Дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасы қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасы қандай?

28.06.2015
Дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасы қандай?

Қазақстан - жаһандық сауданың элитасына кірді. «Елдегі шағын және орта бизнестің нарықтық аясы кеңейе ме, Еуропаға, Шығыс Азияға тауарды еркін өткізіп, оны сатуға мүмкіндік ашыла ма?», дегендей күмәнді сауалдарға Президенттің жауабын естідіңіздер.

Отандық кәсіпкерлер мейлінше сауатты құрылған сауда нарығына түседі. Ұйымға мүше мемлекеттер қазақстандық тауарларға бірдей мүмкіндіктер беруге кепілдік етеді.

Расында, жаһанның 160-тан астам мемлекетін біріктіретін экономикалық алып ұйымға мүше болу аса күрделі шаруа. Ол қайырымдылық одағы емес. Керісінше, қиян-кескі бәсекелестік алаңы.

Онда күшті өндірісі бар ел ғана жеңіске жетеді. Яғни, өзіндік құны төмен, жұрт қызығатындай сапалы тауар өндірсең ғана ұйымның қызығын көресің. Ал, ондай мүмкіндігі болмағандар импортқа тәуелді, тұтынушы болып қалады.

Дүниежүзілік сауда ұйымы – әлемдік сауданы реттейтін экономикалық ұйым. 1990 жылдары оған 77 мемлекет мүше болса, біздің ел ұйымға биыл 162-болып тіркелді. Қазір әлемде жасалатын сауданың 95 пайызы дәл осы ұйым арқылы жүзеге асады.

Ал, сауда жүрген жерде пайда қатар жүреді. Сондықтан, Қазақ елі үшін ең алдымен сыртқа өнім шығарып, тауарлар мен қызмет түрлерін таңдауға мүмкіндік туды. Әрі шетелден инвестиция тартып, жаңа өндірістерді өркендетуге жол ашылмақ.

Рашид Жақсылықов, Мұнай-газ сервистік компаниялар Одағының алқа төрағасы:

Сырттағы шикізаттан дайын тауар шығаратын тәжірибесі бар мол шетелдік компанияларды кіргізіп, соның қасында өзіміздің отандық компанияларды өсіру жөніндегі ұсыныстар міндетті түрде болады. Мақсатымыз - индустриалды мемлекетке айналу.

Үкімет тиімді шарттарға қол жеткізу үшін осы ұйыммен 19 жыл келіссөз жүргізді. Әрі осы аралықта отандық тауар өндірушілердің еңсе тіктеп, шағын бизнестің ес жиюына қолдау көрсетті. Енді сол қолдау мен қолпашқа ие болғандар бізді жерге қаратпауы тиіс. Себебі, бәсеке күшейеді.

Талғат Демесінов, экономист:

Бір мемлекеттен екінші мемлекетке тауар экспортталған кезде немесе импортталған кезде демпингтік бағалар деген болады. Жасанды түрде бағаны жүргізу, басқа мемлекеттің тауарларының еркін енуіне кедергілер келтіріледі.  Міне, осындай жасанды ережелерге тыйым салынады. Біз толыққанды Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі ретінде ортақ ережелермен айналысуға толық құқығымыз бар. Ал,оған кірмей тұрған кезде бізде ондай мүмкіндіктер болмаған.

Қазақстанға қажет шешім қабылданды. Отандық экономиканы енді халықаралық талаптарға сай дамытпақ керек. Бәсекеге бәс тіге алсаң қазақы брендті халықаралық нарыққа шығарасың. Бірақ, сол сапаға жету үшін отандық бизнес өкілдері ғылымға жүгінбесе, шаруа ширамайды. Себебі, бүгінгі ғылым жаңа технология, жаңа мүмкіндік.

Мұрат Жұрынов, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті:

Орта және шағын кәсіпорындары тіпті мынау металлургиялық, химиялық зауыттардың өзі де ғылымға жүгінетін болады. Өзінің технологиясын жақсартпай, жаңа ғылыми жолдармен өндірісті жүргізбей, бәсекелестікке шыдай алмайды.

Алға тартсын, алға шықсын, ғылымды шақырсын. Міне, осылай Қазақстанның экономикасы нағыз іс жүзінде көтеріледі, қағаз жүзінде емес. Сондықтан, қарапайым халыққа да пайдасы бар.

Сағындық Сатыбалдин, экономика ғылымдарының докторы:

Жаңа зауыт салынады. Оған жаңа техника келеді. Оған қоса, инвестицияның тағы бір ерекшелігі, сол елдің ғалымдары, сол елдің жаңа техникалары енгізіледі. Сол елге жер береді уақытша. Міне, осы мәселе бойынша Қазақстан алғашқы орында тұр.

Индустрияландырудың игілігін алып ұйымға кірмей тұрып көрдік. Қазір әр қалада арнайы экономикалық аймақтар ашылып, инновациялық жобалар жүзеге асты. Мәселен, бір ғана Алматыда индустрияландыру картасы аясында 50-ге тарта кәсіпорын салынған. Олардан шығатын өнімнің сапасы басқалардан бір мысқал кем емес. Демек, басқа елдің нарығына еш кедергісіз шығуға болады.

Оразалы Сәбден, экономика ғылымдарының докторы:

Кәсіпкерлер өз тауарын дүниенің төрт бұрышына апарса да болады. Бірақ, тауары сапалы болуы керек. Ол тауары бәсекелестікке даяр болу керек. Сауда одағына өткенде стандарттарымен тауар келеді. Біздің Еуразиялық одақтың стандарттарымен тауар келеді. Халық көреді, қайсысы сапалы, қайсысы сапасыз. Халыққа таңдау болады. Бұл өте жақсы.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы біздің ел бұған дейін сауда-экономикалық байланыс орнатқан елдер үшін де тиімді. Себебі, сауда-саттықтағы кейбір талаптар осы ұйымның шартына сай жеңілдетіледі.

Мұстафа Бастуг, «БастугТемірМетал» корпорациясының президенті:

Дүниежүзілік сауда ұйымының Қазақстанға берері мол. Сырттан келетін кейбір тауарларға кедендік жеңілдіктер жасалады, елге инвесторлар тартылады. Міне, осының барлығы елді жаңа сатыға көтереді.  

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған сәуір айында Қазақстанға жасаған сапарында осы үрдісте бауырлас елді жан-жақты қолдайтынын айтқан болатын. Түрік елінің кәсіпкерлері де Нұрсұлтан Назарбаевтың Дүниежізілік сауда ұйымына мүше болуға қатысты келіссөздердің аяқталғандығы жөніндегі мәлімдемесін қуана қабылдады.

Пьер Баргольтц, Еуропалық одақтың сыртқы саясат қызметінің сарапшысы:

Қазақстанның кез-келген бастамасы Еуропалық одақ үшін маңызды. Әрі біз Қазақ елінің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруін о бастан-ақ қолдаған болатынбыз. Нарықтық экономикасы ашық Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу арқылы әлемдік сауданы ретке келтіретін заң талаптарын қабылдауға қатыса алады.

Әрі, елдің өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартып, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға мүмкіндік молаяды. Ең бастысы, қазақстандық тауарлардың шетелдік нарыққа шығуына жол ашылады. Мұның барлығы, Қазақстанның дамуын жеделдете түсетіні сөзсіз. 

Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру еліміз үшін оңайға соқпады. Алғаш 1996 жылдың ақпанында Қазақ елі ДСҰ-на бақылаушы ел ретінде тіркелді. Одан кейін экономикалық ұйыммен жүргізілген келіссөздер үш кезеңмен жүзеге асты.

1996-2000 жылдар ақпараттық-дайындық кезең, 2001-2003 жылдар аралығы басты кезең. Өйткені, осы аралықта жұмыс тобының үш мәжілісі және екіжақты келіссөздердің жеті раунды өтті.

Ал, 2004 жылдан бастап, бүгінге дейін соңғы кезең саналады. Бұл аралықта біздің елдің біраз заңдары мен стандарттары халықаралық ұйым талабына сай өзгертілді.

Роберто Азеведо, Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры:

Қазақстанның  Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіне байланысты келіссөздерді сәтті аяқтағанымыз біз үшін де өте қуанышты. Бұл біздің ұйымға кірудегі ең ұзақ процесс болды. Меніңше, ұйымға мүше әрбір мемлекет үшін бұл пайдалы болмақ.

Қазақстанның халықаралық нарық алаңына енуі үшін әзірленген құжаттар өте сапалы дайындалған. Сондықтан да, бұл айтулы қадам Қазақстан үшін де, қазақстандықтар үшін де ұтымды болады.

Бүгінгі таңда Қазақстан экспортының 85 пайызын мұнай алып отырса, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру - экспорттық өнімнің дамуына әкеледі.

Келіссөздер кезінде Қазақстанның ұлттық мүддесі жан-жақты ескерілді. Бұл біздің арнаға сұхбат берген алып екі көрші ел сарапшыларының пайымы. Олар Қазақстанның ұйымға мүшелегі арадағы алыс-берістің көлемін бұрынғыдан да еселей түседі, дейді.

Сергей Железняк, РФ Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары:

Келісімдерді аяқтаған Қазақ елі, алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанғанда, Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндігін қазіргіден кеңірек пайдаланады, деп үміттенеміз.

Елдеріңіз ұзақ жылдарға созылған, күрделі келіссөздерді табыспен аяқтады. Енді Қазақстан әлемдік экономикаға бұрынғыдан бетер ықпалдасып, өндірісін өркендетеді, әлеуметтік-экономикалық саланы дамытады. 

Ең бастысы, осы арқылы халықтың әл-ауқаты артады. Бұл жолда біз стратегиялық әріптесімізді қолдауға үнемі әзірміз.

Ван Сюйдун, Қытай экономикалық интернет порталының жетекшісі:

ДСҰ - Қазақстан экономикасын жаңа белестерге бастайды. ДСҰ - Қазақстан үшін қолайлы инвестициялық климат жасайды. Елдегі индустрияландыру үрдісінің жеделдеуіне ықпалын тигізеді. Отандық өнімдердің әлемдік нарыққа шығуына мол мүмкіндік ашылады. Қазақстанның әлем аренасындағы танымалдылығы артады.

Айтпақшы, дамыған Қытай ДСҰ-на мүше болу үшін 15 жыл келіссөз жүргізген. Ал алып ұйымның табалдырығын аттаған сәтте бұл елде де бәсекеге төтеп бере алмаған жүздеген кәсіпорындар банкрот болды.

Қазақ Үкіметі көрші елдің бұл кемшілігін ескеріп, түрлі сараптама жүргізгені сөзсіз. Үкіметтің отандық тауар өндірушілер ысырапқа жол бермей, үнемшілдікті үйренгені абзал дейтіні де сондықтан.

Айбек ҚОБДАБАЙ  

Хабарламаларға жазылу