Атырауда 35 инвестициялық жоба жүзеге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда 35 инвестициялық жоба жүзеге асты

21.06.2015
Атырауда 35 инвестициялық жоба жүзеге асты

Әрине, «тоғыз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші,  Елорданың дамуы басты назарда ғой. Бірақ, өзге өңірлер оның тасасында қалды деген сөз емес. Облыстар мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көшін түзеп, күшке күш, қарқынға қарқын қосып келеді.

Мәселен, Атыраудың атырабында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы 35 инвестициялық жоба жүзеге асты. Құны 1,8 триллион теңге шамасында.  2500 адамға жаңа жұмыс орындары ашылды.

Осының арқасында  мұнайлы өңірде тек мұнай-газ секторы дамып қана қоймай, ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина құрастыру, медицина салалары өркендей бастады.

2010-2014 жылдар аралығында индустриаландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындар 33,3 миллиард  теңгенің өнімін өндірді. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының қуатына қуат қосып, жұртшылықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, шағын және орта бизнестің дамуына өзіндік үлесін қосқаны сөзсіз.

Соңғы жылдары Атырауда құрылыс саласы өрге басып келеді. Бүгінде ғимаратты тұрғызуға қажетті құрылыс материалдары бұрынғыдай еліміздің өзге аймақтарынан тасымалданбай, енді жергілікті жерде өндірілетін болды.

Себебі, өткен жылдың аяғында индустриаландыру картасы шеңберінде мұнайлы өңірде «Батыс Альянс Строй» ЖШС-нің үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілген болатын. Бетон бұйымдарын шығаруға арналған бұл жобаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Жұмсалған қаражат зая кетпеді. Жарты жылдан астам уақыттың ішінде кәсіпорын өнімдеріне деген сұраныстың жоғары болғаны соншалық, зауыт жұмысшылары осы уақыт аралығында 2 миллиард  теңгенің өнімін шығарып үлгерді. Қазіргі таңда, көршілес облыстардан да тапсырыстар түсуде.    

Гүлнәр Диарова, үй құрылысы комбинаты өндіріс цехының басшысы:

Қазіргі уақытта алдын-ала бір айға тапсырыс алып қойып отырмыз. Атырау, Құлсары қалалары және көршілес Маңғыстау облысына да құрылыс мекемелері біздің тауарларды сатып алуда.

Ондаған ірі кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, оларға өз өнімдерімізді жеткізіп жатырмыз. Жұмыс тоқтаусыз жүруде. Зауытта 100-ден астам адам еңбек етуде.

Жаңа ғана ашылған сәтте кәсіпорында темір бетонның 13 түрі ғана дайындала бастады. Күні бүгін мұнда өнімнің жүзге жуық түрі шығарылады.

Қазір, зауытта құрастырмалы монолитті каркасты үйлерді де шығару қолға алынды. Дәлірек айтқанда, Италия мен Ресейден әкелінген мына құрылғыларда көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандардың бетонды қаңқасы дайындалады. Соның арқасында, ғимараттардың құрылысы бұрынғыдай екі-үш жылға созылмайды. Бар болғаны бір жылда салынып бітеді.

Батырбек Қуандықұлы, тілші:

Себебі, нысандарды салуға қажетті бетонды бұйымдар құрылыс орнында бұрынғыдай қолдан құймай, осы жерде дайындалып, тікелей құрылыс алаңына жеткізіледі.

Құрылысшылар болса оны тек құрастырып, бір-біріне жалғай салады. Бұл өз кезегінде, салынатын ғимараттың сапасын арттырады және құрылысқа тартылатын жұмысшылар санын қысқартуға мүмкіндік береді. Демек, шығын аз да, пайда мол.

Бұған қоса, құрылыс материалдары өзге өңірлерден тасымалданбағандықтан, тауар бағасы едәуір арзандайды. Әрі уақыт үнемделеді.  Кәсіпорынның өнімдері алғаш рет Атырау қаласындағы мына салтанат сарайының құрылысына пайдаланылған болатын. Құрылысқа қажетті бетонды бұйымдар жергілікті жерде дайын күйінде шығарылғандықтан, бұл нысан жарты жылдың ішінде салынды.

Батырбек Қуандықұлы, тілші:

Нұрсая ықшамауданында жаңадан бой көтерген мына тоғыз қабатты тұрғын осыдан бір апта бұрын пайдалануға берілді. Көпқабатты үйді салу үшін пайдаланылған құрылыс материалдарының 70 пайызы «Батыс Альянс Строй» серіктестігінің өнімдері.

Тұрғын үйдің сыртын қаптауға арналған кірпіш тас пен есіктер және лифт өзге аймақтардан сатып алынды. Құрылысқа қолданылған қалғанының барлығы үй құрылысы комбинатында шығарылған өнімдер.

Бүгінде,осы үйдегі жаңа 240 пәтер кілтін иемдеген атыраулықтар болса, тұрғын үйдің салыну сапасына, оның кескін-келбетіне дәнриза.

Ханзилаш Сапарова, Атырау қаласының тұрғыны:

Қабырғалары өте қалың салынған. Жақсы деп есептеп отырмын басқа үйлерге қарағанда. Өте жақсы. Ұнап тұр ішкі келбеті барлығы. Мен 18 жыл кезекте тұрып, мүгедек балама алып тұрмын. Көп-көп рахмет елімізге, Елбасымызға.

Айта кету керек, «Батыс Альянс Строй» ЖШС өнімдерді шығарып қана қоймай, ғимарат құрылысының жұмыстарын да өздері жүргізеді. Бүгінде, олар әлеуметтік маңызы бар нысандар мен көпқабатты үй салуға тапсырыстар алып жатыр. 

Жаңабай Жұбанов, үй құрылысы комбинаты бас директорының орынбасары:

Теннис корты нысаны – біздің аймаққа маңызы бар нысан. Соның қазір басында тұрмыз. Жұмысын бастап жатырмыз. Және де Нұрсая ықшамауданында әлеуметтік базар дейміз. Оның да құрылысын бастап кеттік. Одан басқа тағы да кеше тапсырғандай 9 қатарлы үй жұмысын бастадық. 

Алдағы уақытта, үй құрылысы комбинатында газды блоктар да шығарыла бастайды.  Жалпы, зауыт басшылығының айтуынша бұл кәсіпорында үй құрылысына қажетті материалдардың тоқсан пайызы дайындалатын болады.

Айта кету керек, жақында ғана Атырау өңірінде тағы да бір үй құрылысы комбинаты ашылған болатын. Демек, аймақтың өркендеп, көркеюіне, зәулім ғимараттардың көптеп бой көтеруіне толықтай мүмкіншілік бар. Бұл бір ғана құрылыс саласындағы табысты жетістік.

Ал, индустриаландыру картасы аясында ауылшаруашылығы, медицина, машина құрастыру салаларын жандандыру үшін өзге кәсіпорындардың өңірдің дамуына қосар үлесін өзіңіз бағамдаңыз. 

Іске қосылған 35 жобадан бөлек, Үдемелі индустриладық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бес жылдығында мұнайлы өңірде 10 жоба жүзеге асырылмақшы.

Ғұмар Дүйсембаев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

Бес жобаны биыл тапсырамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде «Алмалы құстың» екінші кезеңі, «Атырау сауданың», «Первомайский» ферманың екінші кезеңі, химиялық реагенттер шығаратын мекеме бар.

Сондай-ақ, тағы бір зауыт. Оның жұмысы бір айдың ішінде бітеді. Тағы бір үлкен жоба дәрі шығаратын фармацевтикалық фабрика.

Қалған бес жоба келер жылы іске қосылмақ. Жалпы, он жоба жүзеге асқанда бес жүзге жуық адамға жаңа жұмыс орындары пайда болады деп жоспарланып отыр.  Бұл жобалар өз кезегінде, аймақтың әлеуетін арттырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға септігін тигізбекші.

Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу