Ұлы даламызды ұлы тұлғалар – кемеңгер де киелі хандарымыздың руһы кернеп тұр. Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау осы аптада еліміздің айбынды Астанасынан бастау алды.
Елдіктің, бірліктің белгісіндей осы бір айтулы оқиғаны тойлау туралы сауын айтылып, ақжолтай хабар тарағалы бері Қазақ елі дайындықты бастап кеткен еді. Мұның бәрі әлбетте, азаттықтың арқасы. Әйтпесе, тілімізге тұсау түсіп, аузымыз буылып келді. Кешегі кеңестік заманда терең тарихымызды толық танып білуге мүмкіндік берілмеді.
«Біздің тарих – олдағы қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», деп Қадыр ақынның жырға қосуы ащы шындық болатын. Салтанатты мерекені ашып берген Мемлекет басшысы да кесапаты көп болған кеңестік кезеңнің сұрқия саясаты тұншықтырған тарихымызды тану - Тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғандығын айтты. Ұлтты ұйыстыратын ұлы той көне Тараз жерінде жалғасады.
Тарих – тәрбие төресі. Өскелең ұрпақтың өресі биік болу үшін тарихты ұмытпай, ұлықтау қажет. Ал, аға буынды өкшелеп келе жатқан жастарға өткенді екшелеп түсіндіру – біздің парыз. Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізудегі негізгі мақсат – осы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде ханның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атын да білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жарым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үстем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды.
Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?», деп ашына жазған. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқайы саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын болғанына сенудің өзі қиын. Бірақ, Кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.
Ресейге бодан болған үш ғасырдың ішінде біздің тарих табанға тапталды. Дүниеде руһани қорлық көрген халық екеу болса, біреуі қазақ, жалғыз болса, ол да қазақ. Бірақ, біздің тарихтың тамыры тым тереңде. Салтанатты жиында Мемлекет басшысы ұлт тарихын тереңнен ширатты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді.
Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ болып бөлініп, жауларына жем болды.
Жауға жем қылған – ішкі іріткі. Бірлік жоқ жерден береке қашады. «Ырыс қайда барасың десе, ынтымағы жарасқан жұртқа», дейді. Президент «бұл жолы да біріңді бірің дос көр», деді. Өйткені, бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнары, ел қорғағанда күш-қуат берер айбары, деді.
Осыны әрдайым жадымызда ұстаған жөн. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықтары ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Ата тарихы бізді осыған үндейді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай шашылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлттар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын.
Елбасы Ұлт үшін ұлық мерекенің мән-мағынасына да тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жылдық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозыбасы тауының етегінде тарихи оқиға болды.
Бұл – біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса маңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қазақ хандығының шаңырағын көтерді.
«Қасқа жолды Қасым хандықтың іргесін бекітті. Хақназар шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтті. Тәуекел Түркістанды түгел Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды», деді Президент.
Сөйтті де әз Тәукенің «Жеті жарғысына» тоқталды, ел тарихында «Ақтабан шұбырынды» деген атпен қалған жоңғарлармен жорықты да сөз етті.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хандар шықты.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», береке-бірлігі асқан қазақ қолы 1730 жылы Аңырақай түбінде жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.
Одан кейін Кеңес одағы тұсындағы тарихқа тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды. Бұдан кейінгі Қазан төңкерісінен, Азамат соғысынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылықтан, ер-азаматқа да, елге де сын болған II Дүниежүзілік соғыстан қазақ қаншама қансырап шықса да, азаттық аңсаған өршіл руһы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.
Өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Тарихты бүгінмен сабақтастырып, ата-баба даңқын арттырудан, сол биік беделді әлемге мойындатудан асқан бақыт жоқ! Осы тұрғыдан келгенде Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі буыны - бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абыройын асқақтатты, деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қазақстандық жолды» ұсындық.
Дамудың ең жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» стратегиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде алға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық.
Азаттық жолы расында ұлы жол. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат кезең.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл руһты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар.
Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын!
Айбек ҚОБДАБАЙ
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ