Елбасы ұсынған бес институционалды реформа – ел дамуының кепілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы ұсынған бес институционалды реформа – ел дамуының кепілі

12.04.2015
Елбасы ұсынған бес институционалды реформа – ел дамуының кепілі

Президенттікке кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы осы аптада Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында болды. Ауқымды шаралар өткізді, тұрмысы берекеден өрілген тұтас елді Елбасын қолдауға шақырды.

Елбасы ұсынған бес институционалды реформа – ел дамуының кепілі.  Алматы облысының тұрғындары Мемлекет басшысының жаңа міндеттері жаңа жетістіктерге жетелейтіндігіне сенімді.

Облыстың даму қарқынын сөз еткенде, алдымен жыл сайын артып жатқан халық санын айта кеткен жөн болар. Үлкені бар, кішісі бар, бас-аяғы 2 миллион адам. Жетісулықтар бірнеше мың адамның басын қосқан  форумда   саясатымыздың тұрақты экономикамыздың қуатты болуы үшін  Ұлт көшбасшысына дауыс беретіндіктерін жеткізді.

Ілескен Әлбатырұлы, Қызылағаш ауылының тұрғыны:

Осыдан бірнеше жыл бұрын қызылағаштықтар үлкен нәубетті бастан кешірді. Бірақ, сол қайғылы күндерде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ауыл тұрғындарымен бірге болып, бүгінгі күнге жеткізді. Сондықтан, ағайынды Елбасыны қолдап, дауыс беруге шақырамын.

Түйе тізген керуеннің орнына заманауи транспорттық инфрақұрылым. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин арасындағы келісім нәтижесінде Қазақстан мен Қытай Ұлы Жібек жолын қайта жандандыруды қолға алды. Елбасы тапсырмасымен өңірде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы  экономикалық аймақ құрылды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Президенттігіне үміткер Н. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі:

Елбасымыз ұсынған ғажайып жобалардың арқасында дәл осы порт қасиетті қазақ жерін, шығысында - Тынық мұхитқа, батысында - Батыс Еуропа арқылы Атлант мұхитына, теміржол арқылы - Маңғыстау, Иран, Парсы шығанағы, араб теңізі арқылы Үнді мұхитына жалғайтын болады.

Осылайша, қазақ жерінің бабаларымыз армандаған қасиетті жобалары дәл осы арадан басталады. Нағыз «Нұрлы жол»  деген осы болады, ағайын!

Бұдан кейін үгіт-насихат керуені Жамбыл облысына жол тартты.  Штаб мүшелерімен жүздескен  жергілікті жұрт  Елбасымен дамудың даңғыл жолындағы  жаңа белестерді бағындырамыз, деді.

Бүтіндей аймақтың ахуалына тоқталсақ, жаңа бесжылдық аясында құны  500 миллиард  теңге болатын  26 кәсіпорынның құрылысы қарқын алмақ.

Болатхан Көптілеуов, «Қазфосфат» ЖШС инженері:

Абайды Абай еткен Құнанбай, ал атын шығарған – Мұхтар Әуезов. Қазақстанды Қазақстан еткен, бүкіл әлемге танытқан ол – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Бұл – киелі Түркістан жері. Еліміздің рухани орталығы. Тарихи жәдігерлермен  жер жаһанға танылған көне шаһар тұрғындары Елбасының  осы  өлкеге жасап отырған қамқорлығына разы.

Меруерт Дүйсенбекова, ұстаз:

Біз Елбасының қамқорлығын айрықша сезініп отырмыз. Бүкіл түркістандық мұғалімдер Елбасыға дауыс береміз және Елбасының жасап жатқан игілікті істерін қолдаймыз.

Назарбаевтың кандидатурасын қолдауға  Шымкент  шаһарының тұрғындары да тас түйін дайын. Өңірдің бүгінгі беталысы көпке үлгі. Мемлекеттік үдемелі индустриалды бағдарлама аймақтың әлеуетін әлдендіруде.

Тұтас бір өндірістік орталыққа айналған арнайы индустриалдық аймақта, бүгіннің өзінде 74  миллиард теңгенің алпыстан астам өндірістік жобасы іске асып жатыр.

Мадияр Маралов, индустриалды аймақтың қызметкері:

Индустриалды аймақ біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Индустриалды аймақтың арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылып жатыр, отбасылардың әлеуметтік жағдайы жақсарып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысының экономикасы күннен күнге артып келе жатыр.

Бұл бөгет 2005  жылы Назарбаевтың  тікелей тапсырмасы бойынша тұрғызылған. Ол Арал теңізінің тартылуына жол бермеді. Мемлекет басшысының осы бір ауқымды жобасы толық бір аймақтың гүлденуіне себеп болды. Бұл Елбасының Сыр өңіріне жасаған игі істерінің бірі ғана.   

Нұрлыбек Мыңжас, қоғамтанушы:

Елбасының саясатының нәтижесінде қазір Арал теңізінің бір бөлігі құтқарылып, облыста балық кластері дамып  жатыр. Газ желісі тартылып,  халық рахатын көріп отыр. Мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің жемісі.

Президенттікке  кандидат Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы  еліміз бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырады.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу