Елдегі білім мен медицина саласындағы жаңашылдық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі білім мен медицина саласындағы жаңашылдық

17.01.2016
Елдегі білім мен медицина саласындағы жаңашылдық
«100 нақты қадам» бағдарламасындағы әлеуметтік жаңғырту қалай жүзеге асуда?

Келешек кемел білімде. Ықылым заманнан өзгермеген қағида бұл. Қазіргідей күрделі кезеңде экономиканы өзгертетін де, өрге сүйрейтін де тек қана білімді маман. Ал болашақ білікті маман – қазіргі мектеп оқушысы.

Іргелі бес реформа, 100 нақты қадам бағдарламасында әлеуметтік жаңғыру, яғни білім мен медицина саласында жүзеге асатын реформалар белгіленген. Бұл бағыттардағы кешенді жұмыстар елімізде басталып та кеткен. Негізгі міндет саналы ұрпақ тәрбиелеп, саламатты өмір салтын дәріптеу.

Мемлекеттің басты байлығы халық, ал халықтың байлығы денсаулығы мен білімі. Алдымен, денсаулық. Бағдарламада денсаулық сақтау саласын модернизациялауға арналған бірнеше бөлім бар. Соның бірі 2017 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізу туралы.

Жұмағали Исмаилов, ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» бас директоры:

Сақтандыру жүйесінде екі әлеуметтік медициналық пакет болады. Бұл базалық пакет. Яғни, мұнда тегін медициналық көмек көрсетіледі. Екінші сақтандыру пакеті деп аталады.

Жұмыс беруші мен жұмысшының немесе кейбір жұмыс атқармайтын контингенттер бар, оларға мемлекет тарапынан қаражат беру жолдары қаралған. Осы екі пакетті олар толығымен алатын болады.

Базалық пакет еліміздің барлық азаматтары үшін қолжетімді болады. Оның құрамына жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, екпе салу, амбулаторлық-емханалық көмек көрсету қызметі кіреді.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі медицина. Бұл көмекті зейнеткер, кәмелетке толмаған балалар, мүгедектер мен жұмыссыздар ала алады. Ал тұрақты жұмысы бар азаматтар жұмыс орны арқылы медициналық сақтандыруға ие болады.

Жұмағали Исмаилов, ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» бас директоры:

Бұл да салықтың бір түрі болып есептеледі. Жұмыс беруші өз тарапынан жыл сайын кезең-кезеңімен көтеріп отырады. Ұзақтығына, мөлшеріне байланысты өсіп отырады.

Ал сақтандырудың ай сайынғы төлемақысы мынандай болады. 2017 жылы-жалақының 4 пайызы, 2018 жылдан бастап 5 пайыз, 2023 жылы 6 пайыз, 2024 жылы 7 пайызға дейін сатылап өседі.

Жалақының тиісті көлемін аударасыз, ауыра қалған жағдайда осы қаражат есебінен емделесіз. Жай ғана ем емес, жоғары технологиялық көмек те кіреді. Бұл өзгерістер отандық медицинаның әлеуетін арттырары сөзсіз.

Жұмағали Исмаилов, ҚР ДСӘДМ «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының» бас директоры:

Мысалы, түрлі деңгейдегі тегін берілетін препараттар тізімі кеңейетін болады. Аурулардың тізімі де көбейеді. Сонымен қатар, қосымша түсетін қаражаттардың мүмкіншілігі мысалы, бұрын бастапқы медициналық көмек көрсететін әрбір учаскеде 2000-2200 адамнан болса, оны 1500-ге дейін азайтып, дәрігерлік учаскелерді көбейтуге мүмкіншілік аламыз. Сол кезде әрине, сапасы күшейеді.

Ұлт денсаулығы – ұлттың байлығы, болашақтың кепілі. Жаны да, тәні де сау, біліммен қаруланған азамат қана ел дамуына үлес қосады. «100 қадамда» баса назар аударылған сала – білім жүйесі.

Мектептен басталған кешенді білім колледж, жоғары оқу орнында, ары қарай тәжірибемен ұштасуы тиіс. Орта білім берудегі негізгі күш жаратылыстану ғылымдары мен ағылшын тіліне түспек.

Есенкелді Тұяқов, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, орта білім институтының директоры:

Сол оқыған балалар 5-ші сыныпқа жеткен кезде жаратылыстану пәнін оқиды. 2017-2019 жылдан бастап, 5-6 сыныптарда ағылшын тілімен бірге терминология пәнін оқиды.

2019-2020 жылдан бастап, 7-сыныпқа көшкенде 4 пән бойынша терминологияны зерделейді. Сыныптан тыс іс-шараларға қатысады. 2022-2023 жылдары жоғары сыныпқа көшкен балалар информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқи бастайды деген жоспар бар.


Жаңа стандарттарға сәйкес білім берудің мазмұнын жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейбір пәндердің саны қысқарады. Мысалы, жоғары сынып оқушысының жүктемесі 19 пән, 2020 жылға қарай оның жетеуі, ал бастауыш сыныпта қазіргімен салыстырғанда екі пән қысқарады.

Яғни, оқушыларда таңдау құқығы болады. Болашақ кәсібіне қажет салаларға мектеп қабырғасынан дайындалады. Ал ағылшын тілі бірнеше сағатқа артады.

Есенкелді Тұяқов, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы, орта білім институтының директоры:

Бастауыш мектептерде 1 сағат болса, жаңартылған білім мазмұнына сай 2017 жылы бізде бастауыш мектепте аптасына 2 сағаттан оқитын болады. Негізгі мектепте қазіргі уақытта яғни, 5-9 сыныптарда 2 сағаттан оқитын болса, жаңа бағдарламамен ағылшын тілі аптасына 3 рет оқытылады.

Келер жылдан бастап оқушылар жаратылыстану саласындағы төрт пәннің терминдерін ағылшын тілінде үйреніп, 5 жылдан соң бұл сабақтарды толық осы тілде оқиды. Бұл кеше-бүгін енгізілген жаңалық емес, кешенді жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесі.

Нұргүл Қасымханова, №81 гимназия директорының ғылыми әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары:

Оқушыларға ағылшын тілінде білім беру - түрлі халықаралық деңгейдегі Қазақстанның үздік инновациялық идеяларын ала отырып, мұғалымдер кең көлемде жұмыс істеп жатыр.

оқушылар түрлі әдістерді қолдана отырып, білім алудың нәтижесінде тілмен қатар, білімдік мақсаттарға да қол жеткізеді.


Елімізде пилоттық жобада оқып, барлық жаңашылдықты тәжірибеден өткізіп жатқан мектептер бар. Соның бірі - Астанада жуырда ашылған «Дарын» лицейі. Білім ордасында математика мен жаратылыстану пәндерін тереңдетіп оқытады.

Тағы бір өзгешелігі – оқушы сабағын осында қарап, кешке дейін тегін түрлі үйірмелерге қатыса алады. Бұл мемлекет тарапынан жасалған үлкен көмек.

Жамал Қасымбек, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің директоры:

Қазір дағдарыс деп жатырмыз, дегенмен де, Елбасының тапсырмасымен, Үкіметіміздің қолдауымен мынадай әдемі ғимараттар салынып жатыр. Балаларды қолдап жатыр.

Әсіресе, дарынды балаларды қолдап, осы Астана қаласында «Дарын» лицейінің ашылуы жұртшылық үшін үлкен жаңалық. Бұл балалар осыны қайтару керек деп есептеймін. Біз балалардың санасына осыны сіңіріп жатырмыз.

Үкімет сіздерге осынша жағдай жасап жатқанда ертең болашаққа жол бастап, осыны қайтаратын сіздердің де уақыттарыңыз келеді, осыны сіздер түсіну керексіздер деген принциппен жұмыс істеп жатқан жағдайымыз бар.


Балалардың жаңаны игеруге ықыласы зор. Әсіресе, биотехника, инженерлік салаға қызығады.

Жамал Қасымбек, №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің директоры:

Осыған байланысты біз робот және техника, кішкентайынан бастап арифметиканы, ойлау, балалардың логикасын дамыту мәселесін сабақтан тыс уақытында үйірме ретінде көп пайдаланып жатырмыз.

Сонымен қатар, үштілділік мәселесі қолға алынып жатыр. Жұртшылық оны жақсы біледі. Ата-аналар қауымы да назардан тыс қалдырмай қызығушылық танытып, мектептен келіп сұрап жатыр. Оқушылардың сұранысы сол. Болашақты жасайтын солар, үш тілді бірдей білуі керек, меңгеруі керек.


Ұлттың жоспары балалардан басталады. Өйткені, болашақты жасайтын осы бүлдіршіндер. Алаңсыз тәжірибеге берілген мына балалар үлкен саясаттан да, олар үшін жасалған қыруар жұмыстан да бейхабар. Кәдімгі қағаз, су, таблетканың көмегімен зымыран ұшырып жүр.

Жәния Жұмабаева, оқушы:

Бұл біздің бірінші тәжірибеміз. Таблетканы жартылай құйылған суға құйып, содан реакция болып, зымыран судан ұшады. Бұл роботехника үйірмесі. Бұл маған қатты ұнайды.

Робототехника үйірмесі осы. Ұстаздары Бағдат. Өзі де балалармен бала болып кетеді. Алькозымыран жасау арқылы физика мен химияның алғашқы сатыларын үйретіп жүр.

Бағдат Уапов, «Болашақ инжиниринг» мектебінің жетекшісі:

Біз бұл бағдарламаны негізінен АҚШ-тан алып келдік. АҚШ-та оқып жүргенде көптеген балаларды, жастарды білімге қалай тәрбиелейтінін көріп, өз елімізде де болашақ ғалымдарды, инженерлерді жастайынан даярлауды көздеп отырмыз.

Бағдат - «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Бұл сәйкестік емес, сабақтастық. Мемлекеттің кешенді жүргізіп жатқан саясаты. Елдің ертеңі денсаулығы мығым, бес қаруын біліммен сайлаған осы балаларда.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу