Осы аптада Ақтөбе «Туған жер» республикалық жерлестер форумын өткізді. Арысы – Америка, берісі ТМД елдерінен келген 300-ден астам мейманның басын қосты бұл жиын. Барлығы да Ақтөбе өңірінен шыққан жақсылар мен жайсаңдар. Мақтауға да, мақтануға да тұрарлық. Мұндай басқосуды еліміз бойынша Ақтөбе облысы бірінші болып бастады. Форумның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова да барып қатысты.
Вице-министрлер, өзге облыстардың әкім орынбасарлары да мәртебелі меймандар қатарында болды. Өз облыстарында осы тәрізді форум өткізу үшін тәжірибе жинау бар ойларында. Жерлестер форумының аясында 100-ден астам кездесу, семинар, тренингтер ұйымдастырылды.
Жерлестер форумының аясында жалпы құны 74 млрд. теңге болатын 6 құжатқа қол қойылды. «Туған жер» форумының қорытынды кеші Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өтті. Ауқымды шарада 4 жарым мың әртістің қатысуымен театрландырылған көрініс қойылды. Салтанатты кеш Ақтөбеден шыққан өнер иелерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
Райгүл ЕНШІБАЙҚЫЗЫ