Жеңістің 70 жылдығы елдің түкпір-түкпірінде аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеңістің 70 жылдығы елдің түкпір-түкпірінде аталып өтті

10.05.2015
Жеңістің 70 жылдығы елдің түкпір-түкпірінде аталып өтті

Сонау ашаршылықтың өзінде 4 миллион қазақ қынадай қырылды, 1,5 миллиондай қандас шетел асты. Сол зор зобалаңнан аман қалған 2,5 миллион қазақ 1941-де тағы қиналды, соғысқа жиналды.

Мылтық ұстап көрмеген бозбалалар қалай ату керек, гранатаны қалай лақтыру қажеттігін білместен, қанды қасапқа айдалды да жіберді. Түрлі деректерге қарағанда, 600 мың адам майдан даласынан қайтпаған. Жас болып ойнап-күлместен өзге топырақта өлім құшты.

Биыл аталарымыздың жаһанға уын шашқан фашизмді талқандап, күллі адамзатты озбырлықтан аман сақтап қалған күнге де 70 жыл. Бұл – миллиондар жан берген, миллиондардың қаны, тері, жасы төгілген сұмдық соғыстың тоқтаған күні.

Бұл – қатарлары сиреген ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің, әкенің аялы алақанын көре алмаған жетімдердің, жарларын құшып бақытты өмір сүре алмаған жесірлердің, әкелерін майданнан күткен балалардың мерекесі.

Нұрқасым Әшаев, соғыс ардагері:

Қайнар ауылынан 47 азамат аттандық. Сол майданға кеткен 47 адамның ішінен үш-ақ адам тірі қалдық.

«Бұл Жеңіс бізге арзанға түскен жоқ». Батыр Бауыржаннан қалған сөз. Расында, сұм соғыс бірін бауыр еті баласынан, енді бірін жан жарынан, басқасын ағасынан, өзгесін інісінен айырды.

Жеңіске – 70 жыл. Егемен елдің Елордасы. Елбасымен кездесіп, тағдырластарымен жолығуға тағатсыздана жиналған ардагерлер қуанып та тұр, қобалжып та тұр.

Қуанады, себебі ұрпағы – әскери әнді бейбіт күннің Әнұранына ауыстырды. Қобалжитыны – соғыс салған жараның орны әлі күнге сыздайды. Тән емес-ау, сол жан жарасы ғой. Дәстүрдегідей Отанын қорғап опат болған оғландарды, ел бір минут үнсіздікпен еске алды.

Мемлекет басшысы Отан қорғаушылар монументіне гүл шоқтарын қойды. Сосын Жеңіс күнімен құтты болсын айтты да, «Ардагерлерге құрмет көрсетіп, қамқор болу – біздің парызымыз»,- деді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз – жеңген бабалардың ұлдарымыз. Сол бабаларымыздың, әкелеріміздің, аталарымыздың арқасында мінекей 70 жыл бойы бейбіт өмір сүріп келе жатырмыз. Ешқашан оны ұмытпау керек. Егер де біздің бабаларымыз жеңбесе сол соғыста, халқымыз қалай болар еді? Қазақстан бүгінгідей болар ме еді болмас пе еді? Барлық қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтап, әсіресе ардагерлерге зор денсаулық тілеп, біздің жастарға өнегесін өнерін көрсетіп жүре берсін, деп тілек білдіремін!

«Неменеге жетістің бала батыр, қариялар азайып бара жатыр». Ақиық Мұқағалидың айтқаны бұл. Иә, сұрапыл соғысты көзімен көрген көнекөздер арамызда аз-ақ қалды. Астанада 1418 күн мен түн толарсақтан қан кешіп, өлім мен өмірдің тайталасын көрген тарландарға тарту-таралғы жасалды. Зұлмат жылдарды еске алды.  

Жапас Кашеков, соғыс ардагері:

Сендердің алақанға салып, аялағандарыңа рахмет айтамын. Жастар аман болсын. Елім деп, жерім деп еңбек етіп жүрген азаматтар аман болсын.

Астанада ғана емес, Жеңістің жетпіс жылдығы әр өңірде ұлықталды. Алматыда  «Өлмес полк» маршы өтіп, соғыс ардагерлері қан майданда қаза тапқан қаруластарына тағзым етті.

Ал, соғыстан аман келген бабалар 9 мамырда мерейлі болды. Алматыда тұратын 24 мың соғыс және тыл ардагері шинель орнына ақ шапан киді, қару орнына орден-медаль тағынды.

Дәрмен Кенжебаев, соғыс ардагері:

Әр уақытта халқымыздың ынтымақ-бірлігі болсын. Келешек жастар ғылым-біліммен айналысып, бақытты болсын.

Бұрымын бөрiк iшiне жасырып, жауға шапқан батыр қыздың ерлігі ел есінде. Өшпес руһтың ерен үлгісін көрсеткен 500-ге жуық адамға Кеңес одағының батыры атағы берілді. Соның бірі – Әлия Молдағұлова еді.

Ол небәрі 19 жыл өмір сүрді. От пен оққа толы болған сол 19 жылды ел ұмытпайды, ұлықтайды. Ақтөбеліктер ескерткішке келіп, тағзым етті.     

Амангелді Айталы, қоғам қайраткері:

Бұл Жеңісті біздің халық қастерлейді, сыйлайды. Себебі, бұл қымбатқа түскен Жеңіс. Қазақстан қай жағынан да Жеңіске үлкен үлес қосты. Біздің ұрпақ мақтанады, мақтануға да тиісті.

Жеңісті ұлықтаудан Шығыс Қазақстан шет қалмады. Елден ерек соғыс жылдарында пайдаланған әскери техниканың көрмесін өткізді. Сол кездің жойқын қаруы саналған «Катюша» зеңбірегі, ГАЗ-67 автокөлігі, танктер және басқа да техника түрлері ұсынылды.

Мейіржан Сағидоллаев, оқушы:

Бұл Жеңісті біз ардақтауымыз керек және барша қазақстандықтар осындай бейбіт өмірде, ашық аспан астында өмір сүріп жатқанымыз үшін ардагерлерімізге рахмет айтуымыз керек.

Жеңіс күні Қостанайда жаңбыр жауды. Біреулер мұны соғыстың кесірінен бауыр еті баласынан айырылған ананың, жолдасынан көз жазған жардың көз жасы десті. Ал кейбіреуі жақсылыққа жорып, бейбіт елдің аспанынан төгілген нұрға теңеді. Мерекені тойлауға мыңдаған адам жиналып, орталық алаңда соғысты бейнелейтін театрландырылған көріністер қойды, патриоттық әндер де ұмыт қалмады.  

Қабден Ыбырайұлы, соғыс ардагері:

Менің тілегім, жастар біздің көрген бейнетімізді көрмесін. Енді соғыс болмасын. 70 жыл тыныштықта өмір сүріп жатырмыз. Алдағы уақытта да тыныштық берсін. Еліміз аман болсын.

Көкшетауда да Жеңіс күні кең көлемде аталды. Жеңіс күніне орай қала тұрғындары соғысқа қатысқан сарбаздардың фотосуреттерін ұстап, көше бойымен жүріп өтті.

Асылбек Дәулетов, соғыс ардагері:

Бұл күні қуаныш, былайшы айтқанда, қуанатын болса, екінші біреулердің көзіне жас келеді. Жастық шақты, өткенді, қайғыны есіне алады. Жеңіс көзге жас алып келеді. Сондықтан, мұндай соғыс болмасын.

«Желбіре күн астында – Жеңіс туы!». Павлодарда өткен мереке осылай аталды. Алдымен, соғыс құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын өтті. Майданға осы өңірден 46 мың адам аттанған. Жеңімпаздар ұрпағы бүгін орталық алаңда шеру тартты.

Геннадий Малыгин, соғыс ардагері:

Маған Қиыр Шығыста Жапон самурайларымен де соғысуға тура келді. Маньчжурияны, Солтүстік Кореяны, Пхеньянды басқыншылардан азат еттік. Жантүршігерлік қырғын, деп фашистермен болған соғысты айту керек.

Ұранды ердің – ұрпағы қайсар. Ескіден қалған есті сөзді атыраулық ағайын жиі айтады. Жұрт Жеңіс күні «Жеңіс» саябағына жиналып, мәңгі алауға гүл шоқтарын қойды. Сосын  II Дүниежүзілік соғыс кезінде Атырау облысынан майдан даласына аттанып, оралмаған сарбаздардың аты-жөні  жазылған стелла ашылды.  

Анна Захарова, соғыс ардагері:

Соғыс аяқталғанда, мен үйіме II-ші топтағы мүгедек болып оралдым. Орнымнан тұра алмай, денсаулығым нашарлады. Бірақ, жерлестерім жұмыла көмек көрсетті. Сөйтіп, олардың арқасында аяғыма тұрдым. Айтайын дегенім, сол бірліктің арқасында, бір-бірімізге деген жақсылықтың арқасында жеңіске жеттік, елімізді  гүлдендірдік.

Жеңіс күнінде Жамбыл облысының орталығында II Дүниежүзілік соғыста  қаза тапқан  жауынгерлерге арналған «Мәңгілік алау» ескерткіші ашылды. Шаһар тұрғындары майдан даласында шейіт болғандардың руһына тағзым етті.

Талдықорған да мерейлі мезеттен тыс қалмақ емес. Жеңіс күнін мерекелеуді даңқ ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен бастады. Ал, Орталық алаңда өнерпаздар соғыстың басталған сәтінен Жеңістің туы желбіреген күнге дейінгі аралықты театрландырылған қойылымда бейнеледі. Қариялар құрметіне ат жарысы ұйымдастырылды.

9 мамыр күнтізбеде қызылмен белгіленіп тұрғанымен, оның қаралы көлеңкесі бар. Өйткені, Қазақстаннан соғысқа аттанған 1 миллион  200 мың адамның жартысына жуығы майдан даласынан қайтпай қалды. Олар қасықтай қанын пида етті. Бәрі де Жеңіс үшін! Бүгінгі бейбіт күн үшін! Сіз бен біз үшін!

Пернебек Жұмашев, соғыс ардагері:

Мемлекетіміз соғыс ардагерлеріне, халыққа жақсы жәрдем беріп жатыр. Ол ненің белгісі? Барлығы бейбіишіліктің арқасы. Әр уақытта бейбітшілік болсын. Біздің көрген қиыншылықты жастар көрмесін. Жастар тек Отан үшін еңбек ететін болсын.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу