Үш күн бойы тұтас ел «Шын жүректен!» телемарафонына атсалысты.
Ұлттық телеарна үлкен игілікті іске ұйытқы болды. Үш күн бойы тұтас ел «Шын жүректен!» телемарафонына атсалысты. Үш күн бойы талай мүшкіл тағдырға көмек қолын созды Қазақ елі. Қайырымдылық марафоны кезінде «Қазақстан халқы Ассамблеясының қорына» 40 миллион теңгеден аса қаражат жиналды. Ол қаржы дімкәс, сырқат, дертті балалардың еміне жұмсалады.
Көп түкірсе көл емес пе? Осы телемарафон біздің көзге кеңпейіл қазақтың біреудің мұңына, біреудің қайғысына шын жылап, шын жүректен көмектесетінін көрсетті. Бір кейуананың бір сәбидің еміне сеп болсын деп екі мың теңге ақшасын арнайы әкеліп бергенін көзбен көрдік. Өртеніп жатқан дүнияға қанатымен су сепкен ақ ниет, қарлығашты елестеттік көзімізге.
Көп дүниеге құдай аясын деп көз жұма қарайтынымызды жасыра алмаймыз. Дегенмен, дертті сәби дегенде жүрегі сазып, төмен тартпайтын жан кемде кем. Қорыта айтсақ, сырт қарағанда бұйығы да бейқам көрінетін біздің қоғам жанашыр екен, мейірімді, қайырымды екен.
Бақытжан Полат 2014 жылы абайсызда тоққа түскен. Содан бері төсек тартып жатыр. Дәрігерлер қолдан келгеннің бәрін жасаған, ендігі үміт Ресейде. Атыраулық Әділханның туғаннан сүйектері сынғыш. Оның аяқ-қолының сүйектері осымен 51-ші рет сынған. Дерттің емі Ресейден табылды. Кемінде 3 жыл үзбей емделуі керек. Әрбір емі 700 мың теңге.
Ал, қарағандылық 7 жасар Әділхан 2014 жылдан бері осы бір құрылғыға байланып өмір сүруде. Оның өмірін сақтап қалу үшін Үндістанда құны 50 мың доллар болатын ота жасату керек. Жұмахан Асыловтың мойын омыртқасы зақымданған. Қоларбаға таңылған бозбаланы бірнеше шетелдік клиникалар емдеуге шақырып отыр. Тек қол қысқа.
Қолынан келгендер аянып қалған жоқ. Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткіншектерге қол ұшын созуға асыққан жандардан толассыз қоңыраулар түсіп, арнамыздың сайтына хаттар жолданып жатты. Әр жерде қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды.
«Самұрық-ТРАСТ» арнайы қоры балдырғандардың еміне 10 миллион теңге, «Қазақстан халқы Ассамблеясы және этномәдени бірлестіктер» 4 миллион 621 мың, «Асыл бала» қайырылымдылық ұйымы 1 миллион теңге қаражат бөлді. Одан өзге жекелеген азаматтар да жетерлік.
Нұрлан Смағұлов, «Астана групп» холдингінің президенті:
Біз бүгінгі марафонды қолдай отырып, балаларға қажетті қаржылай көмек аудардық. Жетімдер мен көмекке мұқтаж жеткіншектердің мәселесі баршамызға ортақ деп ойлаймын. Біз жуырда Жезқазғанда «Аналар үйін» аштық. Ол жерде қараусыз қалған аналарға жағдай жасалған. Осындай игі істер көбейсе екен.
Айгүл Дүйсенова, «Ақниет» компаниясының директоры:
«Ақниет» компаниясы әрдайым сырқат балаларға көмегін тигізіп келеді. Қайырымдылық шарасына қатысу біз үшін зор ғанибет. Осындай бастамалар әлі де халықтың қолдауын таба берсе деймін.
Қуат Домбай, ҚР Қаржыгерлер қауымдастығы төрағасының кеңесшісі:
Біз «Шын жүректен» қорына 1 миллион теңге беруге қуаныштымыз. Себебі, бір елде тұрып, осындай жақсы жобаларға ақша ұйымдардан берілуі керек. Біз оны әр уақытта қолдаймыз.
Үш күнге жалғасқан телемарафонда арнамызға 150-ден аса хат түсіп, ауыр дертке шалдыққан жүз шақты жеткіншек жайлы ақпарат берілді. Оның ішінде шұғыл түрде ота жасатуы тиіс бүлдіршіндер бар.
Көптің қолдауын тапқан қайырылымдылық шарасы мұнымен тоқтамайды. Дертіне шипа іздеген жандарға қолғабыс етемін десеңіз, кез келген уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының қорына қаржы аудара аласыз.
Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ