Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы мәлімдемелері дүние жүзінде талқылануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы мәлімдемелері дүние жүзінде талқылануда

04.10.2015
Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясындағы мәлімдемелері дүние жүзінде талқылануда

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Бас мінберден көтерген тосын бастамаларының бірі - БҰҰ кеңсесін Азияға көшіру. XXI ғасыр Азияның дәуірлеу кезеңі деген пікір бар.

Сингапур, Малайзия, Корея, Қытай, Жапония секілді мықтылар, Үндістан секілді ірі нарықтарға қарап туған ой болса керек. Яғни, жаһандық ұйымды көшіру туралы пікір тақыр жерден туған жоқ.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың дүниеге ортақ валюта шығару идеясы, террорға тойтарыс беру үшін жаһандық желі құру туралы бастаманы біздің өзге елдердегі әріптестеріміз іліп әкетті. Әлем баспасөзі не дейді? 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Нью-Йорктегі әлемдік құрылтай мінберінен жасаған мәлімдемелері дүние жүзі басылымдарында қызу талқыланып жатыр.

«The Associated Press»: Маңызды оқиға атақты «The Associated Press» ақпарат агенттігі назарынан тыс қалған жоқ. Агенттік сайтында «Қазақстан радикалды ұйымға қарсы күрестің кілті  - бірлікте деп түсінеді» деген атпен көлемді мақала жарық көрді.

Туынды авторы  қазақ Президентінің халықаралық қауымдастықты БҰҰ-ның 100 жылдық мерейтойына қарай толықтай ядролық қарудан бас тартуға үндегенін айтқан. Бұған қоса, тілші еліміздің өз аумағындағы ядролық полигонды тарихта тұңғыш болып жапқанын да мысалға келтіреді.

«Cihan»: Ал, түріктің «Cihan» ақпараттық агенттігі Елбасының БҰҰ аясында терроризм және экстремизге қарсы күрес мәселесі бойынша ауқымды құжат дайындау қажеттігі туралы ұсынысын сөз еткен.

«РИА Новости»: Ресейдің «РИА Новости» ақпараттық агенттігі Нұрсұлтан Назарбаевтың  мемлекеттерді экстремизмге қарсы күш біріктіруге шақырғанын мәлім етіп, БҰҰ мінберінен сөйлеген сөзінен үзінді келтірген.  «Бізге жаңа әлемдік консенсус қажет. Мемлекеттер саяси жігерін көрсетіп, ортақ қауіпке қарсы жұмыла күресуі тиіс. БҰҰ-ның антитеррористік коалициясын құру, экстремизм және терроризмге қатысы бар тұлғаларды іздеу, ұстау, экстрадициялау бойынша ортақ әрекеттер тетігін дайындау қажет».

«Hungarian Ambiance»: Ал, Венгрияның «Hungarian Ambiance» немесе «Венгрия рухы» сайтында Қазақстан лидерінің БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру идеясы туралы мақала шықты.  Автор Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұсынысын Азияның өркендеу дәуірімен байланыстырады.

Бұған қоса, Елбасының штаб-пәтерді Азияға көшіру - мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін маңызы зор екендігі туралы пікірін де келтірілген.

Қазақ Президентінің БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында жасаған мәлімдемелерін  әлемнің «New York - The Telegraph», «Reuters», «Xinhua» тәрізді көптеген басылымдары мен ақпарат агенттіктері де жарыса жариялап жатыр. 

Арай ТӨЛЕГЕН

Хабарламаларға жазылу