Елбасы «Астана» футбол клубын айтулы жеңісімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Астана» футбол клубын айтулы жеңісімен құттықтады

30.08.2015
Елбасы «Астана» футбол клубын айтулы жеңісімен құттықтады

«Мессидей доп тебетін, төл тарихқа енетін, қақпаларын қақыратып, қарсыласты жеңетін күн қайда?» деп жүргенде, футболшыларымыз жарады! «Астана» клубы футболдан Еуропаның ең мықты командалары сайысатын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты.

Бұл қазақ футболының тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Тарихи серпіліс, тарихи жеңіс. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Қарағандының «Шахтер» командасы дәл осы кезеңге дейін жетіп, Шотландияның «Селтигіне» есе жіберген. Ал «Астана» бұл асуды еш қиындықсыз бағындырды.

Қазақ футболының тарихында болған айтулы жеңіске орай Елбасы «Астана» футбол клубын құттықтады. Осынау шын мәніндегі тарихи жетістік жанкешті ойынның, ынтымақтың, шебер бапкерлік жұмыс пен жанкүйерлердің қызу қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.

«Команданың табысы бүкіл Қазақстан халқын біріктіре түсті. Бұл оқиға спортты елімізде одан әрі танымал етуге тың серпін беретініне сенімдімін. «Астананы» енді футболдағы әлемдік алып командалармен бәсекелер күтіп тұр.

Бұл біздің жанкүйерлерімізге жаңа сапалық деңгейдегі ойындарды көзбен көруге мүмкіндік береді», делінген құттықтауда. Президент барша қазақстандықтардың атынан командаға жарқын жеңістер тіледі. 

Елордалық клуб ерледі. Топтық кезеңге шығу үшін біраз терледі. Іріктеу матчтарында «Марибор» мен «Хикті» қапы қалдырды. Ал, соңғы плей-офф кезеңінің алғашқы ойынында өз алаңында 1:0 есебімен кипрліктерден басым түсті.

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өту үшін «Астанаға» қарымта ойында есе жібермей, тек тең ойнаса да жеткілікті болған. Дегендеріне жетті. Сөйтіп, Кипрде өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды.

Тартысты кездесуде қарсыластар есеп ашты. 60 минутта айып добын тепкен Семар Штилич гол соқса, кездесу аяқталуға 6-ақ минут қалғанда Бауыржан Жолшиевтен пас алған Немания Максимович есепті теңестірді.

Биыл еуро-кубогтық маусымда «Астана» жұдырықша жұмылудың ерен үлгісін көрсетті. Командалық ойын үшін бұл таптырмас тәсіл. Алаңға шыққан ойыншылардың бәрі өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады.

Солардың бірі - Бауыржан Жолшиев. Словенияның Мариборымен кездесуде гол соқты. Финдердің «ХИК» командасымен қарымта ойында төккен тері мен берген пастары «Астананы» алға жетеледі. Ал, АПОЭЛ-ге қарсы өткен алғашқы ойында жеңіс голын салса, қарымта ойында да маңызды пастың авторы атанды.

Рашит Мифтахов, Бауыржан Жолшиевтің алғашқы бапкері:

Ол алғаш рет жаттығуға келгенде небәрі 8 жаста болатын. Жастайынан өте шапшаң, жылдам қимылдайтын. Сол қасиетінің арқасында қазір осындай биік белестерден көрініп жүр.

Осы қарқынмен бұдан ары еңбек ететін болса, онда ол еуропалық деңгейдегі футболшы болады. Әрине, алғашқы бапкері ретінде өзім іштей мақтанып жүремін.

«Астаналықтарға» қолдау көрсету үшін, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қала әкімі бастап, жанкүйерлер қостап тарысты ойынды «Қазмедия орталығының» үлкен экранынан бірге тамашалады. Ертеңінде елге жеткен команданы астаналық жанкүйерлер қошемет-құрметпен қарсы алды.

Осы жеңістен кейін «Астана» әлемдік футбол клубтарының рейтингісінде бірден 44 сатыға жоғарылап, 178-орынға шықты. Әрі УЕФА-дан 14 миллион еуро сыйақы алады. Енді Еуропаның кіл мықтылары сайысатын Чемпиондар лигасында 32 команда 8 топқа бөлініп өзара кім мықтыны анықтайды.

Ал елордалық клуб Испанияның «Атлетикосымен», түріктердің «Галатасарайымен» және Португалияның «Бенфикасымен» С тобында өнер көрсетеді.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу