Елімізде алғаш рет Алғыс айту мерекесі аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде алғаш рет Алғыс айту мерекесі аталып өтті

06.03.2016
Елімізде алғаш рет Алғыс айту мерекесі аталып өтті
Ұлт ретінде қазақтың қаһарлы қадым тарихы мен қауқары қайтып бодан болған берекесіз бертініне үңілсеңіз де өзге ұлттардың обалына қалып, қарғыс арқалаған тұсы жоқ. Қайта кең қолтық, үлкен жүректі халқымыз саяси сүргінге түсіп, Отанынан сүрілген сан ұлысты бауырына басты, бағын ашты. Олар қазір Тәуелсіз Қазақ елінде ұрпақ өрбітіп, Ұлы далада бірлікке ұйып отыр. Сондықтан да, болар биыл күнтізбемізге енген жаңа мейрам – 1 наурыз — «Алғыс айту» күні алғаш рет кең ауқымда тойланды.

Ел тарихының парақшасына жазылған жаңа мерекенің жанымызға жылы келуі бекер емес. Кейде, тіпті, күніне қырық көрсек те, маңайымыздағылар мен өмірімізде өзгеше орны бар жандарға алғыс айтуды ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан да, «Алғыс айту» мерекесінің жалпақ жұрт жамбасын жерге тигізбей, іліп ала жөнеліп, бір-біріне алғыс жаудырды. Ал, Ақордада Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен сипаты бөлек мейрамға арналған «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты шара өтті.

Көп ұлыстардың қазаққа «Көп рахмет» деуіне де себеп көп. Сұрқия саясаттың салдарынан келмеске айдалған ұлысты кеңпейіл қазақ сандалтпады. Өзіне жетпей жатса да, өзегінен теппеді. Бауырына басты, барымен бөлісті.

Яхия Қажы Абдуллаұлы, Шейх Кунта Қажы мешітінің Бас имамы:
Дүниенің түкпір-түкпірінен келгенде бізді қарсы алды, жылы жүзбен, нанын бөліп, үйін бөліп қарсы алғанына алғыс айту керек.

Ислам Рашитов, Түрік этномәдени орталығы жастар қанатының төрағасы:
Бір нанды бөлісіп, қиынышылықты бірге көрген. Соның бәрін ата-апаларымыз бізге айтып отыратын. Алғыстарын білдіретін. Әрине, бізге көрсетілген көмекті ешқашан ұмытпаймыз, өзімізден кейінгі ұрпақтарға айтып отырамыз. Менің қазақ халқына айтар алғысым шексіз.

Барын бағалап, сый-қадірін білген елдің келешегі кемел. Сондықтан, Мемлекет басшысы 1-наурызды «Алғыс айту» күні етіп белгіледі. Осылайша, көп ұлыс бір-біріне ілтипат білдіріп, ырысты арттырып, ынтымағын нығайта түсті. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, кішіпейіл болуға шақырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Егер адамда кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіру керек. Мен таңертең өзімнің әріптестерімнің бәрінен кешірім сұрадым. Жұмыс бабында ренжіп, ұрысқан болсам бүгіннен бастап бәрін кешіріп, жаңа қарым-қатынасты бастайық, кешірім әр жерде үлкен күш!

Айтулы мерекеге орай тарих ақтаңдақтарының ақиқаты айтылды. Елін құттықтаған Елбасы, кешегі қасіретті жылдарды еске алды. Өткенді жаңғырту – ұлттар татулығы мен бірлігін одан әрі нығайта түспек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және жер аудару сияқты қиын жылдары миллиондаған адам бір-біріне көмек көрсетті. Қолдау танытты. Сол үшін ризашылықтары шексіз. Бұл барынан айрылған адамдардың үмітін қайта жалғап, өмірді қайта бастауға күш берді. Қиын кезеңде Қазақ халқы сырттан келгендерді бауырына басты. Қайырымдылық танытты, көмектесті. Сол үшін басқа ұлыстардың айтар алғысы зор. Қазақтар да бауырластарға, туған өлкеге деген сүйіспеншілігі, ұлтқа, тілге және дәстүрге деген құрметтері үшін алғыс білдіреді.

Өзге ұлттардың Қазақстанға жер аударуы XVI ғасырдан бастап XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасты. Жүздеген мың адам жат жерге жазықсыз айдалды. Тек шарауларды жаппай қоныстандыру кезінде ғана - Қазақ топырағына Ресей, Украина, Беларусь елінен 1 млн 150 мың адам келген.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оларды жүк вагондарына тиеп, қыстың күні алаңқай ашық иен далаға әкеп тастады. Ол кезде бұл жерде тек қазақтар тұратын. Біз – өткенді ұдайы еске алып тұруымыз керек. Өйткені, біздің балаларымыз бұл оқиғадан бейхабар. Олар ата-бабаларының қандай қиындықты бастан өткізгенін білгені абзал. Қазақ отбасылар өздері жоқшылықтың азабын тартып отырса да, пана іздеп келгендерді үйлеріне кіргізді. Солардың бірі – біздің үй болатын. Бес адам тұратын шағын үйге тағы бес адам қосылды. Бірге тұрдық, бірге қыстадық.

Жер аударылғандардың легі Кеңес тұсында одан әрі үдей түсті. Оған саяси қуғын-сүргін мен тың игеруді қосыңыз. Тек 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. Ал, жабық әскери нысандарда 150 мың маман мен олардың отбасы жұмыс істеді. ХХ ғасырдың басынан бастап Қазақстанға барлығы 5,6 миллион адам қоныстанған.

Роза Пак, Кәріс этномәдени орталығы төрағасының орынбасары:
Менің анам 1938 жылдары Талдықорған облысына келген. Қазақтар туғанындай қабылдаған. Қазақтың дархан көңілінің арқасында аман қалған анам, бізге үнемі көрген жақсылығын айтып отыратын. Анам әлі тірі. Қазір балалары, немерелері, шөберелері бар. Бәрімізді алғыс айтуға үйретті. Сондықтан, бүгінгі мереке мен үшін ерек. Қарапайым да кең пейілді қазақ халқына рахметімді айтамын!

Владимир Божко, ҚР ІІМ орынбасары:
Жер аударылып келіп жатқандарға жергілікті балалар тас лақтырған. Сөйтсе, ол тас емес құрт екен. Оның негізгі мәнісі шаршап келген адамдарға азық болсын деген ғой. Біз тарихты ұмытпауымыз керек, тарихтан үлгі алуымыз қажет.

Анна Жанахметова, ұстаз:
Қазақ деген ұлы елге алғыс айтамын! Қазақ болмаса, бүгін біз болмас едік. Мен өзім неміс ұлтының өкілі болсам да, жүрегім қазақ. 4 қызым бар. Қазақ отбасының келінімін. Төрт қыз бен ұлым Нұрсұлтанды тәрбиелеп отырған анамын.

Қазір, Қазақстан – бірлігі мен берекесі жарасқан мемлекет. Әртүрлі ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында сүттей ұйып, тату өмір сүріп жатыр. Тұрақтылықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Күшпен жер аударылып келген ұлыстар кейін тарихи Отандарына оралды. Бірақ, Қазақ елі жасаған жақсылықты ұмытқан емес. Қайда жүрсе де Ұлы дала елінің ұрпағын дін аман алып қалғанын айтып жүреді. Мен сырт елдерге барғанда, мысалы Тель-Авивте Қазақ топырағынан пана тапқан еврейлердің ұрпақтары маған ерекше ілтипат білдіріп жатады. Германияға барғанда да, бізден кеткен немістер рахметін айтады. Қазақстан қарқынды дамып келеді. Бұл – көптің жүрекжарды тілектері мен дұғаларының нәтижесі. Игі істің қайтарымы осы.

«Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы бүгінгі күннің басты ұстыны болса, болашақтың баянды болуына кепіл. Ұлан-ғайыр даладан ондаған ұлыс өкілдері отауын тігіп, Отанын тапты. Қазір бір-біріне деген сыйластық пен сенім мықты. Бұл біздің басты байлығымыз», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алғыс айту күні бізді бір-бірімізге жақындатады. Біз – ынтымағы жарасқан керемет халық мекендейтін ғажайып елміз. Татулық пен келісімнің қазақстандық тәжірибесі негізінде біздің болашағымыз біртұтас ұлт болып қалыптасуда. Сондықтан, біз Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде әділ таңдадық. Бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Осыған байланысты Ассамблеяның арнаулы қорын құрып, сол арқылы қолдау көрсеткен жөн болар еді. Әрбір ауылда, ауданда, қала мен облыста әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған қоғамдық шаралар айрықша мәнге ие.

Тарихтан тағылым, өткенге тағзым. Кешегі күн ұмытылмақ емес. Ол – ұлыстар мен ұлттардың татулық пен тұрақтылықта өмір сүруі үшін маңызды. Қазақстанның көп ұлысты құрамының қалыптасуына әсер еткен сәттер мен сол кездегі қиындықты мына жәдігерлер сипаттайды. Еске түсіреді. Өткенге көз жүгіртіп, бүгінге тәубе деген Елбасы болашаққа баянды бағдар жасады. Қазақ елін тағы да мерекесімен құттықтап, қазақстандықтарға алғыс айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен әрқайсыңызға алғыс айтамын. Осы жылдардың барлығында маған қолдау көрсеттіңіздер. Әр сайлауда маған дауыс бердіңіздер! Маған сендіңіздер. Билік халыққа, халық билікке сенген ел құлаудан аман. Амандық тілеймін, Мереке құтты болсын!
Тағдыры қазақпен тығыз байланысқан өзге ұлт өкілдері үшін Қазақстан туған жерден де артық. Оған – қоғамдық келісімнің, ынтымақ пен бірлік, татулық пен тұрақтылықтың ықпал еткені анық.


Әскер Пириев, Түрік этномәдени орталығының төрағасы:
Бұл мерекені бір-бірімізге жақын қылатын фактор ретінде қарау керек. Бір-бірімізге алғыс айтып, бір-бірімізге бауыр басу өте маңызды. Сол үшін келешек буынға осындай жағдай болғанын айтып, сол үшін кеште болса бір-бірімізге алғыс айтайық.

Зинаида Чумакова, ҚХА мүшесі:
Мен үшін бұл мейрамның негізгі мағынасы – бейбітшілік, мейірімділік, махаббат. Осы күнде ең алдымен бүкіл Қазақ халқына деген алғысымды айтқым келеді. Репрессияның қиын кезеңінде біздің ата-аналарымызға көмек көрсетті. Көмектесіп қана қоймай, тұлға ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Наргиза Махмуди, Ұйғыр ұлтының өкілі:
Бүгін ғана емес, бүкіл өмірімде Қазақ халқына өз алғысымды білдіргім келеді. Бір адамның жақсылығын бағалай білу үшін оған – алғыс айту керек деп айтады ғой. Мен осы күнді пайдалана отырып, қазақ халқына ұйғыр халқының атынан алғысымды айтамын.

Ералы Тоғжанов, ҚХА төрағасының орынбасары:
Қазақстан бұл күнде полиэтникалық мемлекет болып қалыптасқан жоқ. Қиын кезеңдерде келген халық, ешқашан өткен тарихын ұмытпауы керек. Бірге өмір сүре білген халық, бір-біріне алғыс та айта білуі керек. Ең алдымен бұл мейрам Қазақ еліне, Қазақ жеріне айтылып жатқан алғыс.

Қазақ жерін мекен еткен 100-ден астам ұлттың Қазақ басшысына, Қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнімен тұспа-тұс келген ерекше мереке – тарих тоғыстырған түрлі ұлыстардың татулығы мен бірлігін одан әрі нығайта түспек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу