Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына сатылу керек пе, жоқ па? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына сатылу керек пе, жоқ па?

22.05.2016
Ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына сатылу керек пе, жоқ па?
Жер реформасы жөніндегі комиссия кешегі отырысында дәл осы тақырыпты талқыға тастады.

Қоғамда түрлі резонанс тудырған түйткілдің түйінін шешуі үшін Президенттің пәрменімен республикалық комиссия құрылды. Оған министрлер, саяси партиялардың мүшелері, саясаттанушылар, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділерімен бірге жердің қадірі мен халін білетін қарапайым шаруалар кірді.

Көптің пікірін бұқпай, бүкпей, ашық айту үшін құрылған алаң - қарапайым халықтың да ұсыныстарын қараусыз қалдырмайды. Сонымен, ауыл шаруашылығы жерлері Қазақстан азаматтарына сатылу керек пе, жоқ па?

Жер реформасы жөніндегі комиссия кешегі отырысында дәл осы тақырыпты талқыға тастады. Комиссия мүшелерінің басым бөлігі өз азаматтарымызға жерді жекеменшікке беру керек, бірақ, жалға алу құқығын да шектемеу қажет деген ұстанымда. Ал, жайылым мен шабындық жерлері тек мемлекет меншігінде қалуы тиіс.

Алдымен, комиссияның алғашқы отырысынан кейін оның құзыретіне қатысты айтылған алып-қашпа туралы. Әсіресе, әлеуметтік желілерде көп жазылған бұл мәселеге комиссия төрағасы қысқа да нұсқа, әрі нақты жауап қатты.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Біздің комиссияның жұмысының қаншалықты құзыры бар, жай отырып алып, әңгіме айта ма деген сөздерге, бұл жерде бір ғана жауап. 6 мамырда Елбасы айтып өткен резонанс тудырған ережені талқылап, Парламентке беру керек. Біздің комиссия Парламент, Үкімет емес, біз ұсыныс енгіземіз, яғни, бізге ұсыныс енгізу құзыреті берілді.

Енді комиссияның құрылымы. Төрт жұмыс тобы жасақталды. Біріншісі экономикалық бағытта жұмыс істейді. Яғни, жердің құнарына, сулы-нулысына қарай кадастрлық құны мен пайдалы тұстарын саралайды. Ашық әрі әділ өткен отырыста бұл топқа жетекшілік ету Ақылбек Күрішбаевқа аманат етілді.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Менің ойымша, Күрішбаевтың кандидатурасы дұрыс секілді.

Құқықтық заңнамалық топ құрамына 14 адам енген. Жер кодексіне енетін негізгі өзгерістер мен толықтырулар осы топта талқыланады. Жұмыс тобының тізгіні қоғам белсендісі Мұхтар Тайжанға тапсырылды.

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері:
Мынау Мұхтарды сыртынан білетін едім. Өткен отрыста өз құлағыммен естідім. Өсіп келе жатқан табанды, ақылды жігіт. Несі бар дауысқа салатын, ұсынайық Мұхтарды.

Ал, комиссия жұмысының шешімдерін жұртшылыққа дер кезінде жеткізіп отыратын ақпараттық түсіндіру тобының жетекшілігі Мұрат Әбеновке жүктелсе, жер қатынастарын реттеу, рәсімдеу ісінің ашықтығын қамтамасыз етумен айналысатын төртінші топқа Дос Көшім жетекші болып сайланды.

Енді комиссияның екінші отырысына ойысайық. 75 мүшесі бар комиссияға осы жолы 67-сі қатысты. Конструктивті диалогтан бас тартқан бірді-екілі адам комиссиядан шығып кеткен.

Жүрсін Ерман, ақын:
Жердің соңында бүкіл қазақтың тағдыры тұр. Тілі де, ділі де, адам тағдыры тұр. Комиссия мүшелерінің комиссиядан шығып кетуі әлсіздік деп есептеймін. Мемлекет комиссия құрып берді. Мәселені талқылаңдар деп. Еліңнің шын патриоты болсаң, сол елдің пікірін қолдап, қорғап дауыс бермейсің бе, үніңді қоспайсың ба, бұл осалдардың позициясы деп есептеймін.

Осылайша, Елордада екінші рет өткен комиссияның кешегі отырысында ауыл шаруашылығы жерлерін сатамыз ба, жоқ па деген жалғыз сауал күн тәртібіне бекіген. Әдеттегідей пікір де әртүрлі. Шаруасы шалқып, экономикасы дамыған елдер жер реформасын революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен жүргізді. Сондықтан, жерге тауар деп емес, өндірістік құрал ретінде қарау керек. Бұл комиссияның экономикалық жұмыс тобын басқаратын ғалымның сөзі.

Ақылбек Күрішбаев, Қазақ агротехникалық университетінің ректоры:
Жер деген мұнай шығаратын мұнара емес, бізде егістік жерлердің 93 пайызы толықтай жауын-шашынға байланысты, 7-ақ пайызы суармалы жер. Сондықтан, бұл жұмыс бойынша сатып алатын қожалықтарымыз қалай алады, мен бірнеше қожалықтарымен сөйлестім, иә оларға жеңілдік беріліп отыр. Соның өзінде 3000 гектар жер болса, жылына 6 миллион теңге төлеуі керек. Бұл оларға үлкен ақша. Бір-бірін жалғап отырған қожалықтарға өте қиын болады.

Еуропада жекеменшік жерлер көп, жалға алынған жерлер де бар. Аграрлық саласы дамыған Австралияда жерді жекеменшікке беру туралы заң сонау 1857 жылы қабылданған. Бірақ, шаруа қожалықтары әлі күнге дейін жерді тек жалға алып отыр. Өйткені, жер шаруашылығымен айналысу оңай емес. Сондықтан, жерді дұрыс игере алатын азаматтарға жерді сату керек, жалға беруді де қалдыру керек.

Ақылбек Күрішбаев жерді тиімді пайдалану үшін мемлекеттік кадастрға зерттеу жүргізу керектігін де айтты. Қазіргі әдіспен жылына 3,5 миллион гектар жер сапасын тексеру үшін кемінде 7 жыл қажет. Жер кадастріне қатысты шикіліктің шеті шыққанда оған пікір қосқандар да табылды.

Сайран Бұханов, Қазақстанның Еңбек Ері:
Бірінші қорға қалдыру керек, келешек ұрпақтарға қор былайша айтқанда, жерді сатуға қарсы емеспін, мен өзім жалдаймын, бірақ жалға алған жер иелерін мазалауға болмайды.

Берік Әбдіғали, саясаттанушы:
Жерге жекеменшік әрине керек, бірақ оған біржақты емес, дифференциалды қарау керек. Көп жылдар бойы айналысатын шаруаларға шектеумен, бақылаумен беру керек те, жайылым мен шабындық жерлерді жекеменшікке бермеу керек деп есептеймін.


Жайылым мен шабындық бойынша Жер кодексіндегі нормалар сақталуы тиіс. Көпшілік пайдаланатын магистралдық каналдар, насос станциялары, су көздері мен құдықтар мемлекет құзырында қалуы керек. Ауыл азаматтары арасында араздық тумауы үшін. Бірақ, жайылымға қатысты заңда жалпы айтылғандықтан, оны да нақтылау қажет.

Владислав Косарев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Неге біз астық компанияларына құнарлы жермен бірге, жайылымдық жерді де бердік? Олар сол жерден өнім алып, оны 3 есе қымбатқа сатады. Оған жол бермеу керек. Олар сол жерлерді халықтан жалға алып отыр, төлейтіні гектарына 70-ақ теңге.

Комиссия мүшелері арасынан белгіленген көлемдегі жерді Қазақстанның әр азаматына тегін беру керек деген де пікірлер айтылды. Сонда ғана халықтың ауыл шаруашылығымен айналысып жағдайын жақсартуына жол ашылады.

Марат Шибутов, Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшесі:
Бізде 180 000 шаруа қожалықтары бар екен, 112-120 мыңы 50 гектардан төмен жері бар, орташа есеппен әрқайсысында 10 гектар жер бар. Бұл ең қарапайым шаруа иелігіндегі жер.

Мемлекет банктерге көмектеседі, онда 50 гектардан аз жері бар, 3 жылдан астам жерді жалға алып отырған шаруаға сол жерді тегін берсек қайтеді. Сонда біз әлеуметтік жағдайды да шеше аламыз.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Қазақта жер жекеменшікте болмаған деген пікір айтылып қалады, ол қазақта болған. Қазақтың жайлауы да, қыстауы да, олардың маршруты да белгілі болды. Сондықтан, жерге жекеменшік ата-баба дәстүрінде бар.

Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан қорының президенті:
Қазақстан азаматтарымызға жекеменшікке жер алуға рұқсат беру керек. Бірақ нақты шарттар болу керек, осы жерде ұсыныс тасталды, жерді жекеменшікке алудың алдында 5 жыл пайдаланған болу керек. Марат Шибутов дұрыс айтты, жерді тегін беруіміз керек.

Жерді тегін бермек түгілі мүлдем сатуға қарсы шыққандар да болды. Өйткені, жер алыпсатарлардың қолына түсіп кетуі мүмкін.

Мереке Құлкенов, жазушы:
Қазақтың жерін саудаға салуға болмайды. Ертең бір бай келеді де сатып алады, сонда қалған адамдар қайда қалады, соған ақылым жетпейді. Ол ешқандай ақылға сыймайды, түсінбеймін.

Жер еміп, ауыл аймақты асырап, жұртқа жұмыс беріп отырған шаруалардың пікірінше, жерге салынған шығын 10 жылда ақталмайды. Сондықтан, ұзақ мерзімге жалға беруді де және жекеге сатуды қалдырған дұрыс. Халық қалтасына қарай қалағанын істейді.

Саха Манатов, шаруа қожалығының басшысы:
Қазақстандықтарға жалға берілген жерлерді сатып алу мәселесі, ол дұрыс. Өйткені оны сатып алсақ, бізге мүмкіндік тудырады, жерге сұраныс көбейеді, жерді құрметтей бастаймыз.

Қайрат Бейсетаев, картоп және көкөніс өсірушілер одағының президенті:

Жекеменшікке берумен қатар, жалға беруді де қалдыру керек. Өйткені, бұл нарықтың талабы. Ауыл шаруашылығы өте үлкен қаражатты талап ететін, өтеуі ұзақ, әрі ауа райына бағынышты сала. Сондықтан, 49 жылға жалға беруді де, сатып алуды да қалдыру керек.

Кешегі жиында көтерілген мәселе енді жұмыс топтарында сараланады. Сосын комиссияның кезекті отырысында тағы пысықталады.

Маралбек САҒЫНҒАНОВ

Хабарламаларға жазылу