Әлем елдерінің экономикалық ахуалы қалай ? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем елдерінің экономикалық ахуалы қалай ?

08.11.2015
Әлем елдерінің экономикалық ахуалы қалай ?
АҚШ экономикасы 4-тоқсанда 1,9 пайызға өсуі мүмкін.

Жұма күні әлем нарығында доллардың бағасы соңғы үш айдағы ең жоғары деңгейге көтерілді. Өйткені, Америкада жұмыссыздар азаяды деген болжам бар. Қысқасы, қазір АҚШ-тың экономикасымен бірге валютасы да күшейіп келеді. Ал, инвесторлардың көңілі долларға ауғандықтан, экспортқа тым көп шығарылған мұнайға сұраныс өспей тұр.

Сұраныс еуропалық тауарларға да төмен. Қытайдың қарқыны болса, бұрынғыдай емес. Бұл факторлардың барлығы Қазақстан экономикасына да кері әсер етіп отыр.

Биыл Қытай да, Еуропа одағы да экономиканы ынталандыру үшін триллиондаған юань, миллиардтаған еуро қаражат жұмсады. Бірақ, қарашаның 2-де жарияланған статистикаға жүгінсек, одан зауыт-фабрикалардың табысы көбейе қойған жоқ. Өйткені, өнім бағасы төмен.

Өндірісті қайта өркендету үшін Еуропа орталық банкі жарты жылдан бері айналымға ай сайын 60 миллиард еуро салып келеді. Ол да көмектеспеді. Бұған дәлел – еуроаймақта сұраныс өспей отыр, ал инфляция деңгейі әлі 2 пайызға жеткен жоқ.

Аластаир Маккейг, нарық сарапшысы:

Біз бүгін де бірқатар елдерде дағдарыспен күрес жүріп жатқанын көріп отырмыз. Грекияның өзі – еуроаймақ үшін шешілмеген проблема. Ал, Германия азаматтарының алтыдан бір бөлігі автоөнеркәсіпте жұмыс істейді. Сонда, бұл сала қиындыққа ұшыраса, не болады?

Сұраныстың төмендігі өз алдына. Қазір Еуропа елдеріне мигранттар күніне мыңдап барып жатыр. Олар тіпті аймақтың алып экономикасы – Германияның өзінде жұмыссыздар санын көбейтеді деген қауіп бар.

Сондықтан, немістер кәсіптен айрылудан қорқып, тауарды бұрынғы деңгейде сатып алмайтын болды. Қысқасы, зерттеушілердің сөзімен айтсақ, Германияда тұтынушылық мораль 3 айдан бері төмендеп келеді. Дегенмен, осы проблема үшін неміс экономикасы бүгін-ертең кері кетуі екіталай.

Яспер Лоулер, нарық сарапшысы:

Меніңше, Германия экономикасы әлі де Еуропада ең мықты саналады. Сондықтан, оған деген сенімнің аздап сетінеуі соншалықты алаңдатарлық жағдай емес.

Тұтынушылық белсенділік өткен айда Францияда да төмендеді. Бірақ, жыл басында үш жылдық дағдарыстан шыққан Италияда тауар алуға құлшыныс күшейген.

Ал, Ұлыбритания экономикасы 2013-2014 жылдары «Үлкен Жетілік» мемлекеттерінің ішінде ең тез дамығанды. Алайда, биылғы жылдың үшінші тоқсанында бұл корольдіктің жалпы ішкі өнімі өткен тоқсанмен салыстырғанда 0,2 пайызға төмендеді. Мұнда да өндіріс қарқынының баяулауына сұраныстың мардымсыздығы себеп болып отыр.

Джастин Стюарт, корпоративтік даму және инвестициялық менеджмент компаниясының басшысы:

Жалпы ішкі өнім туралы сандардың өсіп келе жатқанын байқаймыз. Бірақ, даму деңгейі әлі де төмен болады. Иә, қызмет көрсету саласында пайда көріп отырған кәсіпорындар бар. Десек те, зауыт-фабрикалардың өнімдерін экспорттау қиынға соғып отыр. Өйткені, сұраныс ойдағыдай емес.


Ал, Америка Құрама Штаттарында жалпы ішкі өнім үшінші тоқсанда небәрі бір жарым пайызға өскен. Бұл - екінші тоқсанның көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге төмен. Бірақ, осы айда әлемнің бірінші экономикасы 1,9 пайызға ұлғаяды деген болжам бар.

АҚШ-та өндірістің күшеюі өзге елдерге қиын тиеді. Өйткені, Америка экономикасы өркендейтін болса, Федералдық резерв пайыздық ставканы көтеруі мүмкін. Мұндай жағдайда доллар қымбаттайды. Құрама Штаттардың бас банкирі Джанет Йеллен осы мәселе бойынша нақты шешімді желтоқсанда қабылдауы тиіс.

Джанет Йеллен, Федералдық резерв жүйесінің төрайымы:

Біздің комитет күтіп отырғандай, экономика әрі қарай да біртіндеп дами береді. Одан еңбек нарығындағы ахуал түзеліп, инфляция 2 пайыздық межеге жетуі мүмкін. Егер бұл болжамымыз орындалатын болса, желтоқсанда пайызды көтеру проблемасын қарауымыз керек. Алайда, бұл мәселе бойынша әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

Америка орталық банкі 2006 жылдан бері пайызды көтерген жоқ. Өйткені, экономиканы ынталандыру үшін арзан несие қажет болды. Қазір ахуал өзгерді. Өндірісте айтарлықтай өсім бар. Демек, экономика бұрынғыдай қаржылық қолдауға аса мұқтаж емес. Жыл соңында Америка долларды қымбаттатын болса, одан Азияның экспортер-мемлекеттері зардап шегейін деп отыр.

Өйткені, импортерлардың қолында олардың тауарларын көптеп сатып алатын арзан доллар болмауы мүмкін. Ал, Қытайдың қайта өңдеу секторы үш айдан бері құлдырау үстінде. Сондықтан, бұл мемлекеттің экономикасы 4-ші тоқсанда қарқынын тіпті төмендете ме деген қауіп туындап отыр.

Ху Шаоши, Ұлттық даму және реформа комиссиясының басшысы:

Әлем экономикасындағы сүреңсіз жағдайға қарамастан, Қытай өз өндірісінің өсімін үшінші тоқсанда 6,9 пайыз деңгейінде сақтай білді. Бірақ, қазір біз шындығында да төмендеу қаупіне тап болып отырмыз.

Дүниежүзілік нарықтың әлсіреуіне Қытай тарапынан сұраныстың азаюы ғана емес, мұнай бағасының түсуі де себепші.

Қазір «қара алтынның» бір баррелінің құны 50 долларға да жетпей тұр. Бірақ, қарашаның 4-де «Рейтер» агенттігі ОПЕК-тің құпия баяндамасын жариялады. Оған сенсек, мұнайдың бір бөшкесінің бағасы биылдан бастап жыл сайын 5 долларға өсіп, 2020 жылы ғана 80 долларға жетуі мүмкін. Өйткені, экспортқа тым көп шығарылған шикізатты азайту үшін жылдар керек.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу