Бұл аптаның тағы бір айтулы оқиғасын саралағанда, бабалардың «Түркі тектес түгел бол!» - деген аманаты тілге оралады. Күлтегін бабаның «Аспанда - күн, жерде – түркі» дейтіні тағы бар. Шын мәнінде, түркі дүниесі баршамызға ортақ. Біздің тарихымыз да, тағдырымыз да бір. Кешегіміз бір болған соң, келешегіміз де бір.
Осы жұмада қазақтың Ақордасында Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің V саммиті өтті. Осы үлкен жиында Нұрсұлтан Назарбаев «Түбі Түркі бауырлас елдерді жалғайтын алтын көпір - ортақ телеарна ашылады», деп мәлімдеді. Кеңеске мүше мемлекет Президенттері Қазақ басшысының бастамасына зор ықылас танытып, қолдайтындарын айтты. Тиісті құжаттар бекіді.
Қазір өзі жаһанда түркітілдес халықтар саны 200 миллионнан асады. Қай-қайсысының да геосаясатта, әлемдік экономикада өзіндік орны бар. Географиялық орналасуы да ерекшелеу.
Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғастырар транзиттік маңызға ие. Бұл мемлекеттер көмірсутегі қорына да, басқа да шикізатқа аса бай. Осындай артықшылықтар түркі әлемінің жиһандағы салмағын арттыра түсері сөзсіз.
Келешегі зор түркі жұрты жуан елдердің жеміне айналмас үшін тізе қосу қажеттігін біздің Президент талайдан бері айтып жүр. Сонымен, алқалы жиын биыл нені мұрат тұтты?
Саммит басталмай тұрып, Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әзірбайжандық әріптесімен жеке құрамда кездесті. Қазақ басшысы Илхам Әлиевтің Қазақ ханыдығының 550 жылдығына арналған салтанатты арнайы келіп қатысқаны үшін алғыс айтты.
Түркітілдес туысқан ел басшыларының алғашқы саммиті 2011 жылы Алматыда өтті. Осымен 5-ші мәрте ұйымдастырылған биылғы саммит дағдарыспен тұспа-тұс келді. Осындай өтпелі кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдерді бірлікке шақырды. Әрине, бұл түркілердің ықпалдасу үрдісіне өлшеусіз үлес қосары сөзсіз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, Түрік интеграциясының ортақ қорын құруды ойластыруға болар еді. Бұған іс адамдарын, демеушілерді қатыстыруға болар еді. Қазіргі жаһандану заманында түркі әлеміне ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру қажет. Түркі халықтарына ортақ арна құруды ұсынамын. Ендігі міндет осыны бірлесе іске асыру.
Исмет Йылмаз, Түркия Республикасы Парламентінің төрағасы:
Бүгінгі заман – ақпараттық технологиялар заманы. Шекаралар өшіп, күллі әлем ортақ ақпараттық кеңістікте өмір сүруде. Бұл орайда, Түркі тілдес елдердің ортақ телеарна ашу идеясы өте орынды. Түркия жағы бұл бастаманы қолдайды.
«Түркі халықтарының 15 ғасырға дейінгі тарихы» атты оқулық жарық көрді. Кітапты Түркі академиясы дайындаған. Мемлекет басшысы осы оқулықты мектеп бағдарламасын енгізуді ұсынды.
Түркі әлемі ортақ руһани, мәдени құндылықтармен қатар экономикалық байланыстардың баянды болуына да ынталы. Бұл ретте түркі елдерінің геостратегиялық орналасу ерекшелігін пайдалану жағы кенжелеп тұр.
Жүк тасымалы мен транзит көлемі көңіл көншітпейді. Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бүкіл Еуразия өңірінің өркендеуіне оң ықпалын тигізері хақ,-деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өздеріңіз білесіздер, құрылысы таяуда аяқталатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» дәлізі осы кеңістіктегі негізгі транзит құралына айналады. Туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Қолдауға шақырамын.
Ильхам Әлиев, Әзірбайжан Республикасының Президенті:
Әзірбайжан түркі тілдес елдерге инвестиция салуды жалғастыра береді. Бауырлас елдер ішінде Түркияға қомақты қаржы құйдық. Қазақстан мен Түркіменстан үшін біздің ел транзитке айналды. Қай салада болсын байланысымыз нығайып келеді.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан Республикасының Президенті:
Әр саммит сайын талқыланатын тақырыптар әр алуан саланы қамтып келеді. Мәселен, кеше біздің делегация көшпенділер орталығын құру туралы келісімге қол жеткізді.
Бұл орталық көшпенділердің мәдени мұрасын бүгінгі ұрпаққа насихаттауды қолға алады. Бір сөзбен айтқанда, біздің мұндай бастамалар бабалар салт-дәстүрінің жаңғыруына атсалысады.
Түркі тілдес халықтардың туыстық тамыры тереңге тартады. Сарайшық пен Сығанақтың арасы бүгінде Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан мемлекет құрған оғыздар әулетінің берекелі бесігі тұр. Ал, киелі Түркістанға ислам дінін қабылдаған күллі түркі жұрты тағзым етеді.
Осыны тілге тиек еткен Елбасы Түркістандағы Яссауи атындағы университетті Түркі әлемінің басты оқу орны ретінде жариялауды ұсынды. Кеңес соңында Президенттер тұрақты кеңестің жұмысын жандандыру үшін Астана декларациясын қабылдады.
Алтайдан Ақтеңізге дейінгі ұлан-ғайыр даладағы бауырлас елдер достастығына бұл құжат тың серпін бермек. Ал, кеңестің келесі отырысы Қырғызстанда өтеді.
Президенттер өзара келісіп, келесі саммит «Түркі тілдес елдердің ұлттық ойындары» тақырыбы аясында өтсін бекітті.
Ғабит БӨКЕНБАЙ