Калачидегі жұмбақ дерттің себебі әлі табылған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Калачидегі жұмбақ дерттің себебі әлі табылған жоқ

31.05.2015
Калачидегі жұмбақ дерттің себебі әлі табылған жоқ

Кішкене ғана Калачи дейтін ауылды қазір білмейтін пенде жоқ. Ақмола облысындағы адам айтса сенгісіз ауруға шалдыққан ауылдың ахуалы әлі жақсара қойған жоқ, жасырмайық.

Калачидегі жұмбақ жағдайдың жауабы тура бір жылдан асты, әлі табылған жоқ. Бірақ, себебі мынадан болуы мүмкін дегендерді ғалымдар талай айтты. Алғашында дәрігерлер «ауыл жұрты самогон ішкен, дерт соның салдары», деп шешкен.

Алайда, емханаға түскен кісілер ол күні ішімдікті татып та алмаған. Қан құрамында алкоголь мүлдем болмаған. Бұл жайт белгілі болғанда, дәрігерлер диагнозды амалсыз өзгерткен. Кей мамандар тұрғындар бұқаралық психозға шалдыққан деді. Бірақ, Калачидегі дерт бұқаралық психозға келмейді.

Жуырда ғана Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының мамандары тағы бір зерттеу жүргізді. Калачи ауылының 12 су қоймасынан жерасты ауасы мен суының, жер қыртысының сынамасын алды.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, «ұйқышылдық ауруына» бір емес, бірнеше фактор әсер етеді. Сынама құрамында оттегі мөлшері аз, ал тұншықтырғыш газ бен көмірқышқыл газының құрамы көп болған.

Яғни, иіс газының мөлшері рұқсат етілген көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Сол себепті уланған ауаны жұтқан жұртшылық бірден емес, біртіндеп ұйықтай беретін көрінеді. Қоса кетейік, ауылдағы алғаш ұйқы дерті 2013 жылдың көктемінде тіркелді.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу