Шығыс Қазақстан облысы Қытайдың Шыңжан аймағымен қатынасты дамытпақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысы Қытайдың Шыңжан аймағымен қатынасты дамытпақ

15.11.2015
Шығыс Қазақстан облысы Қытайдың Шыңжан аймағымен қатынасты дамытпақ

Мақсат – екі ел арасындағы инвестициялық серіктестікті нығайту.

Елге инвестиция тарту жұмыстарынан аймақтар да тыс қалмауы тиіс. Мұны Елбасы өңір басшыларына үнемі міндеттеп келеді. Кей облыстарда бұл бағытта атқарылған істер аз емес. Мәселен, соңғы 5 жылда Шығыс Қазақстанға 8,3 миллиард доллар инвестиция тартылған.

Бүгінде аграрлық кешенде жалпы сомасы 100 миллион доллардан асатын 100 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аймақтағы іскер топ өкілдерін бастаған әкім осы аптада Қытайдың Шыңжан қаласына барып қайтты. Мақсат – екі ел арасындағы инвестициялық серіктестікті нығайту.

Шекаралық ынтымақтастықты нығайту, бизнесті бірлесіп өркендету. Даниал Ахметовтің Шыңжан аймағына сапарының басты мақсаты. Өңірдің халықтық үкімет төрағасы Шохрат Закирмен өткен кездесуде көп салалы ынтымақтастық жайы талқыланды. Жиын соңында тараптар түрлі салада әріптесткі орнату туралы келісімді бекітті.

Шығысқазақстандық делегация Қытай инвесторларын екі жаққа да тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырады. Мұндай ұсынысқа көрші ел инвесторлары қашаннан қызығатындарын жасырмады.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біріншіден, Семейде электр қуат станциясын салу жобасын. Оған 700 миллион АҚШ доллары керек. Соған үлкен қызығушылық бар. Бізде жоба да бар. Осы мәселе бойынша қазір жұмыс істеліп жатыр.

Шың Ган, «Ема» корпорациясының вице-президенті:

Қазақстанның соңғы 20 жылдан астам уақытта қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Экономикалық өсімі мықты, ең бастысы, ел ішінде тұрақтылық бар. Біздің компаниямыздың жылдық айналымы 900 миллион доллар шамасында. Шығыс Қазақстан облысының құрылыс, энергетика саласындағы жобалары ұнады. Оларды бірігіп жүзеге асыруға дайынбыз.

Екі жақ келіскен ең ірі жобаның бірі Қазақстан мен Қытайды жалғайтын «Майқапшағай-Шар» теміржолы. Құны 396 миллиард теңге. Еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, екі жақта да халықтың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін теміржолды 4 жылда салу жоспарланып отыр. Оның құрылысы кезінде 4500-ден астам, ал пайдалануға берілген соң 2300 тұрғынға тұрақты жұмыс ашылады.

Берік Көшербай, тілші:

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында Қытаймен бірлесіп құрылған 52 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Осы елдің инвесторларын Қазақстанға тағы шақыру үшін Үрімші қаласында үлкен бизнес-форум да ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Шыңжан өлкесімен қоса, Шанхай, Бейжің және Гонконг қаласынан барлығы 160-қа жуық компания өкілдері қатысты.

Екі аймақтың іскер топ өкілдері қатысқан форумда Шығыс Қазақстан облысы әртүрлі жобаларды ұсынып, мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларға берілетін жеңілдіктерді түсіндірді.

Қос елдің бизнес өкілдері Үржарда үлкен құс фабрикасын салу мәселесін де талқылады. Қазіргі таңда бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен бизнес-жоспары жасалып қойған.

Серік Зайнулдин, Үржар ауданының әкімі:

Өзіміздің жерімізді, егістікті, табиғатымызды ескере отырып, жылына 30 мың тонна құс етін шығаратын, құны 23 миллиард теңге болатын үлкен құс фабрикасының жобасын жасап отырмыз. Қытайдың кәсіпкерлері бұл жобаны нақты қабылдап, өздерінің осы жобаға қатысатындарын тілек-ниеттерін білдіріп жатыр.

Көрші елдің бизнесмендері аграрлық сектордан бөлек, еліміздің басқа да саласындағы жобаларға инвестиция салуға ынта білдірді. Тек қаржы құямын, деп тұрғандарға біздің заңдарды жақсылап түсіндіріп беру қажет. Әрбір жоба туралы бажайлап айтып, шарт жасамас бұрын әр тараптың талаптарын пысықтап алу керек.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біріншіден, жұмыс біздің жақтан болуы керек. Неге десеңіз, біздің жаңа заңдарымызды, бізде қандай жобалар барын білмейді екен. Енді көріп отырмыз, біз жақтан қандай кемшілік бар екенін. Түсіндіру керек, айтып-көрсету керек. Қазір мамандар осы салада жұмыс істеуде.

Алдағы 2-3 жылда Қазақстаннан Қытайға тасымалданатын азық-түлік экспорты 1 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Осыдан он күн бұрын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Бейжіңге барып, Қытайдың Мемлекеттік Кеңесі премьерінің орынбасары Чжан Гаолимен кездесіп, осындай келісімге келген.

Екі вице-премьер талқылаған тақырып қазіргі таңда өте өзекті. Өйткені, соңғы уақытта арадағы тауар айналымы біршама төмендеп кеткен. Енді осы көрсеткіштерді еселеу үшін Қазақстан тарапы Қытайға сауда-саттық көлемін арттыруға кедергі болып тұрған шектемелерді алып тастау туралы ұсыныс жасады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Қазақстаннан негізгі 20 экспорттық тауарлар тізімін бердік. Сол бойынша егер бізге Қытай тарапы жеңілдіктер беретін болса, мысалы, теміржол тарифынан, карантиндік жағынан, сертификаттау жағынан біраз кедергілер бар. Осының бәрі шешілетін болса, онда сол 20-ның көлемін көбейтуге болады.

Мұндай шектеулердің жойылғаны, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерге де мүмкіндік береді. Қытайлық әріптестерімен аграрлық салада бірлесіп жұмыс істесе, Қытайдың алып нарығы бізге дайын тұр деген сөз.

Құрманғазы Мұсағитов, «Мүслім» шаруа қожалығының басшысы:

Мен екі инвестормен кездестім. Бірі Гонгонг, екіншісі Шанхайдан. Оларды 10-шы желтоқсанда болатын бизнес форумға шақырдық. Сол жерде жерді, өнімді көрсетіп, нақты келісейік деп отырмыз. Бидай, майлы дақылдар өсіру, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамытып, бәрін Қазақстанда өндіріп, Қытайдың ішкі нарығы сатып алуға дайын. Сол 2 инвестормен келісіп отырмыз.

Енді шамамен, бір айдан соң Қытай елінің делегациясы Шығыс Қазақстанға келеді. Өскеменде инвестиция тарту бойынша үлкен бизнес-форум өтеді. Көрші елден осы шараға бізбен нақты жұмыс істеу туралы шешім қабылдаған бизнесмендер шақырылып отыр. Шығыс Қазақстанның бас шаһарындағы форумда сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, шекаралық ынтымақты одан ары дамыту мәселесі қаралады.

Ли Жун Ча, ҚХР ШҰАА Жеменей ауданы партия комитетінің хатшысы:

Үрімші қаласындағы кездесулердің екі елдің кәсіпкерлері үшін де пайдасы орасан зор деп білемін. Маңызды тақырыптар талқыланды. Біздің аудан Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданымен шекаралас.

«Майқапшағай-Шар» теміржолын салу туралы жобаны сәтті жүзеге асуына шын ниеттес болып отырмын. Өйткені, бұл жоба экономикалық байланысымызды одан ары нығайтып, сауда-саттық көлемін арттыруға мол мүмкіндік береді.

Үрімшідегі бизнес форумда екі елдің кәсіпорындары бірқатар жобаларды бірлесіп жүзеге асыру жөнінде 7 меморандум бекітті. Олардың жалпы құны 1,7 миллиард доллар. Сонымен қатар, шығысқазақстандық делегация осы Шыңжандағы бірқатар кәсіпорындарды аралап көріп, олардың жұмысымен танысты.

Берік КӨШЕРБАЙ

Хабарламаларға жазылу