Биыл Қазақстан бірнеше халықаралық ауқымды шара өткізеді. Бірінші кезекте олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. Осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы Дубай мен Баку сапарлары арасында Ақордаға қайта оралып, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қабылдады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық шараларға мемлекеттер мен үкімет басшылары, сондай-ақ, шетелдік және жергілікті туристер көптеп келеді деп жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Осыған орай, сол іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудару керек», - деді. Сонымен қатар, басқа елдерде болып жатқан террорлық актілерге тоқталған Президент ондай жайттарға жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізіп, шетелдердегі әріптестермен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін айтты. Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы терроризм және діни экстремизммен күрес Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, басқа да құқық қорғау органдарының ұдайы бақылауында екендігін атап өтті.