Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңес отырыс өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңес отырыс өткізді

24.05.2015
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңес отырыс өткізді

Жемқорлықтың тамырын үземіз деп ұрандатып, қандай жуан бағдарлама, тың тәсілдер ойлап тапқанмен арын ақшаға сататындар азаймай тұр. Оңай олжаға құмарлар көбіне, әкімдік қызметкерлері.

Елдегі соңғы 4 жылдағы жемқорлықтың тең жартысы соларға тиесілі. Коррупция әсіресе, жер қатынастары мен мемлекеттік сатып алулар саласында өршіп тұр. Қаржы полициясы өткен тоғыз айда 438 жемқорлық фактісін әшкерелеген.

Ішкі істер министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі де былыққа батып тұр. Мәселен, 2012-2014 жылдарда 2 мың 218 жемқорлық дерегі тіркелген. Бұл 2011 жылға қарағанда, 200 қылмысқа көбейген.

Кеден саласында 2011 жылы 23 жемқорлық дерегі тіркелсе, 2013 жылы екі есеге өсіп, 44-ке жеткен. Осы аптада «Нұр Отан»  партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңес отырыс өткізді.

Онда Мемлекет басшысының 5 реформасында жіті жіктелген жемқорлық жайы сөз болды.  «Дерт» асқынып барады. Сондықтан, бас партия тығырықтан шығудың жолын іздейді. Алда 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру шеңберінде 56 жаңа қызмет  электрондық үлгіге көшіріледі.  

Қайырбек Сүлейменов, «Нұр Отан» партиясы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық Кеңестің төрағасы:

Республикалық қоғамдық кеңес жұмысындағы жүйелі тәсіл, біздің еліміздегі барлық мемлекеттік аппараттың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі туралы белгілі бір материалдарды жинауға мүмкіндік берді және біз оны пайдаланғанды жөн көрдік.

Таяуда қабылданған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия мен «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы он жылға бағытталған.

Осы құжатпен жұмыс істеу барысында біз тек оң тәжірибелерді ғана елемей, 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салалық бағдарламасын іске асыруда анықталған кемшіліктерді де ескеруге тиіспіз.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу