Кешегі өмір – бүгінгі тарих - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кешегі өмір – бүгінгі тарих

22.11.2015
Кешегі өмір – бүгінгі тарих

Тамара Кудринаның шаңырақ көтеру тойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.

Жарты ғасырдан кейінгі қауышу! «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының көмегімен теміртаулық Тамара Кудрина осыдан тура 46 жыл бұрынғы бейнетүсірілімді көріп, көзайым болды.

Зейнеткер үшін 2 минуттық шағын хроника таптырмас байлық. Өйткені, оның шаңырақ көтеру тойына елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысқан.
1969 жыл. 13 желтоқсан. Теміртаудағы АХАЖ бөлімі. Бақыттан бал-бұл жанған жас жұбайларды Теміртау қалалық комсомол жастарының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев құттықтап жатыр.

Ол кезде комсомол жастарының неке қию салтанатына міндетті түрде билік өкілі қатысатын. Өрімдей жастың бірі - Тамара Кудрина. Қазір міне, бұл бейнетаспаны компьютерінен қарайды. Қарайды да, көзіне жас үйіріледі.

Тамара Кудрина, Теміртау қаласының тұрғыны:
Қандай әсем әуен! Талай жыл бұрын болған оқиға болса, күні кеше өткендей. Бәрі бақытты. 1969 жылдың 13 желтоқсаны. Жүрек тебірентеді екен.
«Ол кезде бәрі тапшы болатын», деп есіне алады Тамара Ивановна. Тіпті той көйлектерінің өзі талонмен ғана берілген. Бірақ, сол заманның жастары қиындыққа мойымай, жоқшылыққа мұңаймайтын.


Жолдасы Вячаслав Кудрин техник-механик, өзі балабақшада тәрбиеші болған. Ал неке қию салтанатында бірнеше жұптан бізді ғана оңашалап қалдырды, дейді. Совет жастарының жарқын өмірі туралы шағын эпизод орталық телевидениеден көрсетілген.

Тамара Кудрина, Теміртау қаласының тұрғыны:
Ол кезде кинотеатрларда «Социалистік Қазақстан» киножурналы көрсетілетін. Біз үшін бұл керемет қуаныш болды. Қазақстанның тарихында қалдық деп қуандық. Енді міне, тұңғыш Президентімізге қатысты тарихи құжатта жүрміз.

Болашақ Президенттің сол кездегі жастарға айтқан жарқын тілегі қабыл болды. «Жақсы сөз, жарым ырыс», деген. Кудриндер отбасы тату-тәтті ғұмыр кешті. Отағасы өмірден өтті, Тамара Ивановна екі қызын өсіріп-жеткізді, немере сүйіп отыр.

Тамара Кудрина, Теміртау қаласының тұрғыны:
Мен осында өмірге келдім, балаларым да осында ержетті, мен осы жерде бақытымды таптым. Мені қазір Ресейге шақыратындар бар. Бірақ, мен ешқайда көшпеймін, деп шештім. Бұл жерде бәрі маған туысқан болып кеткен.

Бүтін бір отбасына оттай ыстық көрінетін шағын таспаның тарихы осындай.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу