Еуропа елдері мен АҚШ Иранды экономикалық санкциядан босатпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа елдері мен АҚШ Иранды экономикалық санкциядан босатпақ

25.10.2015
Еуропа елдері мен АҚШ Иранды экономикалық санкциядан босатпақ
Ал, қарашаның 30-на дейін Ислам Республикасы уран байытатын центрифугаларын сынауды тоқтатып, оларды МАГАТЭ-нің көзінше қоймаға қоюы тиіс. Желтоқсанның 15-де сол МАГАТЭ-нің инспекторлары Иранның осы талаптарды қаншалықты орындағанын тексереді. Ал, жыл соңында немесе 2016 жылдың басында Иран санкциядан құтылуы үмкін. Содан кейінгі жарты жылдан соң Тегеран ғаламдық нарыққа шығаратын мұнайының көлемін 1 миллион баррелге арттырудан үмітті.

Демек, «қара алтын» тіпті арзандап, инвесторлардың көңілі онсызда қымбаттап тұрған долларға аууы ғажап емес. Ал, Еуропаның орталық банкі жыл соңында экономиканы ынталандыру үшін нарыққа қосымша еуро беруі мүмкін. Қытай орталық банкі болса, өндірістің қарқынын шапшаңдату мақсатында пайыздық ставканы түсіруі ықтимал.

Дүние жүзінің 300-ге тарта экономисі биыл және келер жылы жаһандық экономиканың баяу дамитынын болжап отыр. Бұл «Рейтер» агенттігі жүргізген сауалнаманың нәтижесі. Оған Халықаралық Валюта қоры да қосылады. Мұнай бағасының арзандауы, Қытай экономикасының бәсеңдеуі, әсіресе, дамушы елдер үшін ауыр тиіп отыр.

Мәселен, Ресейде жылдық инфляция деңгейі 16 пайызға жуықтады, ал, жалпы ішкі өнімі биыл 4 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Батыстың санкциялары мен «қара алтын» құнының түсуінен елде кедейлер саны 3 миллионға артты. Ал, келер жылдың бюджетінде білім, денсаулық сақтау саласына шығындарды азайту көзделіп отыр. Биылдың өзінде еңбекақы 9-10 пайызға қысқарды. Бұл ретте Ресейдің жетекші экономистері жағдайды оңалту үшін рубльді молынан басып шығаруды ұсынып отыр.

Ал, төл ақшасын құнсыздандырып, жаһанды дүрліктірген Қытай экономикасы тұрақтала қойған жоқ. Ресми мәліметтерге сай, елдің жалпы ішкі өнімі 6,9 пайызға жетті. Бұл – соңғы алты жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Дегенмен, мұндай ресми деректердің шындықтан тым алшақтығы айтылып жатыр. Керек десеңіз, Қытай экономикасы небәрі 2 пайыздық өсімді көрсетуі мүмкін. Өндіріс қарқынын жылдамдату үшін коммунистік үкімет барлық мүмкіндіктерді пайдаланып көрді. Монетарлық және салықтық-бюджеттік ынталандыру қолға алынды, қор нарығына ақша салынды, ұлттық валюта құнсыздандырылды. Дегенмен, бұл шаралардың бірде-бірі оң нәтиже берген жоқ. Елдің ішкі қарызы жалпы ішкі өнімнің 300 пайызына жуықтаған. Ал, 70 миллиондай тұрғын кедейшіліктің тауқыметін тартып жүр.

Си Цзиньпин, Қытай төрағасы:

Қоғамда бірде-бір адам ұмыт қалмауы тиіс. Алдағы 5 жылда кедейленген миллиондаған тұрғынның тұрмысын түзеу қолға алынады. Мұқтаждықты жою – барша адамзаттың міндеті. Сонымен бірге, Қытай нашар дамыған немесе дамушы мемлекеттерге кедейшілікпен күресте барынша көмектесіп, қолдау көрсетіп отыр.

Қаржылық қысылтаяңнан шыға алмай отырған тағы бір ел – Грекия. Елдің үкіметі қатаң үнемдеу шараларын бірінен кейін бірін қабылады. Жуырда кезекті экономикалық реформалар жүзеге асады. Мұнда салық өсіп, зейнетақы мөлшері азайып, азаматтардың құрметті демалысқа шығу жасы ұзартылады. Басқа амал жоқ. Бюджеттік шығындар қысқартылмаса, халықаралық кредиторлардан несие тарту мүмкін емес.

Костас Скандалидис, социалист- депутат:

Қазан, қараша, желтоқсан айлары еліміз үшін оңайға соқпайды. Жағдайдың әрі қарай қалай боларын үкіметтің, парламенттің және халықтың күрделі кезеңде өздерін қалай ұстауына қарап болжауға болады.

Қарапайым гректер болса, үнемдеу шараларынан әбден қажыған.

Панос Гарганос, Афина тұрғыны:

Әлеуметтік қауіпсіздіктен жұрдаймыз. Болашақта мүлдем жәрдемақысыз, медициналық сақтандырусыз, зейнетақысыз қаламыз ба, деп қорқамыз.

Латын Америкасының жекелеген елдерінің экономикалық ахуалының нашарлауына мұнайдың арзандауымен бірге коррупция да себепші.

Венесуэлада инфляция деңгейі биыл 85 пайызға бір-ақ жеткен. Бірақ, Халықаралық Валюта қорының мәліметі басқа. Оған жүгінсек, Венесуэлада инфляция 159 пайыздан кем емес. Тұрғындардың орташа жалақысы 7 мың жарым боливар немесе 2 долларға да жетпейді.

Ал, кинотеатрдағы бір сеанстың құны – 60 доллар. Елде қара нарықтың нағыз гүлденген шағы. Алыпсатарлар басты тұрмыстық бұйымдарды бірнеше есе қымбатқа сатып, пайда тауып жатыр. Президент Мадуроға сенсек, Венесуэланы мұндай жағдайға жеткізген – оппозицияның билік беделін түсіруге бағытталған айла-амалдары. Алайда, сол оппозиция Мадуроны сауатсыз экономикалық саясат жүргізді, деп айыптап отыр.

Қазір Латын Америкасының алыбы - Бразилияда да қуат қалмады. Бұл мемлекет 25 жылдағы ең терең рецессияға ұшырап отыр. Мұнда денсаулық сақтау саласы құлдырап, арзан баспана бағдарламасы тоқтап, ауылшаруашылық субсидиялары қысқартылып, жалақы азайған.

Таис, Бразилия тұрғыны:

Еліміздің экономикасы нашарлап кетті. Жұмыссыздық проблемасы ушығып тұр. Түгелдей отбасымен жан бағар кәсіптен айрылып, табыссыз отырғандар көп.

Бұл елдердің экономикаларының тірегі – мұнай. Бірақ, сол «қара алтын» былтырғы маусым айынан бері жарты бағасынан айрылды. Өйткені, Қытайдан сұраныс аз, АҚШ-та «қара алтын» көп, араб елдерінде өндіріс пен экпортты қысқартуға ниет жоқ. Бұған енді, Иран Ислам мемлекетін қосыңыз. Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ пен Еуропа Тегеранды санкциядан босату процесін бастау туралы құжатқа қол қойды. Егер, жыл соңына дейін Иран Ислам Республикасының ядролық бағдарламаны тоқтату туралы талаптарды орындағаны дәлелденсе, Иран жарты жылда мұнай экспортын 1 миллион баррельге жеткізуі мүмкін. Сондықтан, энергетикалық шикізат құны бүгін ертең айтарлықтай өседі дегенге сену қиын.



Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу