Қазақ дипломатиясына - 25 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ дипломатиясына - 25 жыл

09.07.2017

Енді ғана Тәуелсіздік алған Қазақстан үшін ішкі экономикалық ахуал өте нашар еді. Бірақ, сол кезде уақытты созбай қатар алып жүретін тағы бір шаруа бар. Ол – сыртқы саясат. Өйткені, Қазақстанның географиялық орны соған мәжбүрлейді. Қытай мен Ресей сынды алыптар ортасындағы кең-байтақ даласы, минералды ресурстарға бай жері және оңтүстігінде шебі бекімеген, шуы басылмаған елдер тұрғанда, сыртқы саясаттағы жұмысты бір сәтке де тоқтату мүмкін емес еді. Оның үстіне, әскери күш-қуаты жетілмеген елді тек қана жетік дипломатия ғана жеңіске жеткізе алады. Нәтижесінде соңғы ширек ғасырдың жұмысында негізгі міндеттер орындалды.   

Қазақстан әу бастан ашық саясат жүргізді. Ел ішінде де түрлі шектеулер болған жоқ. Жаңа заманға лайық қоғамды қалыптастыру үшін заңдарын түзеді. Осының арқасында Қазақстанмен байланыс орнатамын деген түзу ниетті елдердің қатары көбейді. Барлығын құшақ жая қарсы алды. Өзімізде сауда-экономикалық байланысты нығайту жолында ондаған мемлекетте елшілік аштық. Қазір сол шетелдердегі қазақтың әрбір мемлекеттік үйімен мақтана аламыз. Өйткені, осы уақытқа дейін ешбір қазақтың табаны жетпеген жерлерге жеттік. Әр елде көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамызға да орын берілді.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу