Оңтүстіктің бағбандары бақшаларын баптауға кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстіктің бағбандары бақшаларын баптауға кірісті

13.03.2016
Оңтүстіктің бағбандары бақшаларын баптауға кірісті
Түстіктегі ағайын жылға азық болар көктемнің әрбір күнін тынымсыз тірлікпен өткізіп жатыр.

Қыз мойынды қызғалдағымен, жасыл торғын даласымен, сұлудың шолпысындай сылдыр қаққан бұлағымен, ән салған құс-базарымен, тұяғы тасқа таңба түсіргендей тау тағыларымен көктем көркін паш етіп наурыз айының да табалдырық аттағанына екі апта өтті.

Қазақтың кең байтақ даласы, өткел бермес терең сайы, асқақ асуы, алып асқары, төбеңнен тақия түсірер шыңы, айды аймалап, күнге көңіл білдірген, шоқтығы биік Хан-Тәңірі - аққу мамық көмкерген көрпесін мәңгі жамылып жатса да, қазір қазақ сахарасын көктем самалы есіп тұр.

Иә, Арқасынан арқар ауып, алты ай қыс болатын сары жонды атырапты айтпасаңыз, еліміздің түстігінде күн әлдеқашан Жер-Ана төсін жібітіп үлгерген. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер осынау шағында малының аузы көкке жетіп, жанының алды аққа жарып жатқан жұрт жерін жыртып, бақшасын баптап, белін жазып еңбекке ерте араласып кеткен.

Еліміздің өзге аймақтарында қыс қытымыр мінезін танытып жатқанда, Оңтүстікте Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тіршілік оянды. Биыл жылдағыдай емес ақпан айының өзінде қардың көбесі сөгіліп сала берді. Тебіндеп шыққан шөп қазір төңіректі жасыл түске бояған.

Көктемнің ерте шығуы әсіресе, шаруаларға қол келді. Көктемгі егіс жылдағыдан әлдеқайда ерте басталды. Қазір түстіктегі ауыл аймақта қайнаған еңбек. Соқа сайманын сайлап, дайын отырған диқан жерін жыртып, егін салып жатыр.

Самат Ережепов, тракторшы:

Жауын жерге жеткілікті жауды. Сол себепті биыл жер айдауға ертерек шығып кеттік. Ылғал жеткілікті болған себепті биыл өнімді жақсы аламыз деп отырмыз.

Жердің ырыздығы – диқанның несібесі. Осыдан бірер апта бұрын егілген қырыққабат пен картоп та жайқалып өсіп келеді. Бидай себуді толығымен аяқтаған шаруалар енді мақсары секілді майлы дақылдарды егудің қарекетіне кіріскен.

Гүлзинат Отарбайқызы, агроном:
Күздік жақсы шықты. Үсіктен аман. Ол жағынан қатер жоқ. Көктемгі егіс те толығымен аяқталайын деп қалды. 1 мың 790 гектар жерге бидай егілді. 11 мың гектар жерге жоспарланған мақсарының 70-80 пайызы егіліп бітті.

Шөптің басы қылтып, көк шыққалы төскей төрт түлікке толып шыға келді. Енесі төлін іздеп, ойнақтаған қозы-лақ маңайды шуға бөлеп жамырайды.

Темірғали Асанбаев, шаруа:
Бір ай ерте көктем шығып жатыр. Малдың қарны тойып қалды жерден. Қоңды болған соң биылғы төл де жақсы болды.


Сай саланы қуалаған бұлақ суы еңіске қарай жылыстайды. Мұз құрсауынан азат болған өзен суы епкін ала жөңкіліп жатыр. Қылтиып шыққан көк жердің бетін тұмшалап, далаға көрік берді. Өріктер гүл ашып, төңірек ажарлана түсті.

Өн бойына нәр жүгіріп, гүл ашқан ағаштар жұпар иісімен елітеді. Шыбын шіркейлер қанаттанып, тіршілік атаулы ояна бастады. Тамылжыған көктемнің күніндей болған көріністі шырылдаған құстар үні де толықтырып тұр.

Гүлмира Тастанова, студент:
Табиғаттың жаңарып, гүлденгенін көріп, еріксіз көңіл көтеріледі. Ағаштар гүлдеп жатыр. Айнала жасыл түске енді. Тіршілік басталды. Осының өзі қандай керемет.

«Оңтүстік – жасыл желек мекенім!». Осындай бастамамен шуақты өлкенің ажарын аша түсуге бүгінде кәрі-жас демей көп болып жұмылуда. Облыс орталығы мен ауыл аймақты көгалдандыру ісіне тек студент жастар ғана емес түрлі мекемелер мен мемлекеттік қызметкерлер де бел шеше кірісті.

Олардың белсенді әрекетінің арқасында көше бойлары мен саябақтардағы жасыл желектің қатары да жас өскіндермен толықты. Шаһар көркіне сән беретін гүлдер отырғызылып жатыр.

«Атадан мал қалғанша, тал қалсын». Бағбандардың да қазір тірлігі тынымсыз. Ағаштарды бұтап, жөнсіз өскендерін кесу. Бақтың аумағын ұлғайтып, жаңадан көшет отырғызу.

Жақсы жеміс салған ағаштардан өскіндер алып, оны жабайы алмаға ұлау арқылы көшет әзірлеу. Оларды өңірдің күн райына бейімдеу. Қысқасы, ерінбегенге істейтін тірлік көп.

Бақытжан Жүнісов, бағбан:
«Көктемнің бір күні жылға азық», деген рас қой. Қимылдап қалмасақ, күн ысып кеткен соң ештеңе істей алмай қаламыз. Күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Көшет егіп жатырмыз. Алма бауды қырқып жатырмыз. Гүл өсіріп жатырмыз, қаланы көгалдандыруға. Жер айдап жатырмыз. Жұмыс көп күнделікті.

Ұлан байтақ жері бар, ақ пейіл мен жомарттық дарыған Оңтүстіктегі ағайын жылға азық болар көктемнің әрбір күнін осылайша тынымсыз тірлікпен өткізіп жатыр. Жер бетіне жақсылық пен мейірім ұялаған наурыздың күнінен күтер үміті мол. Ортақ тілегі - елдің амандығы мен береке-бірілік.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу