Тұңғыш Президент күнінің тарихы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұңғыш Президент күнінің тарихы

29.11.2015
Тұңғыш Президент күнінің тарихы
1991 жылы бірінші желтоқсанда жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті.

Желтоқсан - біз үшін ерекше айлардың бірі. Дәл осы айда еліміздің қоғамдық өмірінде маңызды саяси, тарихи оқиғалар болды. Атап айтсақ, 1991 жылы бірінші желтоқсанда жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті.

Сол жылдың 10 желтоқсанында тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі салтанатты түрде өтті. Ал, 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына бөлек шаңырақ көтерді.

Тарихи кезеңнен бері 24 жылдан астам уақыт жылжыпты. Егемендіктің елең-алаң кезеңіндегі сол бір тарихи сәттерді тағы бір санамызда жаңғыртып көрсек.

1991 жыл. 1 желтоқсан. Одақ ыдырап, Кеңестің сапында болған елдер Тәуелсіздігін жариялап жатқан тұста қазақ халқы да өз егемендігін алып, алғаш Президентін сайлады. Жалпыхалықтық сайлауда елдегі сегіз миллион алты жүз сексен бір мың екі жүз жетпіс алты адам Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдап дауыс берді. Қазіргі Республика сарайында ең алғаш Қазақстан Президентін ұлықтау рәсімі өтті.

Мирас Мұқаш, тілші:
1991 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ұлықтау рәсімі дәл осы Республика сарайында өтті. Демек, бұл тарихқа куә болған сарай. Әлі күнге дейін керемет концерттер мен айшықты шаралар өтіп тұратын мәртебелі сарай.

Сол үшін де бұл сарайдың ел үшін алар орны ерекше. Ішіне үш мың адам сиятын алып сарайдағы тарихи кадрлар мынау. Ата-бабамыз аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, Нұрсұлтан Назарбаев халқының алдында ант берген сәт.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті халайық, көпэтносты республикамыздың халқына қалтықсыз қызмет етуге, Қазақ Республикасы Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың құқылары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақ Республикасы Президентінің мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін.

Елі сенген Елбасы ұлықтау рәсімінен кейін де халықтың алдына шықты. Республика алаңына жиылған жұрттың қарасы көп болғаны сонша, алып алаң адамға толды.

Бүкіл халық қуанып жатқан кезеңде Елбасын жақын танитын тілеулес жандар да үлкен шаттық сезімін бастан кешті. Мәселен, Әльфия Баубекова Президент білім алған мектепте пионерлер жетекшісі болған.

Нұрсұлтан Назарбаев екінші сыныптан үшінші сыныпқа ауысқан кезде білімділігімен көзге түсіп, пионерлер қатарына өтіпті. Сол кезде галстук байлаған да осы кісі.

Әлфия Баубекова, Үшқоңыр ауылының тұрғыны:

Менің анам хабарласты маған. «Балам, баяғы сенің байлаған галстугің Нұрсұлтанға құтты болды. Нұрсұлтан өзіміздің ортамызға келді. Туған ел, туған топырағына Алматыға келді. Әттеген-ай, мынаны Әбіш пен Әлжан көрмей кетті ғой», деп анам теледидардан Нұрсұлтанды көріп, көзіне жас алып отыр екен. Сосын «Мама, неғып отырсың?», деп едім, «Әй, Әбіш пен Әлжанның еңбегі ғой мынаның бәрі, сол екеуінің еңбегі ғой», деді.

Президентті ұлықтау рәсімін теледидар арқылы тамашалаған Әльфия апа әлі күнге сол тарихи сәтті ұмытпайды. Ал, Әскербек Абаев ағамыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімін өз көзімен көрген кісі.

Көрермен болып залда отырған. Ол кезде Жамбыл аудандық кәсіподақтың төрағасы болатын. Салтанатты рәсім аяқталып, шымылдық жабылар кезде болған ерекше оқиғаны айтып берді бізге.

Әскербек Абаев, Алматы облысының Құрметті азаматы, Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты:

Сол жабылып жатқан кезде үлкен шымылдық ақырын жабылып келе жатыр. Артқы жақта Қазақстанның Туы тұрды. Сол Туға шымылдықтың бір шашағы тиіп кетті ғой деймін, Ту құлап келе жатыр. Сол сәтте залдағы халықтың барлығы «не болар екен», деген толқуда болған шығар.

Бірақ, қалай екенін білмеймін. Бір сезімталдықпен, жылдамдықпен Елбасы жалт қарады да, құлап келе жатқан Туды ұстай алды. Жақсылыққа жорыдық.


«Ойпырмай, мына мемлекет қандай болады екен, деп тұрғанда мына кісі бұл мемлекетті ұстайды екен, үлкен мемлекетке айналатын шығар, деген сенім болды халықта.

Көрерменнің сол кездегі жоруы ақиқатқа айналды. Аумалы-төкпелі кезеңде ел тізгінін қолға алған Елбасы Қазақстанды аз уақытта аяғына нық тұрған мемлекетке айналдырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай Елбасының сыныптастары өсіп келе жатқан жас ұрпақпен кездесіп тұруды дәстүрге айналдырған. Білуге құмар, тыңдауға әуес балаларға Президенттің сыныптастарымен жүздесу – үлкен қуаныш.

Сайлаубек Қыдыралиев, Президенттің сыныптасы:

Біз үшін біздің арамыздан тұңғыш Президент шығуы өте үлкен қуаныш, өте үлкен мәртебе, өте үлкен мақтаныш болды. Сол үшін бізге аянбай еңбек етуге тура келді.

Қаскелеңдегі тарихи-өлкетану мұражайында да Тұңғыш Президентке қатысты құнды дүниелер көп.

Бұл жерде Нұрсұлтан Назарбаевтың оқушы кезінде отырған партасынан бастап, еліне қызмет еткен жылдардан мәлімет беретін фотосуреттер, пайдаланған заттары да жеткілікті.

Наргиз Ерғазиева, мұражай қызметкері:

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылғы сайлау кезінде 98,7 ұпайға ие болып, бүкіл ТМД елдерінің арасында болмаған көрсеткішке ие болып отыр.

Сол кездерден көрініс беретін фотосуреттер, Шамалған ауылының тұрғындарының дауыс беруінде түсірілген суреттер бар мұнда.


1991 жылы Президентті қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес құрып, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген қаламгер Уәлихан Қалижан халқының қамы үшін тыным таппайтын ұлы тұлғаның еңбекқорлығының нәтижесінде еліміз үлкен белестерге жетті, дейді.

Уәлихан Қалижан, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:

Егемендігіміздің, Тәуелсіздігіміздің 25 жылға толмаған уақытында қандай жолдан өтті. Біз тарихи жолдан өттік. Ғасырлар бойы өтетін жолдан өттік. Сөйтіп, мінекей, әлем таныған мемлекетке айналдық. Әлем таныған біздің ұлттық көшбасшымыз бар. Сондықтан да, сол күні Назарбаев таққа отырғанда бүкіл қазақ таққа отырды деп білемін.

Демек, ұлты сенім артқан Тұңғыш Президент күні ел үшін елеулі мереке. «Ері елін қорғайды, елі ерін қолдайды», деген осы.

Мирас МҰҚАШ

Хабарламаларға жазылу