Өзбек елімен ежелден етене жақындастыратын дүниенің бірі түбі бір түркі туыс екендігіміз. Алайда, түрлі себептермен ала шапанды ағайынмен арада алыс-беріс пен барыс-келістің бірде бәсең тартып, енді бірде екпін алғаны есімізде.
Ендеше бір аймақты кең жайлап отырған көрші елдердің болашақтағы қарым-қатынас көкжиегі қалай болмақ, деген сауалды студия қонағымен бірге сараптап көрсек. «Аптаның» алаңына арнайы келген қонағымыз - ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов мырза.
Айталық, Өзбекстанның Ресейге, Қытайдың батыс және шығыс аймақтарына шығар төте жолының жоқтығын ескерсек, оңтүстік ағайындарымызға транзиттік - транспорттық логистика қызметін ұсынуға әбден болады. Батыс Қытай - Батыс Еуропа транспорт торабына да біз арқылы шыға алады.
Біріккен кәсіпорындар ашып, жеңіл өнеркәсібімізді жандандырудың да қисыны келіп тұрған секілді. Оған бәлендей шығынның қажеті де жоқ. Бұл шаруаны Шымкент қаласының түбінде 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Оңтүстік» атты арнайы экономикалық аймақтың негізінде ұйымдастыруға болады және мұндай бірлескен кәсіпорындарды ашуға алдымен өзбек ағайындарымыз мүдделі.
Себебі, әзірге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бола қоймаған Өзбекстанға өз тауарларын баж салығынсыз Ресей мен Беларусь нарығына шығаруға мүмкіндік туады. Өз кезегінде сол кәсіпорындардың айналасында ондаған қазақстандық шағын бизнес кешендері өз ісін дөңгелетіп әкетер еді.
Ал, дайын өнімді сол Ресей мен Қытайдың өзіне неге шығармасқа?! Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынастың қарқынды дамуы екі жаққа да тиімді. Олай болса, бұл келіссөздер нәтижесіз қалмайды деуге негіз бар.