Еуропада кедейшілік неліктен өзекті проблемаға айналып отыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада кедейшілік неліктен өзекті проблемаға айналып отыр?

29.03.2015
Еуропада кедейшілік неліктен өзекті проблемаға айналып отыр?

Дүниежүзілік дағдарыстың қамыты қуат-қауқары орасан деген Еуропаның желкесін қажап барады. Осы аптада Еуропа орталық банкінің төрағасы Марио Драги «евроны көптеп басып шығарайық» деп мәлімдеме жасады. Әрине, түсінуге болады.

Ақшаны шытырлатып көптен шығарып, құрлық экономикасын тығырықтан шығарамыз деген үміт қой. Бірақ, «кәрі құрлықта» мұндай идеяларды сылдыр сөз, мәнсіз мәлімдеме деп есептейтіндердің қатары көбейіп барады. Яки, үміттен күдік басым.

Олар жақында Франкфуртте антикапиталистік акция өткізіп, халық тұрмысының нашарлап бара жатқанына үлкен наразылық білдірді. Ал, Францияда жұмыссыздар саны көбейіп, көшеде тепсе темір үзер жігіттер сенделіп жүр.

Ресейде өндіріс 3 пайызға кемиді деген болжам айтылып жатыр. Йеменде басталған әскери операция болса, мұнай бағасын қымбаттата алмады. «Қара алтынның» құнын өзге бір оқиға - тіпті құлдыратуы мүмкін. Ол – Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің нәтижесі.

Еуропа елдерінде кедейшілік неліктен өзекті проблемаға айналып отыр? Таяуда Франкфуртта ауқымды шеру өтіп, онда антикапиталистер бұл сауалға өздерінше жауап берді. Олардың пікірінше, аймақ елдерінде әлеуметтік жағдайдың төмендеуіне, халық тұрмысының нашарлауына «белді бекем буу» немесе қаржыны қатаң үнемдеу саясаты кінәлі.

Еуропада мұндай саясатты соңғы жылдары  Еуропа орталық банкі, Еурокомиссия және Халықаралық валюта қоры жүргізіп отыр. Оның мақсаты – экономикасы тұралаған елдерді несие беру, бюджеттік шығындарын  қысқарту арқылы дағдарыстан шығару.

Бірақ, Грекия мен Испанияның жағдайы үнемшілдіктен әзірге оңала қойған жоқ. Сондықтан, демонстранттар осындай қиын шақта Еуропа орталық банкінің жаңа штаб-пәтерінің ашылуын үлкен мерекеге айналдыру жөнсіз деп есептейді. Ресми мәліметтерге қарағанда, биіктігі 185 метрлік ғимаратты салуға 1 миллиард 300 миллион еуро жұмсалған екен.

Мальте Фидлер, Blockupy антикапиталистк қозғалысының баспасөз хатшысы:

Біз Еуропа орталық банкінің жаңа штаб-пәтерінің ашылуын тойлауды қолдамаймыз.  Өйткені, халықты кедейлендіру саясатын мерекелеуде ешқандай мән жоқ.

Франкфуртте өткен наразылық акциясына мыңдаған адам қатысты. Олар – Еуропаның әртүрлі елдерінен жиналғандар. Полициямен қақтығысып, тәртіп сақшыларының көліктеріне от қойған манифестанттардың ойынша, еуроаймақ қазір әлеуметтік дағдарысқа тап болды. Соның нәтижесінде кедейлер көбейді.

Ал, жастардың бойында болашаққа деген сенім жоғалып  барады. Әрине, Еуропа орталық банкі қол қусырып отырған жоқ. Аймақты дағдарыстан шығару үшін  ол 2016 жылдың соңына дейін антикризистік бағдарлама қабылдады.

Оған сәйкес, триллионнан астам евро басылып, экономиканы ынталандыруға жұмсалады. Бірақ, Еуропа соңғы жылдары дағдарыспен аз күрескен жоқ. Сол күрестің нәтижесін әлі миллиондаған адам сезіне алмай отыр.

Дэниель Энтон, демонстрант:

Соңғы бірнеше жылда жүргізілген қатаң үнемдеу саясатына қарасақ, онда Еуропа орталық банкі ықпалды рөл ойнаған екен. Мұндай саясат Оңтүстік Еуропаға, дәлірек айтсақ, Испанияға, Грекияға, Италияға не берді?

Мәселен, Грекияда өзіне-өзі қол жұмсайтындар күрт көбейген. Сонымен қатар, бұл елде қоқыстан азық теріп жүргендер қаншама?!

Бұған дейін Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард мұнай бағасының түсуі мен төмен пайыздардың жақсы әсері болатындығын бірнеше рет мәлімдеген-ді.

Бірақ, оның кейінгі күндері айтқан болжамдарына қарағанда, дүниежүзілік экономиканың қалпына келу процесі тым баяу жүріп жатыр. Және де Лагардтың ойынша, әлемнің жетекші экономикалық алпауыттарының  қолға алған ақша-несие саясатында үйлесімділік жоқ.

Сондықтан,  халықаралық қаржы нарығы болашақта тұрақсыздыққа ұрынуы ғажап емес. Берлинге сапарында Халықаралық валюта қорының жетекшісі дамыған және дамушы экономикалардың  қазіргі жағдайына да сипаттама берді.

Кристин Лагард, Халықаралық валюта қорының басшысы:

Біз дамыған елдер жағдайының минималдық деңгейде жақсарып келе жатқанын және дамушы мемлекеттерде өсімнің баяулығын көріп отырмыз. Қытайдың дамуы былтырғыдай емес, Ресей экономикасын кемінде үш пайыздық құлдырау  күтіп тұр.

Әлем экономикасына қатысты бұдан да қатаң болжам айтып отырған ұйымдар бар. Солардың бірі – Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік орталығы. Оның есебіне жүгінсек, биыл экономикалық дағдарыс сәуірде басталып, 2016 жылдың наурызында аяқталады. Осы уақыт аралығында кейбір елдерде кедейлер көбейіп, энергетикалық дағдарыс болып, гиперинфляция орын алуы мүмкін.

Ал, Францияда жұмыссыздар саны күрт өсіп отыр. Елдің еңбек министрлігінің мәліметінше, өткен айда Бесінші республикада  кәсіпсіз жүрген 3,5 миллионға жуық азамат тіркелген екен. Яғни, былтырғы ақпанмен салыстырғанда, мұнда жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға артып отыр.

Францияда осы жылдың басында 20 мыңдай адам жұмысқа орналасып, жағдай тұрақтала бастаған-ды. Бірақ, экономикалық өсімнің баяулауы, еңбек нарығының жүйелі реформаланбауы – жұмыссыздық проблемасымен күреске айтарлықтай  кедергі жасап отыр.

Маршалл Джитле, Ironfx компаниясының сарапшысы:

Жұмыссыздық деңгейі 10 пайыздан асып барады. Ал, өндірістік өнім көлемі азайып отыр. Қысқасы, француз экономикасы күрделі проблемаларға тап болғандай. Соған қарамастан, мұнда реформа жүргізуге күш жұмсалып отырған жоқ.

Бейсенбі күні Сауд Арабиясы мен оның одақтастары Йемендегі шиит көтерілісшілеріне қарсы әскери операция бастағаны белгілі.  Содан кейін мұнай бағасы бірден 5 пайызға қымбаттады.

Бірақ, жұмада өткен саудада Brent маркалы «қара алтынның» бір баррелі қайта арзандап, 58 долларға сатылды. Өйткені, Араб түбегіндегі әскери жанжалдан әлем нарығына энергетикалық шикізат жеткізу қиындайды деген болжам расталмады.

Біріншіден, Йемен – ірі экспортер емес, екіншіден, танкерлер мұнайды порттарға соғыс жүріп жатқан құрлықпен емес, теңізбен жеткізе алады.

Қазір Лозаннада Иранның ядролық бағдарламасы жөнінде келіссөздер жүріп жатыр. Егер бұл  кездесу шілдеге дейін келісіммен аяқталатын болса, Тегеран санкциялардан босатылып,  мұнай сол кезде күрт арзандауы мүмкін.

Кейбір мәліметтерге қарағанда, Иран қазір 30 миллиондай бөшке отынды саудаға шығару үшін теңіз жағасындағы қоймаларда сақтап отыр. Ал, дүниежүзілік нарықта бұл шикізат онсыз да көп.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу