Сириядағы сергелдең жалғасып жатыр. Бұл елде сүнниттік қарулы топтарды АҚШ, Түркия, Парсы шығанағы елдері, ал шиит-алавит Башар Асадтың армиясын Ресей қолдап отыр. Болжамдарға қарағанда, Мәскеу жіберген ұшақтар қазір содырлар жариялаған мемлекеттің бекіністерін емес, Батысқа арқа сүйеген оппозициялық күштердің позицияларын бомбалап жатыр.
Алайда, Кремль мұны мойындамайды. Ресейдің Сириядағы әрекеті НАТО-ны Шығыс Еуропадағы қорғанысты күшейтуге мәжбүрлеп отырғандай. Бірер күн бұрын Солтүстік атлантикалық альянс Еуропада командалық штабын көбейтуге уәде етті. Ал, АҚШ, Ұлыбритания, Германия Балтық елдеріне ұзақ мерзімге әскер жібереміз деп ескертті.
Сирия армиясы болса, өздері айырылыған территорияларды қайтару үшін осыдан үш күн бұрын ауқымды шабуыл бастады. Экстремистерге Ресей әуеден, шиит жасақтары мен Асад жауынгерлері жерде соққы беріп жатыр. Құрама Штаттар содырлар мемлекетіне қарсы екінші майдан ашуға әзір.
Сириядағы соғыс 2011 жылы басталды. Содан бері 250 мыңдай адам қаза тапқан. 23 миллион тұрғынның тең жарымы босып кеткен. Бұл жанжал қалай басталды және оның түп себебі неде?
Араб елдерінде 2010 жылдың соңында басталған революция өрті Сирияны 2011-дің қысында шарпыды. Президент Башар Асад жаппай көшеге шыққан халықтың талабы бойынша елде саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар да жүргізіп көрді.
Бірақ, демонстранттар «Биліктен кет!» деген ұранды тоқтатқан жоқ. Содан кейін екі жақ та қолдарына қару алды. Бұл жанжалдың діни астары да бар.
Зерттеулерге қарағанда, Сирия халқының 80 пайызы – сүнниттер. Асад пен оның айналасындағылар болса - саны 15-20 пайыздан аспайтын шиит-алавит сектасынан.
Таяу Шығыста бұл екі ағымның сан ғасырлық араздығын ескерсек, Сирияда ішкі саяси тұрақсыздықтың діни соғысқа айналып кетуін түсіну қиын емес. Бірақ, Асадтың ойынша, оған қарсы шыққандардың барлығы – Америка мен Еуропаның айтағына ерген террористер.
Башар Асад, Сирия президенті:
Егер батыс босқындарға жаны ашыса, террористерді қолдауды тоқтатсын. Президенттік мәселесіне келсек, жалпы, адам билікке қалай келеді? Халық пен сайлау арқылы емес пе? Дәл солай кетеді де. Бұл жерде Американың қатысы қанша?
Атлантадағы Джимми Картер орталығының мәліметінше, төрт жарым жылға созылған соғыста Сириядағы қарулы топтардың саны 7 мыңға жеткен. Олардың барлығы қазір Асад армиясымен ғана емес, Ислам мемлекетімен де қақтығысып жатыр.
Бірақ, осы 7 мың топты саяси-идеологиялық және территориялық тұрғыдан бірнеше ірі фракцияға ғана бөлуге болады.
Алеппода – «Ансар әш-Шария» мен «Нұсра майданы», Идлиб, Хама, Латакия провинцияларында - «Джаиш-әл-Фатах», «Ахрар әш-Шам», Дамаск аймағында «Ислам армиясы», оңтүстікте негізінен зайырлы мемлекет жақтастары соғысып жатыр. Олардың құрамына сан мың содыр кіреді.
Халед Ходжа, Сирия революциялық және оппозициялық күштері ұлттық коалициясының президенті:
Бізде ондаған мың соғысушы бар. Олар қазір экстремистермен де, режим армиясымен де күрес жүргізіп жатыр.
Президент армиясы қазір ел аумағының, шамамен, 15-20 пайызын ғана бақылап отыр: мемлекет астанасы Дамаскіні, Латакия, Хама провинцияларын, Алеппоның бір бөлігін және тағы басқа елдімекендерді.
Түркиямен шекаралас аудандар – «Ислам мемлекеті» мен күрдтердің қарамағында. Қалған провинциялар шииттік «Хезболланың», сүнниттік «ән-Нұсра майданының» және өзге де қарулы топтардың ықпалында.
Үкімет әскері осы жазда мүлде әлсіреп, Башар Асад тіпті өзіне сарбаз жетіспейтінін мойындады. Ал, оның діндес бауырлары - алавиттер қоныстанған провинциялар көтерілісшілер қолына өтуге шақ қалған-ды.
Осындай шақта шииттік Иран мен «Хезболладан» жеткен әскери көмек бұл майданда Асадтың айбынын асыра алмады. Сондықтан, соңғы үміт – Ресейде еді.
Мазен Біләл, саясаттанушы:
Ресейдің авиациялық соққысы Сирияда бүгін қалыптасқан әскери балансты өзгертуге қажетті ақырғы мүмкіндік тәрізді. Өйткені, Асад армиясы экстремистік топтарды өз күшімен талқандауға қауқарсыз.
«Рейтер» агенттігі хабарлағандай, ирандық генерал Қассем Солеймани Асад әскерінің «жеңілісін жеңіске» айналдыру картасын Мәскеуге шілдеде апарған.
Ал, «Файниэншл таймс» газетінің мәліметінше, Батыс елдері Сирия аспанын ұшуға болмайтын кеңістік деп жариялауға шақ қалған. Бірақ, бұл жоспарды Мәскеу бұзды. Қыркүйектің 30-ында Ресей ұшақтары Сирия көгіне көтеріліп, нысандарды бомбалауға кірісті.
Әу-баста Кремльдегілер бұл операцияны күндердің-күнінде Орталық Азия мен Ресейге қауіп төндіруі мүмкін «Ислам мемлекетіне» қарсы бастадық дегенді.
Кейін Мәскеу Асад армиясына көмектесу үшін де Сирияға кіргенін мойындады. Ал, осы сәрсенбіде Ресей Сириядағы экстремистердің позицияларына Каспий теңізінен де соққы бере бастады. 26 зымыран Сирия жеріне Иран мен Ирактың үстінен 1500 шақырым ұшып барып жеткен.
Сергей Шойгу, РФ Қорғаныс министрі:
Авиациядан бөлек, бүгін таңертең Каспий флотын да тарттық. Оның 4 кемесі «Калибр» деген 26 зымыранды 11 нысанға бағыттап ұшырды. Бақылау мәліметіне қарағанда, көзделген объектілердің барлығы жойылды.
Зымырандардың төртеуі Иранға түсті деген ақпаратты Кремль растамай отыр.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Джон Кирби келтірген мәліметке жүгінсек, Ресей жасаған соққылардың 90 пайызы «Ислам мемлекетіне» емес, АҚШ, Түркия, Араб елдеріне сүйенген оппозициялық күштерге бағытталып отыр.
Бірақ, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков Американың өзін «террористерді» дәлдеп бомбаламады деп айыптады.
Ал, мынау - Алеппоның оппозиция бақылауындағы ауданының тұрғындары. Оларға сенсек, Ресейдің шабуылынан бейбіт халық қырылып жатыр.
Абдаллах Әбу Самер, қарулы топ бригадирі:
Бейбіт халық тұратын жерге бомба түсіп жатыр. Солтүстік Хамада, Идлибте, тау бөктерінде ИЛИМ-нің адамдары жоқ қой.
Дегенмен, президент Путин мәлімдегендей, құрбандар туралы хабарлар әуе операциясы басталмай тұрғанда-ақ жарияланған. «Біз мұндай ақпараттық майданға әзірміз» дейді Кремль басшысы.
Путин Сириядағы соғысқа неге килікті? Бұл сауалға қатысты түрлі теория көп. Олардың кейбірі мұнай бағасын түсіру үшін, Иранды Сириядан ығыстыру үшін, әлем жұртының назарын Украинадан басқа жаққа аудару үшін дегенге саяды.
Ал, Мәскеудегі Карнеги орталығы сарапшыларының ойынша, бұл интервенцияның мақсаты – Ресей мүддесінің тек постсоветтік кеңістікте ғана емес, одан тысқары елдерде де бар екеннін көрсету.
Алексей Малашенко, Карнеги орталығының сарапшысы (Мәскеу):
Басты мәселе – Сирияны бақылауда ұстау ғана емес, Таяу Шығыста қалу. Осылайша, Ресей Орталық Азия мен Украинада ғана емес, басқа елдерде де өзінің ұлттық мүддесі бар екенін көрсеткісі келеді. Таяу Шығыстан күреспей кету - Ресейге абырой әпермейді. Әскери операцияның тағы бір мақсаты – Башар Асадты бір жылдай, бәлкім жарты жылдай билікте ұстай тұрып, кейін коалициялық үкімет құруға көндіру. Мұндай идея Ресей мен Башардың өзін ғана емес, АҚШ пен Батысты да қанағаттандырады деп ойлаймын.
Аптаның ортасында Сирия армиясы мен шиит жасақтары биыл жазда жоғалтқан ауылдар мен қалаларды қайтару үшін ауқымды шабуылға кірісті. Бұл операция қазір Ресей ұшақтарының көмегімен елдің батысында жүргізілуде.
Оларға жәрдемдесу үшін араб республикасына Иран жүздеген жауынгер жіберді деген мәлімет бар.
Президент Барак Обама болса, осы аптада Сирияның солтүстік-батысында екінші майдан ашатынын жариялады. Оның мақсаты – «Ислам мемлекетінің» бейресми астанасы Ракканы алу.
Сонымен қатар, Вашингтон Сирия оппозициясына бұрынғыдай құрал-жабдық пен оқ-дәрі ғана емес, қару-жарақ та жөнелтпек. Алайда, Пентагон Сирияда Ресеймен ынтымақтасуға әзір емес.
Эштон Картер, АҚШ Қорғаныс министрі:
Ресей не айтса да, біз онымен күш біріктіруге келіскен жоқпыз. Ресей қате стратегияны жалғастыра беретін болса, арамызда ынтымақтастық орнамайды.
Таяуда Ресей өз ұшақтарының Сириядан түріктің әуе кеңістігіне қателікпен екі рет кіргенін мәлімдеді.
Мәскеудің бұл сөзіне сенбеген НАТО елдерінің қорғаныс министрлері Брюссельде шұғыл бас қосып, Түркияны қорғауға әскер жіберуге дайынбыз деп тарқасты.
Арыстан РЫСБЕК