Апта басында Ақтөбе облысында сұйық газдың тапшылығы байқалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Апта басында Ақтөбе облысында сұйық газдың тапшылығы байқалды

02.04.2017

Газ құю бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектердің көріністері әлеуметтік желіде жедел тарап, Үкімет басшысына дейін жетті. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жауапты басшыларға қатаң ескерту жасаған соң мәселе бірер күннің ішінде-ақ шешілді. Сонда тапшылықтың табанында не жатыр? Егерде ішкі нарықтың сұранысы дұрыс есептелмесе, онда әрине, соған қатысты құзырлы органдар жауап беруі тиіс. Ал, егерде бұл қолдан жасалған тапшылық болса ше? Ондай күдіктің себебі де жоқ емес.

Елімізде біресе жанар-жағармай аяқ астынан жоғалады, біресе, жоқ жерден дүкен сөрелерінен азық-түліктің кейбір түрлері ізім-ғайым жоқ болады. Артынша бәрі қалпына келеді, әрине. Тауарлар да қайта пайда болады. Бірақ, бағасы едәуір өскен күйінде.  Ірі кәсіпкерліктің қомақты табыс үшін осындай әрекеттерге баруына кім тосқауыл болады?

Негізі, кәсіпкерліктегі мұндай алаяқтық экономикалық диверсияға пара-пар. Себебі, сайып келгенде зардап шегетін алдымен қарапайым халық. Олай болса, мұндай қадамға барған кәсіпкерлерді де жауапқа тарту керек шығар. Ал, оларға қандай жаза қолдануға болады? Оны біз хабарымыздың алдағы шығарылымдарының бірінде бизнес-омбудсмен Болат Палымбетов мырзамен талқылайтын боламыз.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу