Еңбегіне қарай – өнбегі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбегіне қарай – өнбегі

22.11.2015
Еңбегіне қарай – өнбегі

Әлеуметтік төлемдер мен айлық жалақыға үнемі үстеме қосылып отыруы адамдардың жұмысына ынтасын арттырады.

Кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық шама-шарқы қарапайым адамдардың табысына қарай бағаланады. Азат болған 24 жылдың ішінде бізде жалақы мен зейнетақы деңгейі әрдайым өсіп отырды.

Әлеуметтік төлемдер мен айлық жалақыға үнемі үстеме қосылып отыруы адамдардың жұмысына ынтасын арттырып, алдағы күнге сенім ұялатары сөзсіз. «Еңбегіне қарай - өнбегі», деген осы болса керек.

Марат Байдоллаұлы, №19 орта мектептің тарих пәні мұғалімі:

Келешек ұрпаққа білім беріп жатқан мұғалімдер қаржы салқындығын әлі сезініп отырған жоқ. Себебі, бүгінге дейін білім саласына бөлінген бірде-бір қаражат, мұғалімдердің жалақысы қысқартылған жоқ. Керісінше, жылдан-жылға көбейіп келеді. 2016 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдерге тағы да үстеме жалақы қосылғалы жатыр. Ол нақты бекітілген. Елбасы өз сөзінде білім саласына бөлінген қандай да бір қаражат қысқармайтынын кесіп айтқан.

Жазира Тұрсынбекова, көпбалалы ана:

Бала – өміріміздің жалғасы, көз қуанышымыз. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірдегі әрбір шаңырақ көпбалалы отбасы екендігімен мақтанамыз. Мұны мемлекет те қолдап, қуаттап отырады. Биылғы жылы да атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері көбейгелі отыр. Мұны – елдің болашағына деген қамқорлық деп түсінемін.

Сағыныш Нұрбаев, №2 қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Бұрын да медицина саласы қызметкерлеріне оңтайлы шаралар жасалған болатын. Учаскелік дәрігерлердің айлық жалақысы қазір 100-200 мың теңгенің арасында. Енді 1 қаңтардан бастап 28 пайызға дейін тағы көтерілетінін білеміз. Елбасының тапсырмасымен жаһандық дағдарысқа байланысты біраз шаралар жасалып жатыр.

Құттықыз Ыханова, Шиелі аудандық Ы.Жақаев атындағы мұражай директоры:

Мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақыс жыл санап өсуде. Елбасымыз ендігі жылы тағы 40 пайызға көтеріледі деп жатыр. Бұл – үлкен қуаныш. Елдің жағдайы жақсы қазір.

Жұматай Ахметов, зейнеткер:

Мен екі көзім көрмейтін зағип жанмын. Бірақ, мемлекеттен көмек алып отырмын. Зейнетақыдан бөлек, көзім үшін жеке көмек аламын. Қоғамдық көліктерде тегін жүреміз. Мұның бәрі Елбасының арқасы.

Айдос ӘШІМҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу