Аман Төлейев 1997 жылдан бері Ресей Федерациясы Кемер облысының губернаторы. Саяси қайраткер, технология ғылымдарының докторы. Еңбек жолын Кемер облысында теміржолшы болып бастаған.
Жәмиля Стехликова 2007-2009 жылдар аралығында Чехияның Адам құқықтары және шағын ұлттар мәселесі жөніндегі министр қызметін атқарып, Адам құқықтары жөніндегі кеңестің төрайымы болған. Ол 1962 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Әлемді мойындатқан тағы бір қазақ қызы - Гүлжан Молдажанова. Американың Forbes журналы жариялаған «Әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің» ішінде Гүлжан Молдажанова 37-орынға шыққан. Рейтинг бойынша ол Джордж Буштың жұбайы Лора Буш пен Ұлыбритания ханшайымы Елизавета ІІ-ні басып озған. Алматыда туған Гүлжан Молдажанова қазір Ресейлік «Базовый элемент» холдингінің бас директоры.
Ақпар Мәжит Қытайдағы қазақ жазушысы. 25 жасында Қытайдың мемлекеттік сыйлығын алған жалғыз қазақ. Ол Абай шығармашылығын қытай тіліне аударған.
Ілияс Сақа 1999-2004 жылдар аралығында Түркиядағы Зейтумбурну ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 1962 жылы Маниса қаласының Сальехли елді мекенінде дүниеге келген.
Әлжан Жармұхаммед - қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы. КСРО-ның еңбек сіңірген спортшысы 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиада ойындарында баскетболдан алтын медаль жеңіп алған қазақ.
Моңғолияда өткен бүркішілер сайысында бас жүлде алған қазақтың қызы Айшолпан Нұрғайып Батыста әп-сәтте танымалдылыққа ие болды. Айшолпан Моңғолия елінде тұрады. Қазақ қызы туралы АҚШ-тың белгілі студиясы деректі фильм түсіргеннен кейін ол Голливудтың кішкентай жұлдызына айналған.
Ал, алғашқы үштікке Мұстафа Өзтүрік, Қажығұмар Шабданұлы, Халифа Алтай енді.
Мұстафа Өзтүрік таеквондодан қара белбеудің 6-шы Дан иегері. Бірнеше елде соның ішінде Алматыда да өзінің таеквондо мектебін ашқан.
Ал, Қажығұмар Шабданұлы саналы ғұмырының 30 жылдан астамын абақтыда өткізген жанкешті жазушы. Шыңжаң өлкесінде Қазақ-қырғыз ұйымын басқарған.
Ал, осы рейтингтің көшін Халифа Алтай бастайды. Ол ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Қытайдан қуғын көрген соң, Пәкістанды паналайды. Сол жерде жүріп, араб, урду тілдерін меңгереді әрі Қытайдан көшіп келген қандастардың қоғамын құрған.