Әлем елдерінің валюталары құлдырауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінің валюталары құлдырауда

23.08.2015
Әлем елдерінің валюталары құлдырауда

Осы аптада Финляндия президенті Саули Ниинисте ел экономикасының терең дағдарысқа ұшырағанын мәлімдеді. Финляндиядағы экономикалық дағдарыс Ресейге жасалған санкцияның салдарынан болып отыр. Жалпы, Еуропалық одақ мемлекеттері ішінде Ресей мен Батыс арасындағы санкциялар соғысынан ең көп зардап шеккен Финляндия екен. Елдің  ІЖӨ-і биыл 1 пайызға төмендеген.

Жалпы, дөңгеленген дүниеде болып жатқан оқиғалар жаһан мемлекеттерінің өзара тығыз байланыста екенін аңғарта түскендей. Қытай валютасы құнын жоғалтып еді, дамушы елдердің төл ақшалары да арзандап, Еуропа қор нарығында құлдырау басталды. Бүгінде Бейжің юанді еркін айналымға жіберіп, өзінің әлсіреп қалған экономикасының әлеуетін арттырғысы келеді.

Ақпарат құралдары юань немесе «ренминбин» бағамын түсіру арқылы Қытай «валюталық соғыстың» жаңа раундын бастап кетті, деп жарыса жазды. Халықаралық валюта қоры болса, Қытайдың өз валютасының бағамын нарық тетіктеріне бағындыруын қолдап, құтты қадам тілеп отыр.

Өйткені, Бейжің төл ақшасының бағамын бақылаудан шығарып, юанді резервтік валюталар қатарына қосу  талаптарының бірін орындады. Шығыстағы көршіміздің нарығындағы жағдай өзге елдерге қалай әсер етті? Қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Тамызда Қытай өз валютасын үш күн қатарынан құлдыратты. Әлем елең ете қалды. Елдің орталық банкі шығарған бұл шешім халықаралық нарықты сан құбылтты. Бұдан былай юань бағамы нарықтағы өзгеріске сай анықталатын болады.

Валютасын еркін айналымға жіберу арқылы Қытай шілде айында 8,3 пайызға құлдырған экспортты ынталандырмақ. Екінші жағынан Бейжің өзінің төл «ренминбиін» әлемдік резервтік валюталар қатарына қосуға әрекет етуде. Халықаралық валюта қоры да Қытай билігінің бұл қадамын қолдады.

Маркус Родлауер, Халықаралық валюта қорының өкілі:

Бұл – айырбас жүйесі мен нарықтық жүйе үшін өте маңызды қадам. Реформа арқылы юань бағамының нарық тетіктеріне сай айқындалатынына үміт көп. Бұдан бөлек, былтыр Қытай валютасының 15 пайызға өскенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, юаннің осы жолғы түсуін үлкен проблема деу қиын.

Қарапайым халық үшін юаньнің құнсыздануы тиімсіз болғанымен, сарапшылар шараның ел экономикасына берері мол, деп есептейді.

Хуанг Ипинг, Бейжің университеті, Ұлттық даму мектебінің профессоры:

Экономикалық реформалар ілгерілеген сайын, валютаның айырбас құнын көбіне нарық белгілей бастайды. Соңғы кездері біз юаннің өзге валюталардан жоғарылап, соның салдарынан еліміздің экономикасы әлсірегенін көрдік. Сондықтан, юань бағамының түсуі импорт пен экономикалық өсімге жағымды әсер етуі әбден мүмкін.

Шикізатты ең ірі импорттаушы, әлемнің екінші экономикасы саналатын елдің дүниежүзілік нарыққа ықпалы зор. Қытайдан жеткен жаңалықтан соң бірқатар елдердің валюталары юаннің тағдырын қайталады.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің валюта бағамдарының төмендеуі сонау 1997 жылғы дағдарысты еске түсірді. Малайзия, Сингапур, Оңтүстік Корея экспорттағы бәсекеден қалыспау үшін төл ақшаларының бағамын төмендетуге мәжбүр болды.

Түркияның лирасы да құлдырап барады. Оның себебі – елдің жетекші саяси партиялары коалиция құру туралы ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Президент Реджеп Тайып Ердоған елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өтетінін жариялады.

Саяси текетірес лираның долларға шаққандағы бағамының төмендеуіне әкелді.  Қыркүйекте түрік валютасы құнын тағы жоғалтуы мүмкін. Өйткені, қазіргі саяси мәселелердің қарашада өтетін парламенттік сайлауға дейін шешілетін түрі жоқ.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

Сайлау кезінде қарулы күштеріміз, полиция қажетті қауіпсіздік шараларын мейлінше күшейтеді. Дауыс берудің өтетін күні де белгіленді. Қарашаның 1-де Түркияда қайта парламенттік сайлау өтеді.

Ал, Ресей валютасы күн сайын құлдырап барады. Рубль бағамы 6 айдағы минимумға түскен. Бұған мұнай бағасының арзандай түсуі және Азия нарықтарындағы құлдырау себеп. «Қара алтынның» бір баррелінің құны 45 доллардан түссе, 1 доллар  70-80 рубльге жетуі мүмкін.

Ресей үшін мұнай мен газдан түсетін кіріс мемлекеттік бюджеттің жартысын құрайды. Ресми мәліметтерге сай, 2015 жылдың алғашқы алты айында елдің жалпы ішкі өнімі 3,4 пайызға қысқарған.

Дмитрий Полевой, сарапшы:

Ресей валютасының мұнайға тікелей тәуелді екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, рубльдің құнсыздануының басты себебі «қара алтынның» бір баррелінің 50 долларға дейін арзандауы. Яғни, мұнай бағасына қарап, рубльдің тағдырын алдын-ала болжауға болады.

Қытай экономикасының бәсеңдеп, өнеркәсіп өндірісінің 6 жылдық минимумға түсуі АҚШ инвесторлары үшін оңайға соқпай отыр. Елдің технологиялық алыбы «Apple» корпорациясы нарықтағы сілкіністен 158 миллиард доллар жоғалтты.

Елдің «Доу Джонс», «Эс энд Пи 500» индекстері 3 пайыздан төмен түсті. Басты пайыздық үстемелерді өсіру-өсірмеу жайы Федералдық резерв жүйесін екіұшты күйге қалдырды.

Ник Колас, «Convergex Group» брокерлік фирманың сарапшысы:

Бұл фундаменталдық және психологиялық факторлардың қосындысы. Қытай экономикасы туралы жағымсыз хабар Федералды резерв жүйесіне  психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп отыр. Орталық банк әрі қарай не боларын білмегендіктен шешім қабылдай алмай қиналуда.

Ресейге қарсы санкциялар мен Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуі Еуропа елдерін де есеңгіретіп тастады. Әсіресе, аграрлық секторды. Мәселен, Бельгия  фермерлері өз өнімдерін өткізетін нарық таба алмай әлек. Оның үстіне, экспорттау бағасы айтарлықтай арзандап кеткен. Осының салдарынан биыл шаруалар 5 жарым миллиард еуро шығынға батты.

Гай Франко, фермер:

Біздің өнімге деген сұраныс азайды. Артылып қалған сүтті қайда жіберерімізді білмейміз. Зауыттар тек сүттің 8-10 пайызына ғана тапсырыс береді. Өнім бағасы арзандап, күн көріс қиындады. Не істерімізді  білмейміз.

Француз шаруалары да дәл осындай жағдайды бастан кешіп жатыр. Олар шығыны көп кәсіппен шұғылдануды қаламайды. Елдің Сен-Ло қаласында барар жері, басар тауы қалмаған фермерлер наразылыққа шығып, қала әкімшілігінің алдында 30 тонна қи төкті. Мәселе онымен шешілген жоқ. Осылай жалғаса берсе, күзге қарай  Францияда мал шаруашылығымен айналысатын мыңдаған қожалық құрдымға кетпек.

Ал, Бразилияны  экономикалық дағдарыспен бірге саяси күйзеліс жайлады. Өткен тоқсанда елдің жалпы ішкі өнімінің өсімі баяулап, инфляция күрт артқан. Бұған қоса, жұмыссыздар көбейіп барады. Соңғы деректерге сай, халықтың 8,1 пайызы қазір жұмыссыз. Ал, өткен аптада Moody’s агенттігі елдің несие рейтингін төмендетті.

Жоаким Леви, Бразилияның қаржы министрі:

Бразилия - әлемнің 7-ші ірі экономикасы. Орталық банк инфляцияны бақылауға алды. Көптеген түзетулер жасалды.  Табиғи байлығымыз мол, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Биыл рецессияны болдырмай, инфляция деңгейін төмендету үшін барлық шара қамтылады.  

Үкімет оң болжам жасағанымен, халық наразылығы күшейіп барады. Елдегі сыбайлас жемқорлық, қылмыстың өршуі, қолайсыз экономикалық ахуалдан қажыған тұрғындардың шеруге шығып, жағдайды оңтайландыруды талап етуінен басқа амалдары қалмаған.

Леандро Мартинс, тұрғын:

Жағдай нашарлап барады. Дүкендер жабылып, адамдар жұмыстан қуылып жатыр. Үш ай бұрын қыркүйекке таман жағдай жақсарады, деп күткен едік. Әзірге, оның нышаны байқалмайды.

Әлем нарықтарындағы жағдайдың сан құбылуына әсер етуші басты факторлардың бірі  - мұнай бағасының төмендеуі. Жекелеген саяси мәселелер де бұған кері әсерін тигізуде.

Brent маркалы «қара алтынның» бір баррелі қазір 47-48 долларға саудаланып отыр. Бағаның арзандауына Сауд Арабиясының мұнай өндіру көлемін өсіруі, АҚШ-тағы шикі мұнай қорының 2,6 миллион баррелге артуы себеп.

Бұған жақында Иранға қарсы енгізілген санкциялар күшінің жойылатынын қосыңыз. Тегеран «қара алтынды» экспорттай бастаған жағдайда сарапшылар бір баррелдің бағасы 35 долларға дейін арзандауы мүмкін екенін айтады.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Арай ТӨЛЕГЕН

Мәдина МҰҚАНОВА

Хабарламаларға жазылу