Бидай – жайқалып өсуі үшін ғылым керек. Біздің диқандардың дені бұрынғы әдіске салады.
Негізі, теріскей аймақтарда егін өсіру - үлкен тәуекелді қажет етеді. Суармалы алқап жоқ. Ерте көктемде танапқа тұқымды шашып тастаған соң диқан біткен ала жаздай жауын тілейді.
Ал, дұрыс елдер кез келген кәсіпке, кез келген салаға ғылымды араластырмай отырмайды. Бұл міндетті Президент Нұрсұлтан Назарбаев та сан мәрте айтқан.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізде ауыл шаруашылығы ғылымы дамымай, тұралап тұрғанын мойындауымыз керек. Агроөндірістік кешен жанынан ұлттық ғылыми кеңес құрылуы қажет. Субсидиялауға бөлінетін қаржының бір бөлігін ғылым мен технологияны дамытуға жұмсаймыз. Бізде әлі күнге дейін шаруашылықты дамытуға бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізіліп көрмепті. Ғылымсыз, тың технологиясыз бірде-бір сала дамымайтынын ескертемін.
Ғалым мен технология араласпаған саланың көне тәсілмен өркендеп кетуі екіталай. Басқасы басқа, қазақтың бұрыннан негізгі сүйеніші, тірегі болып келген ауыл шаруашылығына ғылымды енгізу өте маңызды.
Әсем Изатқызы, тілші:
«Дүние де - өзі, мал да - өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз...». Расында, ғылымсыз ешбір сала көктемейді, көгермейді. Тіпті мына масағы майысқан бидайдың сорттарын сұрыптау үшін де жаңа технология қажет. Өйткені ел экономикасының негізгі драйвері - егін шаруашылығы.
Биыл республика диқандары 15 миллион гектар дақыл септі. Астықты аймақ – Ақмола облысында 3,6 миллион гектарға бидай егілді. Жыл сайын облыс диқандары ел қамбасына 5 миллион тоннадан астам ырыс дәнін құяды.
Көрсеткішпен өңір тоқмейілсімек емес. Көкшетаулық ғалымдар Ақмола өңірінің табиғатына қолайлы бидайдың сұрыптарын іздестіріліп жатыр.
Кенже Абдуллаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Бірінші рет дүниежүзінің түкпір-түкпірінен жаңа сорттарды алып келдік. Америка, Канада, Германиядан 250 сорт алып келдік. Құрғақшылыққа қарсы бұдандастырумен айналысып жатырмыз.
Ғылым таппай, мақтануға болмайды. Абайдың ұлағаты - осы.
Ғылымның шарты - үшеу. Зерттеу, әзірлеу, енгізу. Бізде зерттеу терең жүргізіледі. Нәтижесі бойынша сараптама да әзірленеді, бірақ сол әзірлеменің өндіріске енгізілуі енжар.
Жексенбай Қасқарбаев, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының директоры:
Кеңес одағы кезінде қалай болды, сол қалпы қалды. Дамып жатқан жоқ. Мысалы, ғылыми зерттеулер жасап, ғалымдар жаңалық ашып жатыр, бірақ ол ешкімге керек емес. Меніңше, заңға өзгеріс енгізу керек.
Өндірістегі ғылымның тұралауының себебі бірнешеу. Бірінші, бізде ғалым аз. Барының өзі егде тартқан. Жастар жоқ.
Кеңес одағы күйреген кезде жүйесі бар ғылым жүдеп кетті. Жалақы жоқтықтан, басы бар талай ғалым босып кетті. Ойлаңызшы, 200 ғалым ғылымнан кетті деген сөз, 200 мидың кеткені.
Қайрат секілді жапан далада жалғыз жүріп, білекті түріп, ыстық-суыққа төзетіндер кемде-кем.
Қайрат Құнанбаев, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының аға ғылыми қызметкері:
Қазіргі күні үлкен кеселдің бірі - жаһандық жылыну. Бұл - ең әуелі сіз бен біз тұтынатын азық-түліктің сапасына әсер етеді. Қазір ауаның сынамасын алып, зертханаға жіберемін. Сонда зерделейміз.
Өндірістегі ғылымның өркендемеуіне тағы бір себеп – ғалымдар тапқан тың дүниелерге сұраныс жоқ. Мысалы, Астанадан 70 шақырым жерде Бараев атындағы қазақ астық шаруашылығы дейтін ғылыми-өндірістік орталығы бар. Топырақтану, егіншілікті зерттеуде жаңалықтары жетеді.
Светлана Дошкевич, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
Біздің зертхана орталықта шығатын өнімдердің сапасын анықтаумен айналысады. Жаңа сорттар дайындаймыз. Мысалы, мынау «Асыл сапа» дейтін жаңа сортымыз. Түрі, түсі өте жақсы. Иісі де жағымды. Жалпы, біз үш жылда 2-3 жаңа сорт ұсынамыз. Бірақ сұраныс жоқ.
Юрий Похоруков, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
Біздің ғылыми зерттеулеріміз көп. Бірақ шаруалардың дәстүрлі технологияға еті үйреніп кеткен. Жаңа дүниелерді жатсынатындай. Оларға тың технологияның тартымды тұстарын түсіндіру тым қиын.
Жаңалықтарымыз жақсы. Бірақ жүзеге асыру жоқ. Мысалы, жер құнарын сақтап қалудың соны технологиясын ұсынғанда да, кішігірім шаруалардың онымен шаруасы болған жоқ, дейді ғалымдар.
Кенже Абдуллаев, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Ғалымдар жасаған сорттарды берді. Барлық шаруаларға ал деп айта алмаймыз. Олар мына өнімді алу керек деп, құштар болуы тиіс. Егер біз жердің құнарлығын көтерсек, құнарлықтың арқасында өнім жақсы болады.
Қазір жерді жырта-жырта «өлтіріп алу» алдында тұрмыз. Топырақ эрозиясы жаһанның жауына айналды.
Соңғы 100 жылда су мен жел эрозиясының кесірінен жер бетінде 2 миллиард гектар ауыл шаруашылығының құнарлы жерлері жарамсыз болып қалған.
Надежда Филипова, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
Фермерлердің басым бөлігінің шаруашылыққа қатысты білімі жоқ, бәрі бірдей агроном емес. Мысалы, олардың арамшөпті кесуге арналған арнайы құрылғылары да жоқ болып жатады. Бұл, әрине, егінге кері әсерін тигізеді. Біз оларға ақыл айтамыз, былай істесеңдер дұрыс болады, деп. Бірақ көбі қызығушылық таныта бермейді, танытқандарының қаражаты жоқ болып жатады. Тіпті олар бір ғана техникамен егіншілік мәдениетінің барлық түрін еккісі келеді де, бітік егін болса дейді. Бірақ олай болмайды.
Техника демекші, ғылымның құлашын кеңге жаюына кері әсерін тигізіп отырған тағы бір жайт - осы. Мысалы, Қазақстандағы сорттардың 70 пайызы Бараев атындағы қазақ астық шаруашылығы орталығына тиесілі. Бірақ олардың да техникасы сақылдап тұрған жоқ. Көне.
Ради Сулейменов, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бөлім меңгерушісі:
Техника ескірген. Мысалы, мына комбайн былтыр ғана берілді. 80-жылдардан бері жаңартылмаған еді. Бір жылдан кейін-ақ кез келген техниканың тозығы жетіп, озық техникалар шыға бастайды.
Ғылымның дамуына қолбайлау болып отырған тағы бір мәселе – қаржы. Нақтырақ айтсақ, оның аздығы. Сандарға зер салсақ.
2010 және 2011 жылдары ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыруға 20 миллиард теңге бөлінсе, 2012 жылы оның көлемі 2,5 есе артып, 50 миллирд теңгеге жеткен.
Жан басына шаққанда елімізде ғылымға жұмсалатын шығын жылына 14 АҚШ долларынан аспаса, Ресейде – 70, АҚШ-та – 892, Швецияда – 875, Финляндияда – 726 АҚШ долларына жетеді екен.
Ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегі – ұшан-теңіз. Қайраттың жалақы алмағанына 4 ай болды. Жұмыс істеп жүр бірақ.
Өйткені ол ғылымға ғашық. Осылай жалғаса берсе, жоғымызды жырлап жүріп, барымыздан айырылып қалмайық.
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ