Тез тамақ дайындайтын өндірушілердің өз рецептерін қатаң құпияда сақтауы тегін емес. Ол былайғы жұртқа мәлім болса, фаст-фудқа құмар адамдардың қатары азаяды немесе олар мұндай тағамнан сөзсіз бас тартар еді. Президенттіке кандидат Тұрғын Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінген.
Сонымен қатар, ол Батыстың өмір сүру салты бүкіл өркениетке көлеңке түсіріп отыр деп санайды. Осы аптада Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы ұсынған кандидат Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында болды.
Фаст-фуд тағамдары ұрпақтың генотипіне кері әсерін тигізеді. «Мұнаймаш» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесуінде Президенттікке үміткер Тұрғын Сыздықов осыған баса мән берді.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Тез дайындайтын тағамдардың құрамында не бар екенін адамдар білетін болса, фаст-фудқа мүлде жоламайтын болады. Олар осыны білген соң рецепті құпия сақтайды. Мен өзімнің сайлауалды бағдарламамда бұл мәселеге арнайы тоқталамын.
Ел Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен кездесуінде есірткіге құмарлық, киноблокбастерлер, фаст-фуд осының бәрі батысқа тән індет, деді.
Үміткер батыстық кинематографты мәдениеттің тоқырауға ұшырағандығының дәлелі ретінде атады. Қоғамның дамуын тежеп, адами құндылықтардан ада еткен саланы сынады.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Жалпы, бастыстың кемшіліктерін мәдениет саласында көруге болады. Мысалы, кинемотографияны алайықшы. Ондағы барлық стандарттар зорлық-зомбылыққа, азғындыққа тәрбиелейді. Тек осының өзі ғана батыстық өркениеттің дамуына көлеңке түсіріп отыр.
Үміткер Тұрғын Сыздықов Солтүстік Қазақстан облысындағы сайлауалды штабының өкілдерімен де кездесті. Қазіргі таңда штаб жүктелген міндеттерді атқаруға кіріскен.
Сергей Мартемьянов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Ы.Сыздықовтың СҚО-дағы аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі:
Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын халыққа таныстыру жұмысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Бұл бағытта бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнаттық. Нақты жұмыс жоспары бекітілген. Ол бойынша кездесулер өткізіп, іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Бұл науқанға сенімді өкілдер жұмылдырылған.
Ал, Қостанайдағы «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының ұжымымен кездесуінде кандидат Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының қызметі ғылыми социализм идеяларына, маркстік-лениндік ілімге негізделген, деді.
Үміткер өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарын таныстыра келе, марксизм-ленинизм – үндес әрі ғылыми дәйектелген тұжырым екенін айтты. Сонымен қатар, Тұрғын Сыздықов коммунизмнің философиялық негізіне айналған марксизм – тарихи дамудың барлық сатыларынан өтті және өзінің өміршеңдігін дәлелдегенін жеткізді.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Алға қойған мақсаттарға жету үшін марксизм-ленинизмді және Қазақстан Коммунистік Халықтық партиясының шарттары мен оның қызметін насихаттау қажет.
Үміткер Тұрғын Сыздықов «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасының ұжымына өзінің сайлауалды тұғырнамасындағы маңызды бағыттардың бірі – батыстың келеңсіз мәдениеті мен құндылықтарына тосқауыл қою мәселесіне тоқталды.
«Батыстың кемшін тұсы», - деді ол, «әсіресе, мәдениет саласында анық байқалады. Оңай олжа табу үшін барын салатын олар шынайы өнердің дамуына өзіндік үлестерін қосуға қабілетсіз».
Бұл тақырып төңірегінде Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов «Большевичка» тігін фабрикасының ұжымына да әңгімеледі. Кино батыста негізгі өнер түріне айналды, - деді ол, - ал оның мазмұны қоғам өміріне әсер ете бастады.
Бұл фильмдердің мән-мағынасы батыстық қоғамды шыңырау түбіне сүйрелеп, қарапайым адами құндылықтардың қадір-қасиетін кетіргенін айтқан Тұрғын Сыздықов, кинематография зорлық – зомбылыққа итермелейді, деп түйді.
Кандидат сайлауалды тұғырнамасы батыстық жалған мәдениеттің құндылықтарын қабылдамауға негізделгенін айтты.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Мен бүгін «Большевичка» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездестім. Өз бағдарламамды түсіндірдім, кездесу жақсы өткен сияқты.
Сондай-ақ, Тұрғын Сыздықов өзінің сайлауалды бағдарламасының маңызды тұстары туралы партиялас әріптестерімен әңгімелесті. Қостанайдағы аймақтық сайлауалды штабында өткен жиында кандидат батыстық қоғамды коммунистер ғана емес, ірі саясаткерлер мен ғалымдар да әділетсіз деп есептейтінін алға тартты.
Есмағзам Майканов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың сенімді өкілі:
Кандидатымыздың бағдарламасында айтылады, ол батыстың мәдениетінен жиренетін тұстарды көрсетеді. Соны бізге халыққа жеткізу міндет.
Ел Президенттігіне үміткер Тұрғын Сыздықов келесі аптада да бірқатар өңірлерді аралауды жоспарлап отыр.
Дархан ӘБДУАХИТ