Алматыдағы электромеханикалық құралдар шығаратын зауыттың бүгінгі тынысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы электромеханикалық құралдар шығаратын зауыттың бүгінгі тынысы

31.01.2016
Алматыдағы электромеханикалық құралдар шығаратын зауыттың бүгінгі тынысы

Алматы электромеханика зауытының іргетасы 1959 жылы қаланған.


Алматы еліміздегі ауқымды да, мүмкіндігі мол шаһар. Өткен жылы өңірлік ішкі өнім 8,5 триллион теңгеден асып, 3 пайызға көбейген. Бұл туралы осы аптада Елордаға келіп, есеп берген Алматы қаласының әкімі Байыржан Байбек айтты.

Республикалық бюджетке түсетін салықтың 31 пайызы Алматыдан. Былтыр оңтайландыру ісін сәтті жүргізіп, 30 миллиард теңге үнемдеген. Шаһар төңірегінде орта және шағын бизнес өркендеген.

Бауыржан Байбек алдағы бес жыл бойы экономикалық өсім бәсеңдемейтінін айтып отыр. Қазір мегаполис дағдарысқа қарсы арнайы бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Өткен жылы 7 жоба іске қосылды, биыл 10 зауыт ашылмақ.

Алматы былтыр республикалық бюджетке 1,36 триллион теңге құйды. Қазір қалада 185 мың бизнесмен тіркелген. Былтыр кәсіпкерлер өндірген өнімнен 2 жарым триллион теңге пайда түскен. Шаруасы өрге басқан кәсіпорындардың бірі электр құралдарын шығаратын зауыт.

«Alageum Group» еліміздегі ең ірі компания. Оның құрамына Жобалау институты мен Алматы электромеханика, Шымкент металл құрастыру және Кентаудағы трансформатор зауыты кіреді. Солардың бірі - Алматыдағы электромеханика кәсіпорны сөзіміздің тұздығы болмақ.

Алматы электромехника зауытының іргетасы 1959 жылы қаланған. 1999 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қайта құрылды. Бүгінде бұл еліміздегі электромеханика өнімдерін өндіретін жетекші өндіріс орны.

Индустрияландыру бағдарламасының шапағатын тиімді пайдаланып, іргелі істерін ілгерілетіп отырған өнеркәсіп жоғары және төмен кернеулі әрі қалыпсыз электротехника жабдықтарын шығарады. Білікті мамандар барлық аппаратты сандық жүйе арқылы басқарады. Сөйтіп, озық технологияларды қолданады.

Қазір ел кәсіпорындары экономикадағы қысылтаяң уақытқа қарамастан, аяқтарынан нық тұр. Аталған зауыттың мұнай-газ саласы мен аймақтық энергетикалық және «Қазақстан теміржолы» сияқты Ұлттық компаниялардың сұранысын толық орындауы осыған дәлел.

Жанділлә Ілиясұлы, зауыттың бас директоры:
Темір металл өндіру зауытынан металл аламыз. Ал, импортқа кіретін құралдардың құралдары мысалы, микропроцессорлық қорғау жүйесі. Сондай күрделі құралдар ғана импортталады. Ал қалғанының бәрі осында жасалады.

Кәсіпорында мамандардың білімі мен кәсібилігі бірінші кезек тұр. Олардың біліктілігін арттыру үшін арнайы оқыту курстары жиі өтеді. Ал, биылдан бастап кәсіби-техникалық білімнің тегін берілуі зауыт үшін жағымды жаңалық болды.

Асқан Қалдыбеков осы өндірісте он жылдан бері еңбек етіп келеді. Бұрын ол электр жабдықтарына қажетті бұйымдарды қолмен тесіп, әбден қиналатын. Ал, қазір жағдай мүлдем басқа. Енді, заманауи техниканың көмегіне жүгінген оның жұмысы жеңілдеді.

Асқан Қалдыбеков, жұмысшы:
Бәрін автоматты түрде тесіп береміз. Бәрі компьютерге сақталады, бізге темірді, керекті затымызды шығарып береді. Жылдан-жылға өсіп жатырмыз. Жаңа техникалар келіп жатыр. Бұрын көбіне ауыр күш қолданатынбыз. Ал қазір мынадай аппараттың арқасында, жеңілдеп жатыр.

Зауытта 150-ден астам адам жұмыс істейді. Әрқайсысы өз істеріне мығым. Электротехника жабдықтарын шығаратын зауыт болған соң, аса ұқыптылық қажет.

Айтпақшы, қазір кейбіреулер техниканың тілін білетін қазақ некен-сақ, деп жүр. Алайда, бұл жаңсақ пікір. Біз көрген кәсіпорында тер төгіп жүргендердің көбісі қазақтар. Жаңа технологиялардың қыр-сырын тыңғылықты үйреніп, соңынан ерген жас кадрларға тәлім беретін де солар.

Дәурен Сейітханов, электромонтаж шебері:
Бұл құрылғы - жинақты тарату құрылғысы. Бұл желілерге орнатылады. Мұның ең басты мақсаты - желідегі автоматтардың қорғаныс қызметін атқарады. Ол көптеген қызметтерге ие. Мысалы айта кетсек, бұл желідегі кернеудің жоғарлауын, төмендеуін қадағалайды және қысқа тұйықталулардан қорғайды. Бұл көбіне төтенше жағдайлардың қызметін атқарады.

Осындай отандық өнімдерді шығаратын зауыт әрдайым тұтынушылардың талабын ескереді. Себебі, сапалы өнім өндіру басты ұстаным. Сондықтан, өндіріс мамандары үдеден шығу үшін әрбір электрожабдықтың жасалу жолын қатаң бақылап, қадағалайды.

Абай Нұрбеков, техникалық бөлімнің басшысы:

Алдымен металл қиындыларын сатып алып, иеміз. Бізде еуропалық, заманға сай станоктар бар. Олар өздері жұмыстарын кезекпен-кезек атқарады. Біреуі - теседі, біреуі - қияды, біреуі - бүгеді. Жиналып болғаннан кейін, барлық тексерістен өтеді. Содан кейін барып тапсырушыға жібереміз.

Зауыт басшылығы өнім сапасын көтеру үшін 2013 жылы «Кайдзен» жүйесін енгізді. Бұл жапондық менеджменттің озық үлгісі өндіріс үдерісін жақсартады. Әрі жұмысшылардың қызығушылығын арттырады. Ал, кәсіби маманның қолынан шыққан тауар сапалы болады. Сонда сұраныс та көбейеді.

Жанділлә Ілиясұлы, зауыттың бас директоры:

Қазір сатылым жылдан-жылға ұлғайып келе жатыр. Біз 30 пайыздан астамын экспорттаймыз. Өзіміздің елден басқа экспортқа Тәжікстан, Қырғызстан және де Ауғанстан елдеріне.

Қалайда экспорт көлемін ұлғайтсақ па, деген жоспар бар. Бұл жолда сапасын жоғарлатамыз және инновация жағын да дамытамыз.


Жалпы, Алматыда электромеханика зауытынан бөлек, көптеген кәсіпорын қанатын кең жайып келеді. Бұған сеп Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығы.

Алып шаһарда алдағы төрт жылда Индустрияландыру картасы бойынша жобалық құны 117 миллиард теңге тұратын 49 жаңа нысан салынбақ. Солардың қатарында күні кеше ашылған «Қазақстан Де Ли Оптоэлектроникалар» диодты шамдар шығаратын жаңа өнеркәсіп бар.

Ал, биыл 3D технологиялық үрдісін қолдану арқылы энергетика, автокөлік өндірісіне қажетті өнім өндіретін «Алматыэнергосервис» және «Альянс» тұрмыстық-қойма кешендерінің құрылысы басталмақ.

Әлбетте, мұндай компаниялары отандық өнімдерге деген сұранысты арттыратыны анық.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу