Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды

17.04.2016
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды
Президенттің ресми сапары барысында көптеген мәселелер күн тәртібіне шығарылды.

«Ағайынның аты озғанша, ауылдасың тайы озсын», дейтін қазақпыз. Өзбек алыстағы емес жақын жұрт, оның үстіне оңтүстіктегі ордалы көршіміз. Қай жағынан қарасақ та стратегиялық жақындығымыз бар.

Өткен аптада Өзбекстан басшысының арнайы шақыруымен барған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты бауырлас ел құшақ жая қарсы алды. «Тәуелсіздік жылдары мемлекеттерімізді жақындастыра түстік», деген Қазақстан Президенті «Екі елдің тамыры терең тарихи достығы мен өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру мақсатымыз»,- деп ағынан жарылды.

Өзбекстан басшысы Ислам Кәрімов те «Қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет, сіздің бұл сапарыңыз дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды»,-деді.

Иа, дәл қазіргі әлемдегі тектоникалық өзгерістер мен геостратегиялық әрі геоэкономикалық шытынаулар тұсында Орталық Азиядағы екі жетекші елдің бірлігі аса қажет. Себебі, өңірдің тұрақтылығы мен тағдыры тікелей осы қос мемлекеттің мәмілесіне тәуелді.

Президенттің ресми сапары барысында көптеген мәселелер күн тәртібіне шығарылды. Ағайын елдер әуелі арадағы трансшекаралық су секілді шетін мәселелерді түбегейлі шешіп алуға мүдделі.

Содан кейін барып, өңірдегі терроризм мен діни экстремизм, есірткі тасымалы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен іс-қимылдарды күшейту үшін күш біріктіруге келісті.

Ташкент әуежайы. Өзбекстан басшысының арнайы шақыртуымен келген Нұрсұлтан Назарбаевты бауырлас ел құшақ жая қарсы алды.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:
Қазақстан мен Өзбекстан жақын көрші, бауырлас елдер. Мәңгілік достық шартына қол қойған мемлекеттер. Сондықтан, екі ел басшыларының бір-біріне барыс-келісі жиі. Тек соңғы 6 жылда Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Кәрімов 5 мәрте кездескен. Қазақ басшысының Ташкентке осы жолғы сапары – бесінші жүздесу.

Президент резиденциясы. Қос басшы шағын құрамда кездесті. Қазақстан мен Өзбекстан ежелден дос, стратегиялық серіктес. Қиын-қыстау жағдайда бір-біріне тіреу болды, қолдау көрсетті. Сенімді бекітті. Сондықтан, екі ел арадағы байланысты нығайтып, әріптестікті тереңдетуге мүдделі. Көшбасшылардың екеуара әңгімесі алдымен осы бағытта өрбіді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз бұл байланыстарды Тәуелсіздік жылдары сақтап қана қоймай, мемлекеттерімізді жақындастыра түстік. Бұл орайда көрші ретіндегі біздің риясыз ниетпен кездесуіміздің маңызы зор.

Мен Сізбен достығымды, қазақ пен өзбек халқының достығын мақтан тұтамын. Мақсат – осы қарым-қатынасты, өзара сенімді нығайтып, келесі ұрпаққа мирас етіп қалдыру. Барша қазақстандықтардың атынан өзбек халқына табыс пен бақ-береке тілеймін.


Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының Президенті:
Біз өмір сүріп жатқан қазіргідей күрделі кезеңде дәл осы қасиеттер қажет. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары қазіргі жағдайда дұрыс шешімді бірлесіп іздеу жолында пікір алмасу үшін де маңызды.

Әлемдік экономикада дағдарыс жалғасуда, дүниежүзінің ешбір мемлекеті қиындықтан ада емес. Біз дұрыс жолмен жүріп, әрдайым бағытымызды бірлесе байыптап отыруды қалаймыз.


Екі елдің стратегиялық әріптестік туралы келісімі бар. 3 жыл бұрын Қазақ басшысының Ташкентке барған сапарында қол қойылған. Бұл – екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысқа үлкен серпіліс беруі тиіс еді. Алайда, жаһандық дағдарыс арадағы алыс-берісті кемітті.

Мәселен, 2014 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 2,10 миллиард АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 0,7 пайызға төмендеген. Ал, 2015 жылғы қаңтар-мамыр айларында сауда-саттық көлемі 8,8 пайыз төмендеп, 659,9 миллион АҚШ долларын құраған. Сондықтан, екі ел басшылары екіжақты сауда көлемін өсіруге ниетті. Оның үстіне, Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы жетекші және стратегиялық маңызды елдер.

Жаһандық дағдарыс, халықаралық түйткілдер де – екеуара әңгіменің өзегі болды. Президенттер Ауғанстандағы ахуалға алаңдап, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың тездеп қалпына келуіне тілектестіктерін айтты. Көмек көрсетуге де, әзір.

Қазір, әлемде тұрақсыздық, жағдай ушыққан. Сырттан келер қауіп-қатер көп. Сондықтан, қос ел өңірлік қауіпсіздікті нығайтуы тиіс. Өйткені, Орталық Азиядағы геосаяси шаралар тікелей Қазақстан мен Өзбекстанның араласуымен іске асады.

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:
Кеше Ташкентте ШЫҰ мүше мемлекеттермен қауіпсіздік кеңесі хатшыларының отырысы өтті. Көп мәселе қаралды. Біз кез келген қауіпке дайын болуымыз керек. Терроризм мен экстремизм әлемді жайлады. Біз күш біріктіріп, күресуіміз керек.

Сын-қатердің алдын алу үшін ақпарат алмасып, ортақ база құру қажет. Осы орайда, ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік Кеңес хатшылары Қазақстан Президентінің лаңкестерге қарсы жаһандық коалиция құру бастамасын құптайтындарын айтуда.

Ғаламның құтын қашырған халықаралық терроризм мен діни экстремизммен тек Орталық Азия елдері ғана емес, әлем болып бірлесіп күресу керек. Бұл – Қазақ басшысының ұстанымы. Бастаманы жаһан мемлекеттері қуаттады.

Қазақстан мен Өзбекстен бұл бағытта күш біріктіруге дайын. Бұдан бөлек, есірткі тасымалына, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа заңсыз көші-қонға қарсы бірлескен іс-қимылдар да күшеймек.

Ерік Өтембаев, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Екі елбасы осыны талқылап, үлкен шаралар атқармақ. Біріншіден, Қауіпсіздік комитетінің басшылары осыны талқылады, қай салада жұмыс болатынын. Қазіргі таңда Қазақстан өңірдегі ең көп жұмыс жасап жатқан ел. Қазір өзбек халқы тарапымен сол мәселелерді ақылдасып, нақты шараларға келістік.

Трансшекаралық су мәселесі де, әлі күнге дейін түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселе. Қырғызстаннан басталатын Сырдария суы Өзбекстан, Тәжікстан арқылы ең соңында Қазақстанға жетеді. Аз ғана су. Ал, өзен бойында қоныстанған елдердің әрқайсысы өз үлесін алуға құқылы.

Бақытжан Сағынтаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары:
Біз Қырғызстанмен ылғи келіссөздер жүргіземіз. Өйткені, олар суды жоғары жақтан жіберетін болса, су жетпейді. Яғни, біз сол суды алу үшін қысқы мезгілде электр энергияны сатып алып жатамыз. Су мен электр энергияны алмастырып отырмыз. Суды тауарға айналдыруға болмайды.

Әзір тек Қазақстан мен Өзбекстан арасында ауызша уағдаластық бар. Уәдесінде тұрған көрші ел, қазір Қазақстанға тиесілі су мөлшерін толық беріп отыр. Дегенмен, бәрі – бір келісімге сүйенетін ортақ құжат әлі жоқ.

Алдағы уақытта трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық нысан салынады. Тағы да түсініспеушіліктер туындамас үшін ол БҰҰ-ның халықаралық құқықтары мен нормаларына сәйкес жүзеге асырылмақ. Яғни, өзеннің төменгі сағасында орналасқан елдермен келісіледі.

Жер суын тиімді әрі тең тұтыну – бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен әл-ауқатына әсер етпек. Сондай-ақ, екеуара кездесуде мемлекет басшылары жазда Ташкентте өтетін ШЫҰ саммитіне дайындықты пысықтап, қабылданатын құжаттарды таразыға салды. Биыл Өзбекстан осы ұйымға төрағалық тізгінінде. Ал, қазақ басшысының бұл сапары арадағы достықты тереңдетіп, әріптестік аясын кеңейте түспек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу