Елордадағы әрбір ғимарат - жеке дара бренд - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы әрбір ғимарат - жеке дара бренд

05.07.2015
Елордадағы әрбір ғимарат - жеке дара бренд

Бағаналы орда, басты орда. Байсал орда қонған жұрт. Бұқар бабадан жеткен жыр осылай өрілетін, төгілетін. Бес ғасыр бойы абыздар аңсаған азаттық пен Астана - біздің бағымызға бұйырды. Ертең тұтас ел үшін ерек мезет.

Алматыдан Ақмолаға қоныс аудару туралы шешім қабылданған тарихи күн. Осыдан 20 жыл бұрын, дәл 6 шілде күні Жоғарғы кеңес депутаттарының кезекті сессиясына Нұрсұлтан Назарбаев астананы Ақмолаға ауыстыру туралы ұсынысымен барған.

Ол шақ баршаның бостандықты сезініп болмаған уақыты. Биліктің биік дәлізінде Қызыл одақтың ошағын көсеп, отын маздатуды көксейтіндер көп еді. Бұра тартқандар болғанмен, ақыры көпшілік дауысымен азат қазақ астанасын ауыстыратын болды. Одан кейінгі кезең - Сіз бен біздің көз алдымызда. 1997 жылы 20 қазанда Президент Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады.

Сол жылы Мемлекеттік рәміздер мен Президент байрағы Алматыдан Ақмола қаласына әкелінді. Сол жылы Премьер-Министр кеңсесі, іле-шала Президент Ақмолаға ресми түрде табан тіреді.

Ал, 1998 жылдың 6 мамырында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді. Жаһан картасында жаңа елорда пайда болды.

1999 жылы біздің Астана - ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алды. Биыл қазақтың елордасына - 17 жыл. Осы  қысқа мерзім ішінде елорда еңселі Ақордасымен талай саяси жиындардың ордасына айналды.

Ақордадан бөлек, «Астанада не бар?!» десе, міне, деп ұялмай көрсететін сәулетті ғимараттар тұрғызылды. Астананың бренді -«Бәйтерек». «Астана Опера» театры әлемдік театрлардан бір мысқал да кем емес. Алыстан көз тартатын ғимарат бұл әрине «Хан-Шатыр».

Сондай-ақ, біз секілді барша журналистерді бір орталыққа жұмылдырған «Қазмедиа» ғимаратының өзі бөлек әлем. Қысқасы, елордадағы әрбір ғимарат жеке дара брендке айналғандай. Бұл әрине, азаттықтың арқасы.

 

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ 

Хабарламаларға жазылу