Екінші деңгейлі банктердің салымшыларына берілетін өтемақы көлемі бекітілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екінші деңгейлі банктердің салымшыларына берілетін өтемақы көлемі бекітілді

25.10.2015
Екінші деңгейлі банктердің салымшыларына берілетін өтемақы көлемі бекітілді
«Байлар келеді, кетеді, ал банктер қалады». Кедейлікті жоюмен күрескен АҚШ-тың қоғам қайраткері Уэнделл Филлипс осылай депті. Бұрындары бар қазақ, бай қазақ ақшасын көпшілік «касса» деп атап кеткен «Жинақ банкке» сақтайтын. Не өспейтін, не көбеймейтін, жай сақталып тұратыны тағы есте. Кеңес Үкіметі тарағанда көпшілігінің жинаған ақшасы сабанға айналып шыға келгені де ұмытылған жоқ. Қазіргі қазақ та жиған-тергенін депозитке салады. Ақшасы сенімді жерде тұрады, әрі аз-кем сыйақы да қосылады үстіне. Бірақ, теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін депозиттегі жинақтан да құн кетті. Тамызда үкімет теңге бағамын еркін айналымға жіберген соң, ел Президенті жеке тұлғалардың депозиттеріне өтемақы төлеуді ұсынған. Ұлттық банк 1 миллион 700 мың депозит бойынша жалпы құны 250 миллиард теңге өтемақы төлемек. Депозиттерді қайта рәсімдеу үшін өтініштер қабылдау мерзімі басталып кеткенімен, оған дау айтушылар көп. Себебі, өтемақы тек 1 миллион теңгеге жетпейтін жинағы бар азаматтарға ғана төленеді. Ал, жинағыңыз 1 миллионнан бір теңге артық болса, онда өтемақы әзірге бұйырмайды.

Айнұр Омар, тілші:

Мынау банкі, ал мынау банк. Екеуінің аты да, заты да ұқсас, біз үшін. Екеуіне де ақша салуға болады. Бірақ, бір айырмасы бар, банкіге салған қаржыңыз мұрты бұзылмаған күйде сақталып тұра береді, ал, банктен ашқан депозитіңіз аз да болса пайда әкеледі. Салған ақшаңыз қомақты болса, банк беретін үстеме сыйақы да жоғары болмақ.

Сыйақы әр банкте әрқалай. Депозит ұлттық валютада салынса, оның үстеме пайызы да сәл жоғары. Алайда, Ұлттық банк таратқан мәлімет бойынша, еліміздің барлық банктеріндегі депозиттер 13 триллион 205 миллиард теңгеден асады. Оның 3 триллион 785,6 миллиард теңгесі шетел валютасында сақталса, ұлттық валютадағы үлес 1 триллион 382,6, млрд теңге. Яғни, 80 пайыз депозит салымы – доллармен.

Енді мынандай сұрақ? Кім депозит ашады? Әрине, артық ақшасы бар адам. Айлығы шайлығынан аспайтындар депозитті қайтсін. Бірақ, былтырдан бері депозиттегі теңгесін долларға ауыстырып қайта салғандардың саны көп.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Әлемдік экономикадағы дағдарыстың алдында еліміздің екінші деңгейлі банктер басқа валютадағы салымдарды сатып алу процестерін көп жүргізді. Яғни, қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер доллардың курсының өсуінен зиян шегіп отырған жоқ. Қарапайым халық та дәл сондай зиян шеупеу керек. Екінші деңгейлі банктер өздерінің пайдаларының бір бөлігін өзінің салымшыларына беруден екі жақта ұтылмайды.

20 тамызда үкімет теңге бағамын еркін айналымға жіберген соң президент Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұлғалардың депозиттеріне өтемақы төлеуді ұсынған. Банктерге ақшасын теңгемен жинаған салымшылардың ұтылған тұсы қайта есептеліп, мүмкіндігінше қайтарылатынын айтқан.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарға курс айырмасы ескі курс бойынша өтеледі. Ол үшін олар депозиттерін арнайы шотқа қайта рәсімдеп, банкте бір жылға дейін сақтау қажет. Ештеңе болмайды. Бұл шара 1 миллион 700 мың адамға көмектеседі. Бұл барлық депозит салымшыларының 86 пайызы. Меніңше, онда көбі зейнеткерлер. Бұл үшін мемлекет қаржы жұмсау керек болады. Сондықтан, Ұлттық банк қаржы қарастырып, бұл шараны қолдау қажет.

Ұлттық банк осы өзгерістерді ескере отырып, өтемақы алудың жаңа талаптарын да жария етті. Теңгемен ашылған мерзімді депозиттер бойынша өтемақы алуға 230 мың салымшы екінші деңгейлі банктерге өтініш берген.

Александр Терентьев, ҚР Ұлттық банкінің департамент директоры

Теңгенің айырбас бағамы өзгерген соң қабылданған бағдарлама аясында Ұлттық банк жалпы сомасы 250 млрд теңге болатын 1 млн 700 мың депозит бойынша өтемақы төлеуді жоспарлап отыр. Депозиттерді қайта рəсімдеу өтініштері қабылдау мерзімі 1 желтоқсанға дейін ұзартылды.

Ұлттық банк таратқан мәліметке жүгінсек, өтемақы алу үшін қойылатын бір шарт бар. Депозитті арнайы банк есепшотына аударғаннан кейін бір жыл бойы банктен алуға болмайды. Бірақ, бұл талапқа қарамастан, өтемақы алуға өтініш білдіріп жатқандар көп. 1 қазанға дейін ғана 230 мың өтініш қабылданған.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Мемлекеттің ұсынып отырған төлемақысы уақытымен болып отырған нәрсе. Жалпы бұдан қарапайым халықтың қалтасына ауыр тимеуі керек. Осы арқылы экономикадағы әлеуметтік сала ол ешқашан да экономиканың реформаларынан қиыншылық көрмеуі шарт.

Өтемақы туралы аз кем былай түсіндірсек, 19 тамызға дейін 1 доллар - 188.35 болды. Мысалы, депозитіңізді жауып, ақшаңызды алар уақытта доллар курсы 240 теңге болсын делік. Енді, сол 240-ты 188,35-ке бөлеміз. 240/188,35=1,3-ке тең болады. Сіздің банкте жатқан 1 миллион теңгеңізді осы 1,3-ке көбейтеміз. 1 000 000 *1,3. Банктің депозит үшін төленетін сыйақысын қоспағанда, өтемақы көлемі 300 мың теңге болады. Бір сөзбен айтқанда, сізге де жақсы, банкке де тиімді.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Негізгі басты шарт бір миллион теңгеге дейін болу керек. Бұл арада біз бір миллион теңгеден артық салымы бар салымшылардың өтемақыдан құр қалады деген әңгіме емес.

Депозит ашушы жеке тұлғаны біздің елде негізінен 2 топқа бөлуге болады. Бірі - қолына түскен аз-маз қаражатты мақсатты түрде көбейткісі келеді. Ал, екіншісі «Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкіне» ақша салып, үй алуға ақша жинағандар. Теңгенің еркін айналымға жіберілуі осы банкке ақша салған халыққа ауыр болды.

Ермек Бұлтаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма жетекшісі:

Қазіргі уақытта бізде депозиттер көлемі 700 мыңнан асады. Біз бірнеше күн бұрын өзіміздің интернет парақшамызда мәлімдеме жасадық, біздің салымшыларға өтемақы алу үшін арнайы арыз жазу керек деген.

Бұл банктің де талабы сол, өтемақы алғыңыз келсе, 1 жыл көлемінде жинаған қаржыңызды алуға болмайды.

Ермек Бұлтаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма жетекшісі:

18 тамызға дейін ашылған депозит болса, өтемақы төленеді, ал, 18-нен кейін ешқандай өтемақы төленбейді. Өзіңізде бір депозит, жолдасыңызда тағы бір депозит бір отбасында 4-5 депозит болатын болса, ол бір миллионға жетсін, бір миллионнан ассын, соған қарамастан барлық салымдарға өтемақы төленетін болады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басшылығының айтуынша, банкте қазір депозит сомасы 1 млн теңгеден асатын 57 мың келісім бар. Олардың жалпы құны – 114 млрд теңге. Өтемақының жалпы көлемі 40 млрд теңге болды. Ал, 1 млн теңгеге жетпейтін салым бойынша 435 мың келісім бар. Оларда 66 млрд теңге сақталған. Бұл салымшылардың теңге бағамының өзгерісінен көрген шығыны ҚР Ұлттық банк схемасы бойынша өтелетін болады. Өтемақыға жалпы 20,9 млрд теңге бөлінеді. Бұл банкте салымы барларды алаңдататын тағы бір мәселе бар. Банк жекенің қолына өтеді екен, депозитіміз күйіп кетеді екен деген қауіп те жоқ емес.

Ермек Бұлтаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Қоғаммен байланыс жөніндегі басқарма жетекшісі:

Жалпы, алдағы жылы банк сатылады, банктің үлесі сатылады, деген әңгімелер жүріп жатыр. Бірақ, ол қалай сатылады, кімге сатылады, қандай жолмен сатылады, оның арнайы бір механизмі болады. Одан кейін ешқандай өзгерістер болмайды, оны біз ресми түрде мәлімдейміз.

Ақша кетуге, есеп ұстауға тырысады. Әркім өз шотындағы ақшасының өзіне тиімді жолмен көбейгенін қалайды. Мәжбүрлік жоқ, қаражатыңызға аз-кем үстеме қосылсын десеңіз, банк талабымен келісесіз. Өтемақыға арыз қабылдау уақыты басталып та кетті.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу