Алматы облысында мал төлдету науқаны қызған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында мал төлдету науқаны қызған

03.04.2016
Алматы облысында мал төлдету науқаны қызған
Облыс шаруалары малдарын төлдетіп, енді бірер күнде жайлауға көшудің қамына кіріскен.

Көктем келгенімен, орталық пен солтүстікте күн райы ашылмай тұр. Сіркіреп жауған жаңбыр, қардың басын алғанымен, жердің тоңы жіби қойған жоқ. Есесіне астықты аймақтардың диқандары биыл ылғал мол болады деген болжаммен соқа-сайманын сайлап, көктемгі науқанға дайындық бастады.

Ал, оңтүстіктегі диқандар ерте келген көктеммен, ерте қамданып атырапта жүрсе, бағбандар бау-бақшаның бабын тауып әлек. Оның үстіне бұл жақта мал төлдету науқаны да қызған.

Қазір Алматы облысының шопандары 100 саулықтан 100 қозы деп жоспар қумаса да, қорадан өретін қоңырдың басын көкке аман жеткізудің амалымен жүр.

«Шаңырақ» - Көксудағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Асыл тұқымды қой өсіреді. Шаруашылықтағы меринос қойының саны 14 мыңнан асады. Қазір шопандар шығынсыз төл алудың қамымен жүр. Ата кәсіпті нәсіп еткен ағайын қойы егіз туса мәз. Жыл 12 ай қой бағатын аға шопан Бауыржан Жақыпов көктем мезгілінің жауапты шақ екенін айтады.

Бауыржан Жақыпов, аға шопан:

Қандай жұмыстың да қиыны мен қызығы бар ғой. Ең қиын кезі - осы көктем уақыты. Қызық кезі сол төлді алып болып, жайлауға барып, еңбегіміздің жемісін көргенде сол бір қызық сәт.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл жерді шопандар «Жылы қора» деп атайды. Дәл осы жерде жаңа туған жас қозылар енелерімен бір тәулікке қамалады. Мысалы, мына қозыда қара шүберек байланған. Оның енесінде де қара шүберек. Осы арқылы өрістен қайтқан қойларды қозылармен табыстырған өте жеңіл болады.

Шаруашылықта болашақ ауыл шаруашылығы мамандары да тәжірибе жинақтап жүр. Студенттер дәл осы мал төлдету науқанына арнайы келеді. Бір жағынан сақманшы ретінде жалақы алса, екіншіден мал төлдетудің машақатын көзбен көріп, тәжірибелі шопандардан ақыл-кеңесін алады. Мал дәрігері мамандығына оқып жатқан Айдана Бейсебаева үшін бұл өте маңызды.

Айдана Бейсебаева, студент:
Өзім таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Жұмыс жақсы. Жұмыс тез табылады. Қазір ауыл шаруашылығы саласын көтеріп жатыр ғой.


Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Түн сақманшылардың ең сақ болатын сәті. Олар әр екі сағат сайын қораға кіріп, қойдың ішін аралап, егер жаңа туған мал болса қозыларын бөліп отырады.

Шаруашылықта қойдан бөлек, төрт түлікті түгел өргізіп отыр. Қазір қойы қоздап, түйесі боздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан малшы қауымның бір сәтке де демалуға мұршасы жоқ.

Сиыр демекші, серіктестік 2003 жылдан бері өңірге Қостанайдың «әулиекөл» тұқымын әкеліп, өзге шаруашылықтың малын асылдандыруға кіріскен. Алдағы уақытта мал бордақылау алаңын салып, ет экспортын еселеуге үлес қоспақ.

Аманжол Жүнісбеков, ферма меңгерушісі:
2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, малды бордақылауға жұмыс істеп жатырмыз. Біраз жылқы, ірі қара, қой бордақылап, жоспарымызды орындасақ па дейміз.

Серіктестіктегі шопандар үшін жылдағы жоспар 100 саулықтан кемінде 90 қозы алу. Мал төлдету науқанынан кейін олар жайлауға көшеді. Ол жерде малшыларды қырықтық пен ветеринарлық шараларды жүргізу секілді науқандар күтіп тұр.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу