Жаз, жағажай, демалыс. Күн жылыса, теңіз жағалап, жайлы демалыс іздейтін қазақстандық туристердің біразы маусым басталмай жатып, жайсыздыққа тап болды.
Жүздеген жолдама сатқан «Travel System» туристік компаниясы аяқ астынан банкротқа ұшырап, Түркияға демалуға барған 700 туристің берекесін қашырды. Жолдама алып, демалуға барғандар қонақүй ақысын қайта төлеуге мәжбүр болған, төлемеген жағдайда қонақүйден шығарылады.
Қолайсыз жағдайға тап болған қазақстандықтарды Консулдық жіті бақылауға алды. Қазақстан Туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нүркебаеваның айтуынша, мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Жапа шеккендерге көмек қолын созу үшін үйлестіру штабы құрылған.
Әсел Нүркебаева, Қазақстан туристік агенттіктері қауымдастығының президенті:
Қауымдастыққа келіп түскен арыз-шағымдар негізінде біз прокуротураға хат жолдадық. Құзырлы органдардан жапа шеккендерге заңға сәйкес көмек беруін сұрадық. Қазір Түркияға турист жіберген агенттіктердің шығындарын барынша қысқарту үшін нарықтың ірі операторларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.
Азаматтық авиация комитеті «Air Astana»-мен және басқа да әуе компанияларымен туристерді елге қайтаруды бастады. Барлық жолаушылар ешбір қосымша төлемсіз 19 маусымға дейін елге жеткізіледі деп жоспарлануда.
«Travel System» туроператоры Қазақстан нарығында бірнеше жылдан бері жұмыс істеген. Компания Түркия, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне туристік сапар ұйымдастырумен айналысқан.
Туристік агенттіктер қауымдастығының есебі бойынша, «Travel System» компаниясы әкелген шығын көлемі 930 миллион теңге. Бұл – сыртта тентіреген 1400 турист пен жолдамасы күйіп, елде келісім-шарт жасасып қойған 4 мың 800 адамның ақшасы. Ал, жұртты сан соқтырған фирманың президенті Германияда бой тасалап жүр, деген ақпарат бар.
Айнұр ОМАР