Франция қаза тапқандарды ұлт болып, үш күн аза тұтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Франция қаза тапқандарды ұлт болып, үш күн аза тұтады

15.11.2015
Франция қаза тапқандарды ұлт болып, үш күн аза тұтады

Париж комендандтық тәртіпке көшті.
Қарашаның 13-нен 14-іне қараған түні Франция тарихында бұрын-соңды болмаған террорлық акті тіркелді. Адам жаны түршігерлік қанды оқиғадан 100-ден астам бейбіт тұрғын мерт болды.

Тыныш жатқан жұртқа тұтқиылдан шабуылдаған лаңкестердің әзірге нақты кім екені белгісіз. Белгілісі – олар бұл шабуылға алдын-ала дайындалған.
Қазір Францияның күштік құрылымдары түгел аяқтарынан тік тұрды. Із кесіп, лаңкестердің сыбайластарын іздеуге кірісті. Ал, елде үш күн қаралы күн жарияланып, Париж комендандтық тәртіпке көшті.

Қарашаның 13-і, 2015 жыл. Бұл Франция тарихындағы ең қорқынышты күн шығар. Бір сәтте 7 шабуыл. Бейбіт заманда Бесінші Республика мұндай сұмдықты көрген емес. Қазір Париж жұрты соғыс туралы көп айтатын болды – президенттен бастап, сары газеттерге дейін.

Сөйте тұра, сол соғыстан жазықсыз адамды қалай аман алып қалудың амалын ешкім білмейді. Атыс-жарылыстардан қорғану үшін Франция қаңтардағы шабуылдардан бері – жоғары дайындық режимінде. Жұманың кешінде ол да көмектеспеді.

Париж қайғы құшағында, бірақ, ызалы емес. Ешкім «сен мына халықтың баласысың, сен анау діннің өкілісің», деп жатқан жоқ. Жергілікті тұрғындар, қала қонақтары республика алаңына барып, гүл шоқтарын қойып, құрбандардың рухына бағыштап, шырақ жағып жатыр.

Олардың арасынан «Франция жасасын», «Парижге ғашықпын», «Франция мен бостандыққа», «Республикамен біргеміз» деген жазуы бар ақ қағаздар мен мұндалайды.

Жиллиан Фромлос, Лос-Анджелестен келген қонақ:

Париж жұртының, француздардың, әлемнің қайғысына ортақтасу үшін келдім. Қазаның күйігінен тезірек сауығайықшы, тыныш әрі жарасымды өмір сүрейікші. Біреуге налымайық, бейбітшілікке, бірлікке барайық дегім келеді.

Антонио, Париж тұрғыны:

Сұрағым көп: саяси басшыларға, республикаға, президентке, министрлерге. Олар «Шарли Эбдодан» кейін бәрі «окей» болады деп еді ғой. Бізді сақтайтын, тыныштық беретін қауіпсіздік жоспары қайда?

Кеше көрдік – ол жоспар жұмыс істемейді екен. Үйімнен қорықпай шығып, дүкеннен аман қайту үшін не істейін енді? Жоқ, біз бұл мәселені шешуіміз керек.


Париж прокуроры Франсуа Молэнс сенбінің кешінде жариялаған соңғы мәліметке жүгінсек, шабуылдардан 352 адам жараланған. Олардың 99-ы хал үстінде жатыр. Және де прокурор оқиғаның хронологиясын сағаты мен минутына дейін баяндап берді.

Қарашаның 13-і, жұма, 21 сағат 20 минут, «Стад-де-Франс» стадионы. Франция мен Германия арасындағы матчтың қызған шағы. Көрермендер арасында президент Олланд та бар. Жарылыс болған жерден екі адамның мәйіті табылды.

21 сағат 25 минут. Париждің 10-шы округы, Карийон дәмханасы мен «Кішкентай Камбоджа» мейрамханасы. Калашников автоматынан атылған оқтан 15 адам қаза тауып, 10-ы жараланды.

21 сағат 32 минут. Париждің 11-ші округы, бардың қасындағы атыстан 5 адам қаза тауып, 8-і госпитальге жөнелтілді.
21 сағат 36 минут. Париждің Шаронн көшесі, «Бель-Экип» ресторанына жаудырылған оқтан 19 адам жан тәсілім етті.
21 сағат 40 минут. Париждің Вольтер бульвары, жанкешті мейрамханада өзін-өзі жарды.

21 сағат 40 минут. Тағы да Вольтер бульвары, «Батаклан» концерттік залы. Қара «Фольсваген Полодан» түскен үш адам ішке кіріп, автоматпен адамдарды ата бастайды. Талай кісі кепілге түсті. 89 адам қаза тапты.

Президент Франсуа Олланд мәлімдегендей, мұның бәрі - Францияға жарияланған соғыс актісі.

Франсуа Олланд, Франция Президенті:

Бауырлас азаматтар, Парижде кеше болған оқиғалар соғыс актісі. Соғысқа тап болған ел соған сәйкес әрекетке көшуі керек.


Елисей сарайының қожайыны жұмадағы атыс-жарылыстардан кейін ел аумағында төтенше жағдай жариялап, шекарадағы күзетті күшейтті. Ал, арнайы операция кезінде мұздай қаруланған 8 шабуылшы да қаза тапты.

Олардың екеуі концерттік залда штурм басталғанда өз-өздерін жарып жіберген. Тергеу барысында шабуылшылардың бірі – 29 жастағы Омар Мостефа екені анықталды. Француз полициясы оның әкесі мен ағасын қамауға алды.

Сонымен қатар, Париждегі оқиғаға байланысты Бельгияда үш адам тұтқындалды. Өйткені, «Батаклан» театрында мылтық атылғаннан кейін оның жанынан бельгиялық нөмірлі автомобиль табылған.

Мануэль Вальс, Франция Премьер-Министрі:

Шабуылшылардың бесеуі – еліміздің аумағына осы жазда өткен. Қауіп мүлде жоқ деп ешқашан айтқан емеспіз. Біз террорлық шабуыл жасалатындығын үнемі ескертіп жүрдік.

Франция министрлер кабинетінің басшысы мәлімдегендей, Париж трагедиясынан кейін де оның елі Сириядағы қарулы топтарға соққы беруді тоқтатпайды. Ал, жараланғандар саны тым көп. Оларға қазір донорлардың көмегі ауадай қажет. Сондықтан, Франция астанасында тұрғындар ұзынсонар кезекте тұрып, қан тапсырып жатыр.

Кешелі бері елдің әйгілі символы – Эйфель мұнарасы жабық тұр. Оның айналасынан қару асынған жауынгерлерді көптеп көруге болады.

Рашиль, үндістандық турист:

Мұндай жағдайды біз күтпеп едік. Жан-жағымызда қаруланған армия персоналы көп. Біз үшін әрине қолайсыз. Бірақ, кешегі оқиғалардан кейін сақтық керек.

Қарашаның 13-дегі қантөгістен кейін Париждің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша 1500 жауынгер жіберілді. Сонымен қатар, ауруханалар төтенше жағдай режиміне көшіріліп, қаладағы және оның айналасындағы аудандарда оқу тоқталып отыр.

Және де Париж мэрі Анн Идальго дәмханалар мен мейрамханалардың қожайындарына сақтық шараларын күшейтуді тапсырып, тұрғындарды үйден шықпауға шақырды.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу