызға жеткен.
Кеніш құрылысына барлығы 16 мердігер тартылған. Олардың басым бөлігі қазақстандық компаниялар. Қазір құрылыста 1 мыңға жуық адам еңбек етуде. Ал, нысан пайдалануға берілгенде мұнда 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері Қазақстанда машина жасау саласында жаңа кластер қалыптасты. Жалпы, бұл салада 283 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр, оның 70-і осы бағдарлама аясында іске қосылған.
Соның бірі, әрі бірегейі Қостанайдағы қос зауыт. «АгромашХолдинг» пен «Сарыарқа АвтоПром» қазір заманауи көліктің түр-түрін шығарып жатыр.
Бұл өрт сөндіру техникасы да Қостанайдағы автокөлік зауытының өнімі. Былтырғы жылы оның бірнеше данасы төтенше жағдайлар қызметіне сатылыпты. Мамандар отандық өнімге оң бағасын беріп отыр.
Данияр Ысқақов, Алматы облыстық ТЖД басшысының орынбасары:
Бұл автокөліктің шетелдік көліктерден еш кемшілігі жоқ. Артықшылығы болмаса. Барлық жүйесі компьютерленген. Заманауи өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.
Тұтынушылар үдесінен шыққан тағы бір көлік – «Ивеко» маркалы жолаушылар автобусы. Былтыр Астана қаласына оның 350 данасы сатылған Соның 120-сы бүгінде Елорда көшелерінде жолаушылар тасымалдап жүр. Қалғаны биыл шілде айында жеткізіледі
Тимур Жақсылықов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
Біз мұнда жасалған техниканың басым бөлігінің қазақстандық үлесі 30 пайыздан асатынын көрдік. Кейбіреуінің үлесі 40 пайыз. Ал жедел жәрдем көлігінің отандық үлесі 78 пайызға жеткен.
Отандық үлестің артуы өнім бағасының арзандауына тікелей ықпал етеді. Ал бұл нарықтағы бәскелестік жағдайында өндірістің дамуы үшін аса маңызды. Биылдың өзінде өнім құны 5 пайыз төмендеді.
Ал, 2018 жылы бұл көрсеткішті 12 пайызға жеткізу көзделген. Мұның бәрі мемлекет қолдауының арқасында мүмкін болып отыр.
Өркендеген өндіріс орындары еліміздің Батыс өңірінде де көп. Индустрияландыру картасына енгізілген өңірдегі ең ірі инвестициялық жоба, құны – 843 миллион доллар болатын ферроқорытпа зауыты.
Жаңа цехтың іске қосылуымен еліміздің жоғары көмірсутекті феррохромды экспорттау мүмкіндігі 16 пайызға артты. Қазір мұнда 4 мыңға жуық адам еңбек етеді. Соның бірі, жас маман – Серік Әбіл.
Ол жоғары оқу орнын былтыр ғана бітірген. Қазір балқытушы болып жұмыс істейді. Серік болашағын осы өндіріс орнымен байланыстырады.
Серік Әбіл, зауыт жұмысшысы:
Үлкен зауытта еңбек етіп жатқаныма қуаныштымын. Мақтан етемін. Ең бірінші кездері шамалы қиындау болды. Ағаларымның арқасында бәрін үйреніп, білдім.
Ал, өткен жылы ғана қолданысқа берілген жаңа цехқа әлемде баламасы жоқ инновациялық технологиялар енгізілген. Сонымен бірге, электр жабдықтаудың жаңа жүйелері, автоматизация мен тұрақты тоқ пештері пайдаланылады.
Нәтижесінде биыл «Қазхром» ТҰК» бойынша жоғарғы көміртекті феррохром өндірісінің көлемі 1 миллион 480 мың тоннаға жетпек.
Индустрияландырудың келесі бесжылдығында Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына қосылуы керек. Ол үшін экономиканың өсімін 6 пайыздан кемітпей, жыл сайын 30-дан 50 мыңға дейін жұмыс орындары ашылуы тиіс.
Айнұр ОМАР