Мемлекет басшысы АЭФ- ке келген әлемдік саясаткерлермен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы АЭФ- ке келген әлемдік саясаткерлермен кездесті

24.05.2015
Мемлекет басшысы АЭФ- ке келген әлемдік саясаткерлермен кездесті

Осы Астана экономикалық форумына Доминго Кавалло секілді жаһандық деңгейде ойлап, жаһандық ауқымда сөйлейтін дуалы ауыздардың келмегені кемде-кем. Есімдері елеулі экономистерден тартып, сөзіне ел тоқтаған үкімет жетекшілер де болды. Солардың біразы осы форум шеңберінде Қазақ Президентімен кездесті.

Алғашқысы – Люксембург Премьер-министрі Ксавье Беттель. Екі елдің ынтымағы. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас. Еуропа одағына Люксембургтің алдағы төрағалығы. Барлығы сөз болды.

Тағы бір мәртебелі мейман Литва Премьер-министрі  Альгирдас Буткявичюс. Кездесуде екіжақты, басы бүтін сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастық мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы форум аяқталар күні Нобель сыйлығының лауреаттарымен, халықаралық ұйымдар мен даму институттарының басшыларымен де кездесті. Жиында инфрақұрылымдық және индустриялық-инновациялық даму үшін Қазақстанда қабылданған  шаралар талқыланды.

Соңынан біздің Президент форумға қатысқандары үшін қадірменді қонақтарға алғыс білдірді. Осы форум аясында Елбасы «Қазкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марк Хольцманды, Басқарма төрағасы Мағжан Әуезовті және Директорлар кеңесінің мүшесі Кеңес Рақышевты қабылдады.

Талқыланған мәселелер – елдің банк жүйесін одан әрі дамыту, шағын және орта бизнеске «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолдау көрсету.

Осы аптадағы тағы бір ресми кездесу Ақордада өтті. Елбасы «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясының президентін де қабылдады.

Асқар Мәмин «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірқатар жобалардың мысалы, Ақтау теңіз портын кеңейтуге мүмкіндік беретін үш жаңа жүк терминалы мен Боржақты – Ерсай теміржол желісінің құрылысы жүріп жатқанын айтты. А.Мәмин соңынан бірқатар тапсырма алып шықты.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу