Бүгін Дохада әлемнің мұнай өндіруші және экспорттаушы 18 елінің өкілдері кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Дохада әлемнің мұнай өндіруші және экспорттаушы 18 елінің өкілдері кездесті

17.04.2016
Бүгін Дохада әлемнің мұнай өндіруші және экспорттаушы 18 елінің өкілдері кездесті
Конференцияның негізгі тақырыбы – өндірісті шектеп, шикізат бағасын қайта өсіру.

Бүгін Катар астанасы Дохада әлемнің мұнай өндіруші және экспорттаушы 18 елінің өкілдері кездесті. Конференцияның негізгі тақырыбы – өндірісті шектеп, шикізат бағасын қайта өсіру. Бірақ, осы аптада ОПЕК-те, Халықаралық энергия агенттігі өз болжамдарын жариялап, биыл сұраныстың төмен, ұсыныстың жоғары болатындығын айтты.

Қысқасы, олар Дохадағы жүздесу энергетикалық нарықта қалыптасқан жағдайға аса ықпал ете алмайды деп есептейді. Дегенмен, артық өндірілген мұнай азайып, көмірсутегінің нарқы шілдеде қайта өседі деген де болжам бар.

Биыл қаңтарда мұнайдың Брент маркасының бағасы соңғы 12 жылда алғаш рет 28 долларға дейін түскені белгілі. Бірақ, ОПЕК пен Ресей өндірісті шектеу жоспары бойынша жұмысқа кіріскелі, шикізат құны қайта көтерілді. Соңғы екі айда әлемде мұнай бағасы 30 пайызға жоғарылып, осы аптада биржаларда 43-44 долларға сатылды.

Бірақ, бұл қашанға дейін жалғасады? ОПЕК бейсенбі күні жариялаған жаңа баяндамаға жүгінсек, биыл дүниежүзінде энергетикалық отынға сұраныс бұрынғы болжамдағыдай болмайды.

Себебі, Латын Америкасы мен Қытай экономикасы әлі де баяу. Жұма күні жарияланған деректерге жүгінсек, шығыстағы көршіміздің жалпы ішкі өнімі 6,7 пайызға ғана артқан. Бұл – 2009 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш.

Шэнь Лэйюнь, Қытай Ұлттық статистикалық бюросының өкілі:

Біз алдын-ала болжам жасап, Қытай экономикасы шындығында да көтеріле бастады деген едік. Бірақ, бұл орайда тым оптимист бола алмаймыз.

Сонымен қатар, 2016 жылы Жер шарының солтүстік бөлігінде қыс жылы болды. Таяу Шығыста жанармай сатып алуға субсидия бөлу тоқтатылды. Бұл факторлар да әлемде мұнайға сұраныстың төмендеуіне ықпал етуі мүмкін, дейді ОПЕК мамандары.

Ал, Халықаралық энергия агенттігінің мәліметінше, Доха кездесуінде ОПЕК-ке кіретін және кірмейтін 18 мемлекет шикізат өндірісін өсірмеуге келіссе де, мұның нарыққа әсері шамалы болады. Өйткені, Ресей мен Сауд Арабиясында мұнай өндірісі рекордтық деңгейде. Бұған жыл басынан бері экспортты үдете түскен Иранды қосыңыз.

Джавад Зариф, Иран Сыртқы істер министрі:
Біз сенеміз. Иә, санкциялар Иранның мұнай және газ экспортына бірнеше жыл бойы кері әсер етпей қоймады. Сондықтан, еліміз өз орнын қайтаруға тиіс. Әрине, бұл орайда өзге өндіруші елдермен ынтымақтаса жұмыс істейтін боламыз.

Доха кездесуі тағы бір себеппен әлемнің энергетикалық нарығында қалыптасқан жағдайға соншалықты әсер ете алмауы мүмкін. Өйткені, қоймаларға жиналып қалған мұнай көп. Мысалы, былтыр дүниежүзінде бұл шикізат 3 миллион баррельге артық өндірілген екен.

Биыл оған тағы 1 жарым миллион бөшке қосылады. Халықаралық энергия агенттігінің пікірінше, бұл жайтты ескерсек, мұнайға сұраныс пен ұсыныс арасында тепе-теңдік 2017 жылға дейін орнамайды.

Мұнай бағасы 2014 жылы қараша айында құлдырай бастады. Оған себеп – Сауд Арабиясы бастаған ОПЕК елдерінің нарықтағы үлесті сақтап қалу үшін АҚШ-тың тақтатастан шикізат өндіру секторын күйрету ниеті.

Сол кезде бағаны ұстап тұруға әрекет қылған жоқ. Соның салдарынан 2013 жылы орта есеппен 111 долларға сатылған мұнай биыл 35 долларға дейін арзандады. Соңғы екі жылда бүгін Дохаға жиналған 18 ел экономикаларын қолдау үшін валюталық резервтерінен жалпы алғанда 315 миллиард долларды жұмсап жіберген. Бір Сауд Арабиясының өзі 38 миллиард доллардан астам қордан айырылыпты.

Саудиядағы жағдай тағы бір ірі экспортер – Ресейдің де басына түсіп отыр. Дегенмен, Президент Владимир Путиннің сөзіне сенсек, бұл мемлекеттің резерві әлі 4 жылға жетеді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Бұл мынаны білдіреді: егер біз қаражатты былтырғыдай жұмсай беретін болсақ та, кемінде тағы 4 жылға жететін ресурстарымыз қалады.

Дегенмен, Халықаралық энергия агенттігінің өзге бір болжамына қарағанда, әлемдік нарықтағы артық мұнай биылғы жылдың екінші жартысында іс жүзінде таусылады. Оған ОПЕК-ке кірмейтін елдердің өндірісті қысқартуы себеп болмақ.

Ал, шілде мен желтоқсан айлары аралығында дүниежүзінде сұраныстан асыра өндірілген шикізат көлемі тәулігіне 200 мың баррельмен шектелмек. Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш - күніне орта есеппен 1 жарым миллион баррель болады.

Осы факторларды ескере отырып, RBC Capital Markets компаниясы Доха кездесуінің қорытындысына қарамастан мұнай бағасы шілде айында қайта қымбаттайды, деп есептейді.

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу