Түркияда 3 миллионға жуық босқын бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда 3 миллионға жуық босқын бар

22.05.2016
Түркияда 3 миллионға жуық босқын бар
Түрік билігі 2011 жылдан бастап босқындарға арнайы лагерь сала бастады.

Бес жыл бұрын басталған Сирия сергелдеңі әлі қанша уақытқа созылары белгісіз. Осы күнге дейін оқ пен оттан жан сауғалаған халық жан-жаққа тарыдай шашылды. Солардың ең көбі Түркиядан пана тапты. Қазір бұл елде 3 миллионға жуық босқындар бар.

Анадолы еліне ағылған босқындардың легі әлі толастар емес. Түрік билігі 2011 жылдан бастап босқындарға арнайы лагерь сала бастады. Оған осы күнге дейін ел бюджетінен 9 миллиард доллар жұмсалған. Қазір Сириямен шекарадағы лагерлер Түрік әскерінің бақылауында. Бірақ, бұл лагерлерге сырттан тірі пенде бара алмайды. Әкімшілік, құқықтық құжаттар мен рұқсат алу өте қиын.

Ғабит Ұзақбай, тілші:
Біз қазір Түркияның Газиантеп аймағында тұрмыз. Біз тұрған орыннан 30 шақырым жерде Түркия Сирия шекарасы. Яғни, осыдан 30 шақырым жерде соғыс болып жатыр.

Ал мынау өздеріңіз көріп тұрғандай, босқындар лагері. Бұл жерде 908 контейнер бар. Онда 4828 адам өмір сүріп жатыр. Жалпы, Түркия соңғы 5 жылда 2 миллион 850 мың босқынды қабылдаған. Түркияның әр аумағында осындай 26 лагер жұмыс істеп тұр.


Екі қатар қоршау, қатаң күзет. Лагерь аумағы түгел бақылауда. Барлығы босқындар қауіпсіздігі үшін. Аумаққа кіре, алдымыздан балалар шықты. Жат деп жатырқамай, барлық жаннан тек жақсылық күтіп жүрген де осылар.

Босқындардың жайын бізге лагерь басшылығы баяндады. Мұнда сырттан келгендер көп жүре алмайды, берілетін уақыт өте шектеулі. Сондықтан, көп созбай өздеріне тиесілі жұмыстарына көшті. Бастысы, Түркия босқындарды қорғау үшін арнайы заң қабылдаған.

Соған сәйкес лагерде өрт қауіпсіздігі, медицина қызметі жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, балалардың бос уақыты текке кетпес үшін кітапхана, компьютер бөлмесі барлық қажеттімен жабдықталған. Тіпті іс тігу, қолөнер жұмыстары үшін де орын бөлініп, мектеп оқушыларына арнайы курстар ашылған.

Сирия - көпұлтты мемлекет. Босып келгендердің ішінде қарашай, лезгин және тағы басқалары да бар. Біз келгенде олардың барлығы өнерлерін көрсетуге тырысты.

Би билеп жүрген қыздар, баян тартып отырған қария. Барлығы көңілді әуенді орындаса да, көздерінен қуаныш байқау қиын. Әуен қанша көңілді болса да, оны өз еліңде орындай алмаудың сонша қиын екенін байқадық. Жалпы, Сирияда соғысқа дейін 20 миллион халық болса, соның 7 миллионнан астамы елін тастап кеткен. Қалған 12 жарым миллионы көмекке зәру.

Ғабит Ұзақбай, тілші:
Босқындар лагеріндегі мына контейнерлердің әрқайсысы 21 шаршы метр. Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Ыстық су, мұздай сулары бар, желдеткіштеріне дейін қойылған.

Ал, осындағы Сириядан келген балалар араб тілінде білім алады. Бұл жерде арнайы мектеп бар. Дәл осы біз тұрған лагердегі мектепте араб тілінде білім алады.

Ал мектепті бітіргеннен кейін түрік тілінде курстан өткізеді. Түрік тілін үйретеді. Әрі қарай жақсы оқығандары Түркияның ЖОО түсуге мүмкіндік алады. Тіпті оларға 600 лирадан стипендия тағайындаған.


Бір отбасыға бір контейнер. Солардың бірінде Мәхір Осмад отбасымен тұрып жатыр. Күдігінен үміті көп. Ертерек соғыс аяқталып, елге барып сүйікті кәсібі - ағаш баптаумен айналысқысы келеді.

Мәхір Осмад Жарашур, Сирия азаматы:
Бізді Сирияның мемлекеттік ұшақтары бомбалады. Мен бұрынғы әскери адаммын, болған жағдайды жақсы білемін. Сол жарылыстардан туыстарымызды жоғалттық. Содан қашып осында келдік.

Түркия еліне айтар алғысымыз шексіз. Бізді бауырына басты, пана берді. Бірақ біз туған жерімізді сағынамыз. Соғыс аяқталса, міндетті түрде елімізге барамыз. Бар тілегіміз соғыс тоқтап, атамекенімізге жету.

Сириялық азаматтың үміті үзілмей, сеніміне демеу болайық деген ниетпен біз де бар тілегімізді айтып, қоштастық.

Лагерге кірген сәттен біздің қасымыздан балалар кетпеді. Кішісі де, үлкені де қызық көрді ме әйтеуір жүгіріп еріп жүрді. Солардың ішінде 15 жастағы Исмаил еліндегі бомба жарылыстарын көрген. Барлық жағдай әлі күнге дейін көз алдында.

Исмайл, Сирия азаматы:
Біздің көшеге бомба түсті. Қатты қорықтық. Сол сәтте еш ойланбастан біз Түркияға қарай өтуге бел будық. Бір күнде жеттік осы жерге. Үш бауырым, ата-анам бәріміз осы жердеміз.


Біздің сапарымыз осы Исмайлға қатты әсер етті. Қасымда камерамен түсіріп жүрген әріптесімнің жұмысына қатты қызыққаны соншалық болашақта оператор болғым келеді деп арманын айтты.

Бір баланың болса да арманын оятып, болашағына үміт ұялаттық. Сосын осы сапардан бірлігі жоқ елден береке кететінін ұқтық. Осындағы халық барлық қиындықты көтеруге дайын. Тек бір ғана арман тілектері бар. Соғыс болмаса екен дейді.

Қазақстандағы бейбіт заманның қаншалықты құнды екенін біз де осы жерде түсіндік. Елдің амандығын тілеп, ойға батып жүргенде шектеулі уақыт аяқталып лагер сыртына шықтық. Тек мына балалар ғана бізді өз жақынындай көріп қимай қоштасты.

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу