Ресейдің Волгоград облысының Палласовка ауданында Эльтон дейтін ауыл бар. Бұл Эльтон – Оралдың Жәнібек ауданына тиіп тұр, емдік шипасы мол тұзды көлімен танымал мекен. Мұндағы тұрғындардың 70 пайызы – қазақтар.
Осы Эльтонда Смағұл Монтаев есімді азамат тұрады. Міне, өзге топырақта туғанмен, өз ұлтын жүрегімен сүйетін азаматтардың бірі – осы Смағұл. Нағыз ұлт жанашыры десек жарасады. Ол көктем туып, күн жылынысымен, жылда ауласына екі бірдей киіз үйін тігеді.
Жай киіз үй емес. Іші-сырты қазақтың дәстүр-ғұрпынан сыр шертер нағыз музей. Смағұл Монтаевтың ата-бабалары отызыншы жылдардағы зобалаң кезінде сонау Мәскеу барған. Әкесі соғысқа қатысып, кейін елге жақындап, осы аумаққа тұрақтаған.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Ресейде туып, Ресейде өскен Смағұл Монтаев Эльтон ауылындағы ең танымал қазақ. Байқасаңыз, тұратын үйінің сыртқы келбеті де ешкімге ұқсамайды. Іші тіпті бөлек әлем.
Смағұл секілді ауласында үш бірдей музейі бар жан жоқ шығар, жаһанда. Сондықтан, әлемнің әр елінен келетін саяхатшылар ең алдымен, осы Смағұл Монтаевты іздеп келеді.
Біз барғанда қандас ағамыз киіз үйлерін құрып болған екен. Өйткені, әлемге тұзды көлімен әйгілі Эльтонға саяхатшылардың ағылатын уақыты да жақындады. Музей шетелдіктерге қазақтың салт-дәстүрін таныстыруға әзір.
Смағұл Монтаевтың киіз үйден музей ашқанына биыл 13-ші жыл. Волгоград мэрінің өзі келіп, батасын беріп кетіпті. Киіз үйде қазақтың ежелгі тұрмысынан бергі қолданған заттарының бәрі бар.
Смағұл Монтаев, РФ, Эльтон ауылының тұрғыны:
Саяхатшылар келгенде бесіктегі шүмекті түсінбей, «мынау ысқырғыш па?» деп сұрайды. Сосын мен «Бұл – тазалықтың белгісі. Памперсіңізден он есе артық. Сәбидің жамбасы құрғақ жатады», деп түсіндіремін. Олар таңғалады.
Киіз үйде бүгінге дейін жаһанның 26 елінен саяхатшы болыпты. «Келгендер қонақүйге бармай, таза ауада, шаңыраққа қарап жатып, тырайып ұйықтап кетеді», дейді қандасымыз. Өзі Эльтонда талай жыл еңбек пәнінің мұғалімі болған. Сондықтан, музей ішіндегі туындылар өзінің еңбегі.
Мұнан соң, саяхатшыларды екінші киіз үй күтеді. Онда қазақы дәстүрмен ет табақ тартылады. Қымыз бен бауырсақ ұсынылады. Этнотуризмді дамытушы Эльтондағы қазақтың біздегі жаңалыққа қашанда құлағы түрік.
Смағұл Монтаев, РФ, Эльтон ауылының тұрғыны:
Осы сәтті пайдаланып, Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтаймыз. Шеттегі қазақтар ол кісіге қашанда тілекшіміз. Нұрсұлтан ағаға Жамбылдың жасын берсін!
Біздің қандас қос мемлекеттің достығын жоғары бағалайды. Мынау ауласындағы орыс музейі. Орта ғасырлық ертегілерде суреттелетін орыс шаруасының үйіне кіргендей боласыз. Әдемі көрініс.
Ауласындағы тағы бір музей соғыс тақырыбына арналған. Ескі патефон, жауынгерлердің хаттары, әскери кереует. Жеңіс күнгі газет. Үш музейдің де кемі жоқ.
Смағұл Монтаев, РФ, Эльтон ауылының тұрғыны:
Басында осы музейді ашқанда, тұрғындар «осының не керегі бар, одан да дүкен ашпайсың ба?», деді. Мен олай істей алмадым. «Осындағы қазақ балалары, келетін шетелдіктер ұлттық тарихымызды танысын», деп жаныммен мақсат қойдым. Оларға әркез мына өлеңді оқып беремін.
Қандасымыз бізбен қимай қоштасты. Елге дұғай сәлем айтты. Айтты да, саяхатшыларды күтудің қамына кірісіп кетті. 20 адам Смағұлдың музейіне 1 ай бұрын жазылып қойған. Әрқайсысы 800 рубльден төлейді. Бізше 3 мың теңгеден.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ