Форум – диалог. Үлкен форум, ауқымды алаң, кешенді диалог. Астана экономикалық форумын былай да тәпсірлеуге болады: экономика мен ғылым, бизнес пен саясаттың емін-еркін пікір алмасуы. Өйткені, бұл алаңда айтылған ой-пікірлер бір арнаға тоғысып, құжат болып түзіледі.
Негізінен ұсыным түрінде. Анықтамалық сипаты тағы бар. Бұған дейін Астана дәл осы форумның жетеуін өткізді. Қазақстан Президенті бастамашы болған алқалы кеңес алғаш рет 2008 жылы басталды.
Астана экономикалық форумы аясында «Invest In Kazakhstan» форумы да өтті. Көлеңкедегі елеусіз жиын емес, еліміздің инвестициялық климаты мен шетелдіктерді ынталандыратын жаңа пакеттер таныстырылды. Мақсат – индустрия мен инновацияға тікелей қаржы тарту.
Бірнеше секцияға бөлініп экономистер мен ғалымдар, сарапшылар һәм саясаткерлер әлем экономикасының бағытын, қазақ экономикасының қауқарын талқылады. Рас, соңғы геосаяси тартыстар саясат, экономика, қаржы деген ұғымдардың бір мәнде, бір тектес екенін анық аңғартты.
Санкция, кризис, эмбарго, инфляция деген ұғымдар бүгінде біздің саясаткерлердің аузынан жиі естіледі. Әлемнің экономикалық құрылымында үлкен өзгерістер аңғарылады. Яғни, Астана экономикалық форумы дәл осындай кезеңге дөп келді. Қандай ойлар айтылды, кім не деді?
Биыл 8-ші рет аузы дуалы экономистер мен айтулы саясаткерлердің басын қосқан ауқымды жиын бұрынғы бес бағытынан жаңылмады. Мәртебелі қонақтар мән бермеген мәселелер аз емес. Бірінші күннің еншісіне тиген тақырыптардың бірі - Ұлы Жібек жолын жаңғыртуға арналды.
Жыл аяғына 2 мың 800 шақырымға созылып жатқан «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысы аяқталады. Елбасы екшеп, қазығын мықтап қаққан бұл магистраль Шығыс пен Батысты етене қабыстырады.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы алдағы жылдары ұлттық экономиканы дамытуға серпін береді. Бағдарламаны іске асыру үшін 3 жыл қатарынан Ұлттық қордан 3 миллиард доллар бөлінеді.
Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдары қаржыландырады. Осылайша, бағдарламаны іске асыру үшін жалпы қоры 20 миллиард АҚШ доллары жұмсалады.
Сонымен бірге, біз Еуразиялық құрлықтағы ықпалдастықтың дамуына мүдделіміз. «Жібек жолы» тарихи тұрғыда Шығыс пен Батыстың экономикалық негізі болған.
Келер он жылдың ішінде Қытай мен Жібек жолы бойында орналасқан елдердің сауда айналымы 2,3 триллион долларға жетпек. Сондықтан, бұған басты тірек болар жобаларды іске асыру үшін 2 қаржылық ұйым құрылды.
Бірі – Азия даму банкінің инвестиция жөніндегі ұйымына Қазақстан тең құрылтайшы болса, екінші қаржылық ұйым, яғни, Ұлы Жібек жолы қорын құруға Қытай елі қолдау білдірді.
Ванг Янджи, «Ұлы Жібек жолы» қорының президенті:
«Ұлы Жібек жолы» қоры аймақтағы экономикалық, қаржы және әлеуметтік маңызы бар нарыққа қажетті жобаларға инвестиция салу мақсатында құрылды. Біз бұл жұмысқа былтыр желтоқсан айында кірістік.
Сәуір айында Пәкстандағы гидроэнергияны дамытуға бағытталған алғашқы жобаны қаржыландырдық. Болашақта Қазақстанмен экономика, қаржы мен өндіріс салаларында байланыс орнатып, тиімді жобаларға инвестиция құюға ниеттіміз.
Әсіресе, инфрақұрылымдық жобаларға мән беріп отырмыз. Біздің қордың қаржылық қоры 40 миллиард доллар болмақ.
Жаһан тынышсыз, экономика тұрақсыз. Ал, өсуді қамтамасыз ету үшін экономиканы өрге сүйреу керек. Қазақ Үкіметі бұл әлемдік экономиканың күрделі ахуалын алдын ала ескеріп, жұмыссыздық деңгейін біршама төмендетті.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
2007 жылы Қазақстанда «Жұмыспен қамту жол картасы» қабылданып, ол дағдарыс кезінде халықтың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз етті. Сол кезде елімізде жұмыссыздар саны 1 миллион адамға жетеді деп болжанған еді. Алайда, Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет тарапынан қабылданған шаралар бұған жол бермеуге мүмкіндіктерді ашты.
Естеріңізде болса, сол уақыттағы дағдарыс кезінде көптеген елдерде ірі кәсіпорындар жабылып, мыңдаған адамдар жұмыссыз қалып жатты. Қазақстанда мұндайға жол берілмеді. Қазіргі кезде де жұмыс орындарын сақтау мен бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында «Жол картасы» маңызды рөл атқаруда.
Қаржылық дағдарыстан Батыс елдері еңсесін әлі күнге дейін тіктей алмай отыр. Ал, Қазақстан мұндай дағдарыс сындарынан талай өтті. Алдағы қиындықтарға да қазір әзір екендіктерін көрсетті.
Елбасының елге үкілеп үндеген 5 институционалды реформасы, оны іске асыруға бағытталған 100 қадам алдағы дағдарысқа жауап қана емес, бейбіт мемлекеттің одан әрі дамуына соны серпін береді. Саясаткерлер солай, дейді.
Анисет Габриэль Кочофа, Бенин Республикасының Ресейдегі елшісі:
Қазақстан – соңғы бірнеше жылдың ішінде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрған, қауіпсіздіктің кепілі ретінде әлемді мойындатты. Барлық сала бойынша, экономика, әлеуметтік дамуда бүкіл елге үлгі бола білді.
Қысқа мерзімде бұған қол жеткізуге мүмкіндік берген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты. Ол – тәжірибесі мол саяси тұлға.
Президенттің 5 реформасы, межеге жетуді көздеген 100 қадам - Қазақстан халқы үшін өте маңызды. Мұндай нақты тапсырмалар тек Африка халқына емес, күллі әлем жұрты үшін үлгі болады, деп сенемін.
100 нақты қадам бұл Қазақстанның жаһандық және ішкі сын-қатерлерге берер жауабы. Мемлекет басшысы ұсынған 5 институционалдық реформаның мақсаты айқын.
Рекс Фэйсер, «Бригам Янг» университетінің профессоры (АҚШ):
Президент Назарбаев мырза әрдайым алысты болжайтын көреген саясаткер ретінде әлемге танылды. Оның реформалары өзге елдерге үлгі. Қазір қолға алынып жатқан қадамдар Президенттеріңіздің дана басшы, саналы саясаткер екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін жоба боларына сенімдімін.
Станислав Могилевский, Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры:
Мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою бағытында Қазақстан тарапы белсенді жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасымен оқуын бітіріп келген жастарды ауқымды салаға тарту ісі өте құптарлық.
Себебі, күні кеше Президент Назарбаев ұсынған 5 институционалдық реформаны іске асыруда 100 нақты қадамның 15-і осы мемлекеттік қызметке арналуы тегін емес.
Қазақстан өзін саяси тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан ел ретінде танытты. Ондай елге инвесторлар қаржы құюға ынтық.
Аннели Теммес, мемлекеттік басқару институтының директоры (Финляндия):
Президенттеріңіз 5 институционалдық реформаларды ұсынғанын білемін. Бұл ел тұрмысын жақсартуға зор ықпал ететін құжат. Соның ішінде, мемлекеттік қызметкерлерге қатысты бап ерекше ұнады.
Бұдан кейін, Қазақстан тұрғындарының мемлекеттік қызметке деген көзқарасы өзгеріп, әр азамат мемлекеттік қызметке орналасуға ұмтылады, дер едім.
Болатбек Абдрасилов, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры:
100 қадамның ішінде 15-і мемлекеттік қызмет саласына бағытталып отыр. Біз осы бағытта жұмысты жандандырып, дамытуға байланысты біраз алғышарттарды қолға алдық.
Астана – ұсыныс пен сұхбат, пайымды пікірталастың ашық алаңына айналды. Мұны алқалы жиыннан 300-ге жуық отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралының төрткүл дүниеге насихаттауынан көреміз.
Бұл ауқымды форум барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқамасымен Еуропа және Азия форумы ұйымдастырылды.
Жак Аттали, «Рlanet finance» компаниясының президенті:
Бүгінгі форум өте қызықты, өте мазмұнды өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Меніңше, жоғары жетістіктерге жеткен мемлекеттер өз тәжірибелерімен бөлісуі тиіс. Өз басым осы ашық пікірталас алаңын қатты күттім.
Еуропа мен Азияның арасындағы ынтымақтастық кеше басталған процесс емес, және ол ертең аяқталмайды. Сондықтан, ынтымақтастықтың жаңа сатысы керек, дейді сарапшылар.
Клаус Мангольд, «Аlstom sa, contiental ag» бақылаушылар кеңесінің мүшесі:
Қазақстан жас мемлекет. Аз уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Барлық әлемді мойындатты. Ешқандай қиындыққа қарамады, дамудың даңғыл жолына түсті. Сондықтан да, сіздердің елде жүзеге асырылған ілкімді жобалар басқаларға үлгі болуы тиіс.
Қазақстан – қуатты мемлекет. Біз дамушы емес, дамыған елдердің қатарындамыз. Елулікті еңсердік, енді озық отыздық елдеріне жету стратегиясы тұр. Бұған стратегиялық әріптестер де жетеді.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы:
Форум барысында Елбасының 100 қадам бастамасы өте биік баға алды. Шетелдік сарапшылардың берген бағасымен «Бәйтерекке» қатысты толық бағыттар бойынша жұмысымызды белгілеп алдық.
Осылайша, екікүндік Астана экономикалық форумы да аяқталды. Пайымды пікірлер, орамды ойлар айтылды. Маңызды құжаттарға қол қойылды.
Алмат ӘБДІРАМАН