Осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясы өтті

01.05.2016
Осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясы өтті

Жиында қоғамның бірлігі мен Мәңгілік ел идеясы аясында ұйысқан ұлттың патриоттық актісі қабылданды.


Талай ойшыл байқаған - Адам ата баласының ең бір жұқа жерлері – ұлты, тілі, діні, туған топырағы. Дәл осы бір жеке құндылықтарға қарата кемсітуді байқаса таза бір мәңкүс болмаса ыза-ашуын аңғартады. Мұнда ешқандай сыр тығылып жатқан жоқ, ғылыми тілде инстинкт қазақы қалыпта түйсік, я болмаса қанмен берілген қасиет көтерер болса керек.

Қазақ ескі сөзінде «қанша мықты болса да тартпай қоймас негізге», деп жатады. Өз атамның біздің санаға сіңіруінше, әр асыл түп жасығына оралмай қоймайды. Азаттық алған жылдары қазақ жеріндегі әртекті, әрдінді, әртілді, әртүрлі қауымдар қырық пышақ болып қырқысады, бітіспес майдан ошағына айналады деп болжағандар көп болыпты.

Кейін оқып, зерделедік. Бірақ ондай болжам орындалмады. Ол әрине, елдегі негіз құраушы жұрттың сабыры мен төзімі және сол кезеңде ел тізгінін ұстаған азаматтардың ақылды саясатының жемісі болса керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы деген институттың құрылуы, тамыр жаюы, маңыз алуы бастапқы жылдары түсініксіздеу болғаны рас. Бірақ, соңғы жылдардағы геосаяси тартыстарда кейбір қауымдардың іштен іруі, кеше сол құдықтан тұнық суды іше отырып, бүгін екі езуден тамшылата қан ішуі көп дүниені аңғартты, түсіндірді, сендірді.

Яғни, кейбір институттардың бүгін емес ертең үшін құрылатынын, кейбір философиялардың да бүгін үшін емес ертең үшін әдейі сіңірілетінін аңғардық. Осы аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының 24-ші сессиясы өтті. Жиында қоғамның бірлігі мен Мәңгілік ел идеясы аясында ұйысқан ұлттың патриоттық актісі қабылданды.

Бейбітшілік және келісім сарайы. Үлкен үйдің үлкен жиыны. Алыс-жақын елдердің іргесі сөгіліп, іші алатайдай бүлініп жатқанда, 130 этностың бір мүдде, бір мақсатпен өмір сүруі - Қазақстанның басты жетістігі. Енді осы берекені баянды ету үшін 24-сессияда «Мәңгілік Ел» патриоттық актісі қабылданды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Құрметті қауым, бүгін біз Мәңгілік ел патриоттық актісін қабылдағалы отырмыз. Оны жан-жақты талқылап, қолдау білдіргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Осы маңызды құжатты көптен бері дайындап, дәл биылғы мерейлі жылы қабылдануы айрықша маңызға ие. Надан халық бір жылын, ақылды халық бір ғасырын, дана халық мәңгілік болашағын ойлайды деген бар. Біз бұл жолда мәңгілік болашағын ойлайтын дана халық болайық.

Патриоттық акт халқымыздың бүгінгі өміріне де, болашағына да тікелей ықпал ететін маңызды құндылықтардың жиынтығы. Құжаттың әрбір тармағы халқымыздың жүрегінен орын аларына сенемін. Бұл қазақ халқының көкейінде жүрген, ата-бабамыздың көкейінде жүрген мәселе.

Сондықтан, еліміздегі басқа ағайындарымызға осыны түсіндіру үшін барлығымыз жұмыс жұмыс істеуіміз керек. Патриоттық акт - Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған буынның кейінгі ұрпаққа аманаты. Ондағы құндылықтарды мәңгі қастерлеп, дамыта білсек, Мәңгілік ел болу деген осы.


Сессияда сөз алғандардың бәрі дәл осы «Мәңгілік Ел» идеясы төңірегінде ой өрбітті. Солардың бірі - қостанайлық Наталья. Өз күшімен өзгелерге қазақтың тілін үйретіп жүр және қаршадай қыздың жаңалығы жалғыз бұл емес.

Наталья Шпагина, «Тілдарын» жастар клубының төрағасы:
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, мен қазақ тілінің мұғалімімін. Алла жазса, алдағы жазда үлкен қазақ отбасына келін болып түсемін. 2011 жылы қазақ тілінде таза сөйлейтін этнос өкілдері жастарынан «Тіл дарын» клубын құрдық. Алғашында он шақты адаммен бастаған едік. Бүгінде қатарымыз 150-ге жетті. Ассамблея жылы ұйымдастырылған «Мың бала» республикалық жобасына біз де өз үлесімізді қостық. Облысымыздан 2000-дай бала қатысты. Ал, республика бойынша 44 мыңнан астам бала бір жылдың ішінде мемлекеттік тілді сапалы түрде меңгерді. Бұл жұмыс Сіз жариялаған «100 қадамның» бірі. Мәңгілік елдің бастауы.

Ал, мына азамат жүрегін ауыстырып, өмірге қайта келген жан. Жүрегін беруге келіскен адамға және оны ауыстырып салып берген дәрігерге алғысы шексіз. Оның жүрекжарды тебіренісі бүкіл залды аяғынан тік тұрғызды.

Бейбітшіліктің бесігі болған Қазақ елі мен Елбасына алғыс айтқандар көп. Кезінде жер ауып келгендердің бәрі қазақтан көрген жақсылығын ешқашан ұмытпай, оны ұрпағына өсиет етіп келеді.

Фаризат Хаджиева, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің студенті:
Мен бүгін бұл сахнаға отбасымның аманатын өтеу үшін шығып тұрмын. Нұрсұлтан Әбішұлы, егер Әбіш атаның қамқорлығы болмаса, мен де бүгін бұл сахнада тұрмас едім. Сол адамгершілік, сол кеңпейілдік, сол қамқорлық үшін Сіздің ата-бабаларыңызға, Сіздің отбасыңызға айтар алғысымыз шексіз.

Қазіргі ғарышта да қазақтың қолтаңбасы бар. Батыр ұл Айдын Айымбетов Мемлекеттік Тумен бірге Ассамблея жалауын да көкке өзімен бірге алып ұшқан. Сол жалауды сессияда Президентке салтанатты түрде тапсырды.

Сессия жұмысында Нұрсұлтан Назарбаев еңбек қоғамын дамыту, қайырымдылық жасауға талпыну жайына көп тоқталды. Ең бастысы, 5 реформа, «100 нақты қадамды» жүйелі жүзеге асыруға жүрдім-бардым қарамау керек.

Бұл ретте кейбір мәселелерді халыққа жеткізу жағы ақсап тұр. Соның бірі - жерге қатысты мәселе. Елбасы жер ешқандай шетелдікке сатылмайтынын салмақтап тұрып айтты. Ал, Заңға енген жаңа өзгерістер жер еміп отырған шаруалардың жағдайын жақсартуға бағытталған, деді.

Осыдан кейін жауапты мекеме өкілдері жерге қатысты мәселені жұртқа жаппай түсіндіруге міндеттелді.

Ерболат Досаев, ҚР Ұлттық экономика министрі:
Бір айдың ішінде әр ауылға, әр ауданға барып, әр енгізген норманы түсіндіреміз. Қандай пайда әкеледі, өзіміз шығарып жатқан қағаздардың ішінде өзгерістер болып қалса, не істейміз осы мәселелерді түсіндіру бойынша жұмыстар жүргіземіз.

Қазақ бүгінгі бейбіт күнге бірден жете қалған жоқ. Мың өліп, мың тірілді, талай нәубет көрді. Қырғыз профессоры өзінің атасымен «Қарлагта» бірге жатқан қазақ азаматының қолындағы құнды жәдігерді Елбасыға тапсырды. Ол тар қапаста жатып «Қыз Жібек» эпосының бізге беймәлім нұсқасын қағазға түсіріпті.

Сессияда сөз алған өзге этнос өкілдерінің түрлері бөлек болса да, тілегі бір. Ол «Береке, бірлік, келісім, ең асыл іс ел үшін», деген ниетпен астасады.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу