Доллар неге көтеріліп барады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доллар неге көтеріліп барады?

20.09.2015
Доллар неге көтеріліп барады?

Бүгіннің бар әңгімесі доллардың құны болып тұр. Долларсыз әңгіменің тұзсыз ас секілді дәмі кірмейді. Қазақ теңгесінің құтын қашырған бірінші мұнай, екінші рубль, үшінші қытай. Дәл осы жерде орыс факторы туралы аз-кем айта кетелік.

Біздің қоғамда Ресеймен тым жақындасу, биліктің тым орысшыл ниеті экономиканы әлсіретті деген пікір бар. Қазақтың экономикалық саясаты дербес. Бірақ, бір дүниені дұрыс түсінген абзал, бізді кімдер қоршап жатыр.

Теріскейің түгел орыс, шығысың қытай, оңтүстік шығыстан бастап қырғыз, өзбек батыста Түркімен, сосын тұйық теңіз Каспий. Енді сауда кіммен жүрмек? Көршімнің пиғылы теріс, маған бұл ұнамайды, деп алып жерімізді арқалап басқа планетаға тағы көшіп кете алмаймыз.  Яғни, сауда-саттық  Ресей нарығымен және әлемдегі ең ірі тұтынушы нарықтардың бірі Қытаймен болмақ.

Сол Қытайдың юані арзандады, Ресейді рублі күнде құбылады. Ендеше біздің теңгенің жағдайы өгізге туған күннің бұзауға да келерін көрсетті. Негізі бес-алты жыл бұрын біз жаһандану деген процестің тек рухани сипатқа әсерін ғана көріп у-шу болыппыз.

Естеріңізде болса, тіл құриды, дін құриды, дәстүр жоғалады деп қалам ұстаған қауымның барлығы күңіренді. Сөйтсек, глоболизация дегеніңіздің негізгі апати сипаты руханиатта ғана емес, экономикада екен. Бар гәп әлемдегі ірі экономикалардың бір-біріне кірігіп, ұйысып қалуында екен. Мұхиттың арғы жағында дағдарыс басталса, демде бізге де жетіп келеді.

Ресей экономикасына шеттен келген мол ақша санкциялардан соң жөңкіле көшіп Азия нарығына ауған секілді еді, енді одан да қашып бара жатқандай. Қош, осы аптада доллар теңгені бүктеп, жалғыз күнде 300-ден асты. Тәлтіректеп қалған теңгені Ұлттық банк демемегенде, демі үзіліп кетер ме, дедік.

Астанадағы ақша айырбастау орны. Әдетте, дәл мынадай қарақұрым халық болмайтын. Қазір керісінше, кезек күткендер көп. Түрлі себеппен келген. Мысалы сұхбат беруден бас тартқан мына апайдың берешегі бар. Қабағы қатулы. Қарызды дәл 20 тамыз күні алған. Ертеңінде доллар бағамы бірден 255 теңгеге көтерілді. «1 күн күте тұруым керек еді»,- дейді.

Жамбыл ақсақал да жабырқаулы. Қарыз алған, доллармен, ұлттық валютамен емес. Ұтылды, 200 мың теңгесі жұтылды. Табыс теңгемен болса, қарызды теңгемен алған жөн, дейді.  Доллармен алды, енді доллармен қайтарады.

Жамбыл Серікбаев, зейнеткер:

Бір кісіге бір қарызымыз бар кішкене. Доллармен қайтаруымыз керек. 200-300 доллар.

Соңғы бес жылды есептейік. 2010 жылы орташа есеппен теңгенің долларға шаққандағы құны 147 теңге, 2011-де 148, 2012 жылы 150 теңгеге көтерілді. Ал 2013 жылы 3 теңге қосса (153), былтыр ақпанда 30 теңгеге бірден шарықтады (183), биыл 183-тен 270-ке бірақ жетті. Бұрын бір миллион кәдімгідей қомақты еді (5мың доллар). Қазір 3 мың доллардан сәл асады. 

Доллар неге көтеріліп барады? Себеп көп. Әуелі, ел экономикасы шикізатқа тәуелді. Біздің бюджеттің 80 пайызы шикізаттан түседі. Былтырғы маусыммен салыстырсақ, мұнай бағасы 2,5 есе арзандады. Жалғаса берсе, жағдай ушығады.

Талғат Демесінов, экономикалық сарапшы:

Егер мұнай бағасы 50 доллардан асатын болса, қазір 47-49 доллардың маңайында жүр бір баррелі. 50 доллардан асатын болса, теңгенің долларға шаққандағы курсы күшеюі мүмкін. Ал 30 доллардан төмен түсіп кететін болса, онда теңгеден 345-тен де ары қарай 350-ге дейін құлдырау мүмкіндігі бар.

Қазақстанның - ЕуроОдақ елдерімен арадағы  алыс-берісі 43 пайыз.  Ресейдің үлесі - 19. Ал, сыртқы сауданың 14 пайызы Қытайға тиесілі.

Алып экономикасы бар біздің басты сауда серіктестердің қазір халы мүшкіл. Бұл – доллар бағамына салқынын тигізген - екінші себеп. Айтылған қос салдар да долларды бірден көтермейді. Біртіндеп. Ал доллардың бағамын КАSЕ белгілейді. KASE деген - Қазақстан қор биржасы, сауда-саттық алаңы. Алматыда орналасқан. Міндеті – ұлттық валюталық нарықты ұйымдастыру, әрі дамыту.

Мұнда күнделікті түрлі валюталық операциялар болады. Қор биржасына қатысушылар ресми түрде тіркеуден өтеді.  Олардың көбі брокер, трейдерлер, екінші деңгейлі банктер, қаржы ұйымдары, жеке және заңды тұлғалар. Валюталық бағамның жасалуына осы кісілер тікелей әсер  етеді.

Андрей Цалюк, «Қазақстан қор биржасы» АҚ төрағасының орынбасары:

Доллардың курсы сұраныс пен ұсыныстың қатынасына тәуелді. Яғни, таңертеңнен валюта категориясы бойынша биржаға қатысушы 31 банк саудаға түседі. Барлығы 3 сессия болады.

Банктер валютаны сату мен сатып алу бойынша өтініш жасайды. Нәтижесі бойынша, егер ұсыныс сұраныстан көп болса, доллардың құны түседі, керісінше, егер ұсыныс сұраныстан артық болса, доллар әрине, көтеріледі. 

Ұлттық банк мәліметінше, теңге бағамының күрт өсуінің соңында қор биржасына қатысушы ірі ойыншылар тұр. Олар доллар дүрбелеңін қасақана қолдан жасап отыр. Бұл – үшінші сеп.

Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Қазір тексеріп жатырмыз. Оны аяқтағанша, біз бірінші рет қаржылық интервенциямен шықтық. Кез келген интервенция осыдан бастап, күн қорытындысында ресми түрде жарияланады. Біз бүгін араласуға шешім қабылдадық.

Қазір бір доллар 270 теңге. Бұл - қаржылық реттеушінің араласуынан кейін біршама арзандағаны. Қуантады. Бірақ, 16 қыркүйектен бері үш күн ішінде теңге бағамын тұрақтандыруға жұмсалған интервенция 481,6 миллион доллардан асты.

Егер Ұлттық банк өктемдігін жалғастыра берсе, алтын валюта қорларының мөлшері азаяды. Интервенцияны тоқтатқан күні доллар қайта көтеріледі. Бұл-  заңдылық. Нарықтағы әккі ойыншылардың діттегені де осы болуы мүмкін. Сол үшін валюта нарығында ашықтық керек.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Негізі валютаны сату, сатып алу процестерінің барлығы да біздегі қор биржа нарығында, KASE-де жүзеге асырылады. Осы ұйымның жалпы сату, сатып алу операцияларына объективті бір талдау жүргізу.

Өйткені, сатып алушылар немесе сатушылар осы арада бәрін объективті жүргізе ме деген сұрақ. Көбінесе, бізде ондай ақпарат жетіспегендіктен, доллардың қандай шекке байланысты жоғарылап жатқанын сырттан болжамдай алмаймыз.

Доллар өссе де, экономика өшпейді. Әрине, ұтқаны бар, ұтылғаны да бар. Бірақ, инфляциядан қашып құтыла алмайсың. Отандық тауарларға емес, сырттан келетін тауарлар құны қымбаттауы мүмкін.

Талғат Демесінов, экономикалық сарапшы:

Инфляция осыған дейін 6-8 пайыз дәлізде болып келді, қазір 10-12 пайыз мөлшерінде деп болжанып отыр. Тіпті нақты инфляция көлемі кейбір есептеулер бойынша 20 пайызға жетуі мүмкін.

Ал, экономиканың қозғаушы күші саналатын бизнеске жаңа бағам береке береді. Доллардың өсуі кәсіпкерлерге керек. Әсіресе, экспортпен айналысатындарға. Олар тауарын шетке доллармен сатады.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Сыртқа өнім шығаратын кәсіпорындарымыз қазірдің өзінде өздерінің болашақтағы пайдаларын мөлшерлеп отыр. Өйткені, біздің тауарларымыз неғұрлым бәсекеге қабілетті болған сайын біздің жұмыс орындары да қалыпты болады деп айта аламын.

Енді алушы мен салушы туралы. 18 тамызға дейін депозитті теңгемен ашқан 2 миллионға жуық ағайын өтемақы алатын болды. Салым 1 миллион теңгеден аспауы тиіс. Өтініш 1 қазанға дейін қабылданады.

Ал үйі жоқ, содан күйі жоқ көп ағайын несиемен доллар алды. Алды да сан соғып қалды. Елдегі ипотека көлемінің 15-20 пайызы соларға тиесілі. Ержан Жақаш осыдан 2 жыл бұрын несиеге 44 мың доллар алыпты. 180 ай мерзімге. Пәтер мен көлік алу үшін.

Ержан Жақаш, Астана қаласының тұрғыны:

Несиені 2013 жылы алдым. Айына 562 доллардан айналды. Ол кезде доллар курсы арзанырақ болған. Банкке барып бұрынға курспен төлесем, деп ұсыныс жасап едім, олар созаемщик тауып кел деді, енді доллар шарықтап жатқаннан кейін, оған келісе қоятын адам екіталай. 

562 доллар ол кезде шамамен 75 мың теңгенің көлемінде-тұғын. Қазір Ержан екі есе, 150 мың төлеуі тиіс. Несиеге алған мына көлігін енді сатады. Басқа амалы жоқ. Жалпы, тығырықтан шығудың бір ғана жолы бар. Долларға деген тәуелділіктен арылу.

Талғат Демесінов, экономикалық сарапшы:

Теңгенің былай құбылуына, құнсыздануына жол бермеудің бір-ақ жолы бар. Ол ұлттық экономикадағы ұлттық тауар өндірісін дамыту. Ұлттық тауар өндірісі дамымай, болмайды.

Біздің қазақстандық, терең өңделген, яғни қосылған құны жоғары нақты тауарлар, киім-кешек, азық-түліктер өндіріліп және олар әлемдік нарыққа демей-ақ қояйын, Қазақстанмен шекаралас мемлекеттерде сұранысқа ие болған жағдайда сол мемлекеттер тарапынан теңгеге деген сұраныс пайда болады. Сол кезде барып теңгенің бағамы тұрақталады және қазіргідей өте құбылмалы болмайды.

Доллардың шегі жоқ. Бүгін былай, ертең басқаша құбылады. Бір ғана кеңес –теңгеге тәуелділікті арттырмақ қажет. Ұлттық өндіріске дем беруге ден қою керек.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу