Отандық медицинаның ахуалы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық медицинаның ахуалы қалай?

21.06.2015
Отандық медицинаның ахуалы қалай?

Ақ желеңді абзал жан деп жатамыз, осы апта Медицина қызметкерлерінің төл мерекесімен есте қалды. Пендеміз ғой, ауырамыз, қажимыз, шаршап-шаршаймыз. Денсаулық сыр берсе,  әуелі Жаратқанға, кейін дәрігерге жүгінеміз. Олардың саны аз, ал біз көппіз. Сонда да талмай, бізбен бірге ауырсақ уайымдайтын, жазылсақ жадырайтын осы жандар. Күн-түн демей, жұмыста.

Мысалы, Қазақстан бойынша тәулігіне 18 мың адам жедел жәрдем көмегіне жүгінеді екен. Бір ғана Елорданың өзінде 24 сағат ішінде 2000-нан аса операция жасалып, 1000 нәресте дәрігерлердің көмегімен дүниеге келеді. Еңбектері ерен.

Дәстүрдегідей, ерен еңбегімен көзге түскен үздік мамандар осы аптада марапаттан кенде қалмады. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова бірқатар медицина саласының мамандарымен кездесіп, төл мейрамдарымен құттықтады. Қызығы да, қиындығы да қатар жүретін салада дәрігерлердің өздеріне зор денсаулық тіледі.

«Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда, отыз тістің қадірін қақсағанда білеміз». Абыз бидің бұл айтқаны рас. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда бәріміздің барар жеріміз бір. Дәрігердің алды.

Ал, медицина атасы Гиппократ дәрігерлер «арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек», дейді. Кез келген мемлекеттің байлығы ақша емес, адамның өмірі, басты дәулеті – денсаулығы. Қазір елімізде 215 мыңдай дәрігер мен мейіргер бар. Бірі қалада, бірі ауылда. Әр түрлі науқасты емдейді.

Отандық медицинада 2008 жылы ірі реформа жасалды.  Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Астанада медициналық кластер құрылды. Сөйтіп, тұтастай ТМД төңірегінде тұңғыш рет Қазақстанда  ұлттық медицина холдингі дүниеге келді.

Оған қатардан қалыспайтын 6 инновациялық медициналық мекеме кірді. Бірі республикалық балаларды оңалту орталығы. Ай сайын оған 300-дей бала келеді. Ал, жылына жан-жақтан 4200 нәресте ем қабылдайды.

Ақниеттің ақыл-есі дұрыс, бірақ естімейді, Нұрайымның тілінің мүкісі бар, былдырлап сөйлейді, бірақ анық емес. Ал, мына бүлдіршін бала болып жүгіре де алмайды.

Баян Кененбаева, республикалық балаларды оңалту орталығының бөлім меңгерушісі:

Оңалту орталығы болған соң бізге мүгедек балалар келеді.  Балалардың ішінде бес топ диагнозбен. Балалар церебральды сал ауруымен, тіл дамуының шектелуімен, туабіткен даму кемістіктерімен, невроздармен, ашық-жабық ми жарақатымен келеді.

Оңалту орталығынан бөлек, медициналық кластер құрамында Ана мен бала ғылыми орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығы, Кардиохирургиялық орталық және Нейрохирургиялық ғылыми орталық бар.

Нейрохирургия орталығында медициналық туризм түзу жолға қойылған. Орталыққа өзіміздің қаракөздер ғана емес, алыс-жақын шетелден ағылатындар айтарлық. Жыл басталғалы 50-ден аса өзге ел азаматына күрделі операция жасалыпты.

Ресейден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан көп келеді. Ара-тұра ағылшындар да бас сұғады. Сапалы медицинасымен мақтанатын немістер де қазақтың дәрігерлеріне жүгініп жүр.

Серік Ақшолақов,  республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы:

Бұрын ми-қан тамырлары аурулары түгелімен шетелге кететін еді. Олардың барлығын қазір біз елімізде жасаймыз. Сосын мына жұлын мен омыртқаның реконструктивтік операция жасайтын еді.  Ми саласындағы өте ауыр, өте тереңде жатқан ісіктерді жасай алмайтын едік.  Қазір барлығын елде жасаймыз.

Орталық дәрігерлері жылына 2000-нан аса операция жасайды. Бұрын соның тең жартысы бізде қолжетімсіз саналатын, тек шетелде жасалатын. Ал, бізде қазір құрал-сайман да бар, оның тілін меңгерген маман да бар. Сенесіз бе, сол операцияларды өзімізде жасаған соң, 7 жылда 1 миллиард теңге үнемдеппіз.

Медициналық туризм келешекте де кемелдене береді. Себебі, бізде операция басқа елдерден әлдеқайда арзан. Орта есеппен бізде жасалатын 1-3 миллион  теңгенің арасындағы оталар, шетел 50-100 мың долларға істейді. Ал, көпшілік көрпесіне қарай көсіледі.  

Эльмира Ыдырысова, науқастың анасы:

Қазақстандағы медицинаның дамығаны соншалықты балама ота жасағанда, бір ғажайып әлемге кіргендей болдық. Екі-үш күннен кейін өзімізді қолымыздан ұстап кіргізгенде, балам өмірге жаңа келгендей. Содан бері жақсы жағдайымыз.

Жүрек жалғыз. Бауыр, бүйрек сияқты жартысын бөліп бере алмайсың. Туғанынан жүрегі ауыратын Эльмира апайдың ұлы қайта өмірге келді. Дәрігерлер жақында ғана оған басқа адамның жүрегін салып берді.

Бұрын мұндай операцияны жасату үшін Корея, Израиль, Ресей, Беларусьті былай қойып, мұхит асып, адамдар АҚШ-қа да баратын. 2012 жылдан бастап Орталық Азияда алғаш болып Қазақ медицинасы жүрек алмастыра бастады.

Гүлжан Мырзахметова, ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:

2012 жылдан 2015 жылдың бүгінгі күніне шейін 22 адам болды. Біз көрсеткен, жасалған операциялардың бәрін мемлекет өзі төлейді. Аурулардан бір тиын ақша шығарылмайды.

Бәрін мемлекет өз мойнына алған. Трансплантация, басқа да аурулардың бәрі мемлекеттің арқасында жасалады. Бір кордиохирургиялық операция 1,8 миллион, 2  миллионға дейін барады. Жүрек алмастыру операциясы 3 миллион долларға жетеді.

Тегін демекші, 90-шы жылдардың тұсында бізде медициналық қызметтің барлық түрі тегін болды. Ауруға болмайды, тиын-тебенсізбін демейсіз. Ал қазір, Үкіметтің бекіткен тегін медициналық көмек ауқымының кепілдендірілген көлемі бар. Ол бойынша тек аяғы ауыр, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға, ардагерлерге ғана тегін. Ал басқа жандар үшін, акушер-гинеколог, кардиолог, невропатолог дәрігердің қабылдауына кіру – 4500 теңге.

Лор, терапевт, хирург, уролог, эндокринолог, травматолог, ревматолог, диетолог, офтальмолог, педиатрдың  қызмет ақысы 3900 теңге. Ал физиотерапевт дәрігер бір қабылдауы үшін 2900 теңгені қанағат тұтады. Тіс дәрігері де қалтаңызды қағады. 

Соңғы жылдары денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 6 есеге өсіп, 2004 жылғы 131 миллиард теңгеден 2013 жылы 838,2 миллиард теңгеге дейін артқан екен. 2013 жылы бөлінген қаржы ІЖӨ-нің 2,4 пайызын құраған. Дамыған елдерде бұл  кем дегенде 4 пайыз.

Демек, бізде медицинаға бөлінетін қаражат аз. Содан болар, салада жемқорлық тыйылмай тұр. Әмияныңыз тоқ болмаса, былай айтқанда, «ақшалай» рахмет айтпасаң, адам құрлы қарамайды деп халық шағымданып жатады. Адал боламын, деп ант берген ақ халаттылар үшін аурудың өмірі емес, ақша артық болғаны ма?  

Серік Ақшолақов, республикалық нейрохирургия ғылыми орталығының басқарма төрағасы:

Халық айтқаннан кейін бар шығар. Оны жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ,  дәрігерлердің қызметі жақсарып, олардың алатын еңбекақысы, жұмысы, статусы көтерілсе, көп сұрақтар өзінен өзі қалып қояды.

Келесі бір түйткіл кадр тапшылығы. Қазір Қазақстанның денсаулық сақтау саласында 65 мың дәрігер, 150 мың мейіргер, 13 мыңнан астам фармацевт бар. Бірақ, бұл жетпейді. Әсіресе, ауылда дәрігердің тапшылығы қатты сезіледі. Мысалы, ауылдық жерлерде 10 мың адамға небәрі 18 маманнан ғана келеді екен.

Назгүл Нұрмағамбетова, науқастың анасы:

Туа біткен емес. Бұл жасанды. Кәдімгі дәрігерлер түсіріп алған жерге. Мен Сәтпаев қаласында босанған едім.Босанар кезде дені сау туған бала.

«Дүмше дәрігердің кесірінен аяғынан айрылды»,  «дәрігердің салғырттығынан сал болып қалды», «дәрігер қателігінен жалғыз баласынан көз жазды».  Осы күні ғаламторды басып қалсаңыз, газет-журналды ашып қалсаңыз, теледидарды қосып қалсаңыз, зар еңіреп жататын жандар көп.

Бұдан түйетініміз, біздің дәрігерлердің біразы біліксіз. Дұрыс диагноз қоя алмайды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ, бір қарын майды шіріткен құмалақтай біліксіз дәрігерлердің көбейгені алаңдатады. Өйткені, науқас ауруханаға күдікпен бармайды, тек үмітпен.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу